Медет САЛЫҚОВ: БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘН ЖАЗСАМ ДЕП ЕМ…

0 238
Медет Салыков
Медет САЛЫҚОВ, сазгер, Президент оркестрінің және «Аламан» тобының әншісі

Өнер жолына тұңғыш қада­мыңыз қалай басталды? Сіз өнер көрсеткен алғашқы үлкен сахна есіңізде ме?

– Негізінен, менің бойыма өнер атаулысы ананың ақ сүтімен, атаның қанымен келген десем болады. Нағашы жұртым да, өз жұртым да өнерден кенде емес. Алғаш қолыма домбыра ұстатқан әкем еді. Мандо­лин, күйтабақтар сатып әперді. Мені баптап, баулыған сол кісі. Алғашқы өнер жолымды мектеп сахнасынан бастадым. Ал алғашқы өнер көр­сет­кен ең үлкен сахнам – туған жерім Аягөз ауданында. Наурыз мерекесіне орай өткен кеште барлық совхоздардан жиылған жұртшылық алдында ән салғаным есімде.

– Сізді сезім пернесін басқан сазгер ретінде белгілі ақын Қал­қа­ман Сарин жазған «Жібек сезім» әніңізден кейін тани бастадық. Серікзат Дүйсен­ға­зиннің сөзіне жазылған ән­де­ріңіз де бірталай. Мұнан өзге тағы қандай ақындарға сөз жаздырасыз? Әндеріңізге сөзді қалай таңдайсыз?

– Мен тек қана Қалқаман мен Серікзаттың өлең­де­рімен ғана шектел­меймін. Өзге де көптеген ақын­дармен шығарма­шылық байланыстамын. Арнайы тапсырыс бермесем де, кітаптарына қа­рай­мын. Ерғожа Ті­лепбердиевке, жас ақын әрі өзімнің жер­лесім Жұлдызай Ысқаққа біраз ән­деріме сөз жаздырып жүрмін.

– Бір кездері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде әннен сабақ берген екенсіз. Оқытқан шәкірт­теріңіздің қандай жетістік­терімен мақтана аласыз?

– Ол  жоғары оқу орнында дәстүрлі әндерге баулитын сыныпты Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ашқан еді. Алайда, көп ұзамай жабылып қалды. Сондықтан университетте небәрі 2-3 жыл ғана әннен сабақ бердім. Ондағы шәкірттерімнің біреуі өнер саласына, екіншілері басқа мамандыққа бет бұрды. «Жігіт сұлтанына» қатысып, өнерімен елге танылып жүрген Ердос деген шәкіртім бар. Жалпы, ауыз толтырып айтарлықтай көп шәкіртім жоқ. Өзім сахнада жүргеннен кейін, екіжақты болмайын деп, бұл мәселені алдағы жылдардың еншісіне қалдырып отырмын, кейін уақыты  келер.

– Балаларыңыз сіз­дер­дің жолдарыңызды қуға­нын қалар ма едіңіз?

– Қазір балаларым кішкентай ғой. Есейгеннен кейін олармен санаспауға болмайды. «Жоқ, сен осы салаға, сен мынау салаға барасың» деп айта алмайтынымыз анық. Қыз балаға өнер жолы ауырлау болады. Оны өзім байқап та жүр­мін. Жолдасым Клара да өнер адамы. Жүрек түкпірі қаламай тұрса да, балаларымның таңдауы өнер болса, қарсылық білдірмеймін. Таңдауды өздерінің еншісіне қалдырамын.

– Бір сұхбатыңызда Түркияда болғаныңызды айта келіп, «Түрік­тер «қазақ халқының эстра­далық әндері орыстардың әніне ұқсайды» деп қойып қалды» деген екенсіз. Сіздіңше, мұндай пікірдің тууына не себеп болды?

– Себебі, еліміз жетпіс жыл бойы Кеңес одағының боданы болып келуі мәдениетімізге әсер етпей қоймады. Орыс мәдениеті біздің мәдениетімізге аз да болса сіңісті. Мен дәстүрлі әннің де, эстрадалық әннің де қандай екенін білемін. Өйткені, зерттедік, сараладық. Шыны керек, эстрадалық әндер орыстардың әніне ұқсайды. Қа­зіргі таңда тіптен теледидардағы бағ­дар­ламалардың өзі көрші Ресейден алынады емес пе? Моңғолияның эстрадалық әні бізге мүлдем ұқ­самайды. Олар неге орыстан алмайды? Олар да әуелде Ресейдің ықпалында болды ғой. Өйткені, моңғолдар әндерін Еуропадан алады да, ұлттық калоритін қосып, мүлдем басқа жаңа дүние шығарады. Ал бұл бізге енді-енді келе жатыр.

– Шыны керек, бүгінгі таңда шетелдің әнін қазақша сөйлететін әншілер көбейіп кетті. Сіздің репертуарыңызда мұндай әндер кездесе ме?

– Рас. Ондай әндер қазір көп. Бірақ өзім дәл бұлайша әнге «жиендік» жасап көрмеппін. Расында, кейбір әндер қазақтың төл әні сияқты сәтті шығып жатады. Мысалы, поляктің «Тоқтаңыз, сұлу қыз, су іздеген» деген әні қазаққа әбден сіңіп кеткен. Қазақтың табиғатына келіп жатса, шет елден көшірілген әндер төл әніміздей болып кетуі мүмкін. Бұл, әрине, жақсы. Ал біздің табиғатымызға, менталитетімізге жат дүниелер көшіріліп жатса, онда оның қажеті жоқ.

– Алдағы уақытта қандай бағытта ән жазғыңыз келеді?

– «Жазылмай қалды-ау» деген дүние көп. Сазгерлерімізге құлаққағыс – бүгінгі уақытта балаларға арналған әндер қа­лыс қалып жатыр. Ондай әндерді жазу да оңайға соқпайды. Былай алып қарасаңыз, айтуға оңай, жеңіл сияқты көрінеді. Ал, шындығында, балаларға арнап ән жазу – қиын дүние. Сондықтан болу керек, сазгерлер бұл тақырыпқа бара бермейді. Менің репертуарымда Қарақат Әбілдинаның орындауындағы «Құлыншақ» деген әнім бар. Балаларыма үйретіп жүрген әндерім бар. Бірақ, аз. Міне, соны қолға алғым келіп жүр. Алдағы уақытта патриоттық, балаларға арналған ән жазсам деймін.

– Белгілі әнші Жаңабай Өте­ге­новтің орындауындағы «Аяла» әні тыңдармандардың көңілінен шығып, хитке айналды. Бұл туынды қалай дүниеге келді?

– Бұл ән белгілі оқиғаға байланысты туған жоқ. Шабытым тасып, көңіл-күйім болған сәтте дүниеге келген әннің бірі. Жаңабай «Әндеріңізді қарайыншы» деп келген сәтте, көңілі осы «Аялаға» бұрған еді. Ол кезде әнші көпшілікке танымал емес-тін. Енді ғана университет бітірген шағы. Маған оның өнерге деген құштарлығы қатты ұнады. Бұл әнді басқа да белгілі әншілерге беруге болатын еді. Бірақ мен Жаңабайдың еңбекқорлығына тәнті болдым. Ол ойымдағыдай шырқап, хитке айналдырды.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген:
Айгүл
ӨЗЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 9 =