МАЗМҰНДЫ МӘДЕНИ ОҚИҒА

0 16

Айтулы шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Қазақстандағы елшілері және Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөз алған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл күннің қазақ және өзбек әдебиеті ғана емес, тұтас түркі жұрты үшін маңызы зор екенін айтты.
– Абай қазақтың ғана ақыны емес. Ол – барша адамзатқа ортақ ғұлама. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те артық бола қоймас. Шығыс шайырларының дара тұлғасы, ежелгі түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науаидің еңбегін қазақ тіліне аударуды маңызды оқиға деп қабылдаймыз. Бұл – қазақ әдебиетіне қосылған құнды үлес. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, екі бірдей кемеңгердің еңбектерін қатар аударудың символикалық мәні бар, – деді Сенат төрағасы.
Салтанатты шара кезінде Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов және ақын Несіпбек Айтұлы сөз сөйлеп, мұндай шаралар түркі әлемінің ынтымағын нығайта түсетінін жеткізді.
«Хамса» – Әлішер Науаидің әйгілі бес дастаннан тұратын еңбегі. Қазақ тілінде жарық көрген кітапқа «Ләйлі-Мәжнүн» және «Ескендір қорғаны» атты екі дастан енген. Бұл шығармаларды көне өзбек тілінен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы аударды. Асқан шеберлікпен аударылған жауһар туындылар бауырлас екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстардың алтын көпіріне айналары хақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =