Індетті бірлікпен жеңеміз!

13 шілде COVID-19 індетінің құрбаны болған азаматтарды еске алу үшін Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.13 шілде COVID-19 індетінің құрбаны болған азаматтарды еске алу үшін Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық отбасы қауіпті індеттің зардабын тартуда: әр үйде біздің танысымыз, көршіміз, досымыз, әріптесіміз және туысымыз осы дерттен айықты немесе қазіргі кезде кеселмен күресуде. Ондаған мың адам жұқпалы ауруды жеңіп, сауығып кетті. Бірақ, өкінішке орай, медицина және адамның ағзасы сырқаттың зұлымдығына әрқашан қарсы тұруға қауқарсыз: жұқпалы індеттің салдарынан 200-ден аса қазақстандық қайтыс болды. Бұл марқұм болғандардың туған-туыстары үшін ғана емес, біздің қоғам үшін ауыр қаза. Кеселдің құрбаны болғандардың арасында – соңғы айларда індетпен алдыңғы шепте айқасып, мыңдаған адамның өміріне араша түскен, бірақ өзінің денсаулығы үшін күресте аурудың алдында дәрменсіздік танытқан медицина қызметкерлері де бар.

Осынау қайғылы күндері елдің басына түскен зор қасіретті сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда Ұлттық аза тұту күні індеттің құрбаны болған отандастарымызды қайғырып, еске алу, рухына құрмет көрсету, көз жұмған дәрігерлердің отбасыларына көңіл айту мен қолдау көрсету – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

COVID-19 індеті күллі әлемдегі жүз мыңдаған адамдардың өмірін үзді. Барлық елдердің үкіметтері, дәрігерлері және қарапайым азаматтары бұл кеселге қарсы күресте барлық күш-қуатын жұмылдыруда. Біздің еліміз де бұл істен шет қалмай, індетті женіп, құрбандардың санын өсіруге жол бермеу үшін қолдан келетін іс-шаралардың бәрін жүзеге асыруда. Бұл күресте бірлік пен табанды көңіл-күй аса маңызды, сары уайымға салынып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Біздің әрқайсымыз осынау күрделі кезеңде өзіміздің жақындарымызға тірек болып, қолдау көрсетуге тиіспіз. Өйткені, өзгелерге көмек беру арқылы біз барлық қиындықтардың алдында күшті, табанды бола түсеміз.