Медет САЛЫҚОВ, сазгер, Президент оркестрінің әншісі: ҚАЗАҚЫ ИІРІМІ БАР ӘНДЕР ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ

0 551

Қазіргі хитке айналған ≪Жібек сезім≫ – сіздің алғашқы сазгерлік қадамыңыз. Әннің шығу тарихы туралы айтсаңыз?
Әскен ҚАЖЫМ, мұғалім

Басында ел мені «Аламан» тобының әншісі ретінде таныса, «Жібек сезім» әні шыққалы аты-жөніммен біле бастады. Өкінішке қарай, кейінгі кезде әншілеріміз шет елден ұрланған немесе соған өте-мөте ұқсайтын әуендерге әуес боп алды. Қазақы иірімі бар ән жазғым келді. Көп қиналған жоқпын. Себебі, менің оқыған оқуым халық әні болғандықтан ба, халыққа ұнаған сияқты. Сөзін белгілі ақын Қалқаман Сарин жазды. Осы әнді жазарда көп уақыт ақылдасып, жарыққа шығардық. Кейбір әттеген-ай деген жерлері де болды. Қалқаман әндегі «жанымнан жырақ кеттің, жылытып жат құшағын» деген жерін жанымнан жырақ «кетпе» деп өзгертпекші болды. Бірақ ол кезде әнге бейнебаян түсіріліп қойған болатын. Кейбір тыңд армандар осы сөзден «астар» іздеп жатады.

Өмірлік жарыңыз, әнші Клара Төленбаевамен қалай таныстыңыздар?
Сара АСЫЛБЕК, студент

Клара екеуміз Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда Бекболат Тілеухан ағамыздан білім алдық. Таныстығымыз сол жерден басталып еді. Біз отбасын құрағанда ұстазымыз қатты қуанғаны есімде.

Сіздерде ≪Отбасында бір өнер адамы болса жетеді≫ деген пікір жоқ па?
Айдана СЫДЫҚОВА, дәрігер

Олай болған болса Клараны қазір ешкім танымас еді ғой. Ұлттық мәдениетімізде ерекше орны бар, дәстүрлі әннің мектебін жалғастырып жүрген Клараны жарыққа шығармау – мен үшін қиянат болар еді. Сондықтан, ә р қ а ш а н қ о л д а п отырамын. Жалпы, үйде екі өнер адамы болған аса қиындық туғыза қоймайды.

Сазгер, әнші ретінде шығармашылық кеш өткізу немесе ән жинақ шығару ойыңызда бар  ма?
Марат ҚУАНЫШОВ, студент

Иә, ондай ойлар бар. Бірақ ертерек сияқты. Әлі де болса еңбектену керек. Игіліктің ерте-кеші жок.

≪Аламан≫ тобы қашан, қалай құрылды? Жалпы, дәстүрлі бағытты ұстанатын топ құру кімнің идеясы?
Самал ДАНАШЕВА, кітапханашы

Топтың құрылғанына 9 жыл болды. Біздің репертуарымызда дәстүрлі және  ретро әндер көп. Себебі, өзіңіз айтпақшы өнеріміз ұлттық бояуға бағытталған. Эстрада шеттен келген өнер саласы болса, соны үйреніп, біздің этносымызға жақын формасын жасап, өңдеп,  тыңдарманға ұсыну керек сияқты. Мысалы, өзбек, үнді халқының эстрадалық әндерінен сол ұлттың иісі аңқып тұрады. Жақында Түркия жерінде болған едік. Сол жердегі бір адамдар бізге «сіз жақтың эстрадалық әндері орыстардың әніне ұқсайды» деп, қойып қалды. Біз ойланып қалдық.

≪Аламанның≫ ақберені Нұрболат топтан неге кетті?
Гүлнұр КЕРІМБАЕВА, оқушы

Нұрболат өте өнерлі жігіт. Оның әр түрлі халықтың әндерін айтқанына біраз жұрт тәнті болған. Жеке шығармашылығын бастағысы келген шығар. Қазіргі уақытта өзінің жары Анармен қосылып ән шырқап жүр. Топқа жаңадан келген Еркебұлан кәсіби білімі бар әнші азамат. Қазір Президент оркестрінде бірге қызмет жасаймыз.

≪Аламан≫ тобын ұжымдық концерттерде көп көре бермейміз. Бұған не себеп?
Дәрия ДАСТАНОВА, оқырман

Көптеген концерттер мен телевизиялық шоу бағдарламалар Алматы қаласында өтеді. Астана мен Алматының арасында жиі жүру кімге болсын қиынға түсері анық. Бірде болмаса, бірде бара алмай жатамыз. Міне, осындай себептер өнер жолымызға қиындық туғызып келді. Бұйыртса, Астана мәдениеттің ортасы болатынына кәміл сенемін.

Әке де, ана да өнер жолында. Ал, балаларыңыздың өнерге икемі бар ма?
Күлән ЖАҒЫПАРОВА, зейнеткер

Балаларым өнерден құр алақан емес.Үлкен қызым Ақкербез – республикалық бірнеше байқаулардың жеңімпазы. Екінші қызым Айкерім – балабақшада. Әнді тамаша айтады. Кішкентай ұлым Нұрсаматтың да музыкаға икемі бар.

Өнердегілер өздері жүрген салаға жастарды әкеліп жатыр. Сіздің шәкірттеріңіз бар ма?
Самат АҚЖАНОВ, оқырман

Бір кезде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әннен сабақ бергенмін. Сол жердегі бірнеше шәкіртім қазір өнер саласында қызмет етіп жүр.

Жазғы демалысты қалай өткізіп жатырсыздар?
Гүлдана МАҚАТОВА, экономист

Жаз шыға ауылға тартам. Туған жер ыстық қашанда. Тарбағатай, Өкпекті тауының самалын иіскемей, көңіл көншімейді. Жақында туған жеріме арнап ән жаздым. Сөзін белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин жазды. Секең екеуміздің кіндік қанымыз бір жерге тамған.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 18 =