©2020 Астана Ақшамы
Мәжіліс депутаттарының есімі белгілі
10 қаңтардағы сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске өткен саяси партиялар өз үміткерлерінің тізімін жариялады.
Әуелі Nur Otan партиясы атынан Мәжіліс депутаты болатын 76 адамның тізімі жарияланды. Партияның Мәжілістегі фракциясының құрамы 70 пайызға жаңарды. Фракция құрамының орташа жасы – 49, яғни 4 жылға жасарған. Тізімдегі 36 үміткер – праймериз жеңімпаздары, 40 үміткер Саяси кеңес бюросының квотасы бойынша бекітілген. Партия фракциясының жаңа құрамының 40 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады. Nur Otan-ның Мәжілістегі депутаттық корпусына негізінен білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардың өкілдері енді. Депутаттыққа үміткерлердің тек 7-еуі – бұрынғы мемлекеттік қызметкер, яғни фракция құрамында олардың саны 10%-дан аспайды.
Сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің пленумы өтті. Онда Мәжілістің жетінші шақырылымындағы депутаттарды сайлау қорытындылары талқыланып, депутаттық мандаттар бөлінген. «Ақ жолдың» үміткерлерінің саны – 12. Ал сайлау додасына 125 үміткерін ұсынған Қазақстан халық партиясы Мәжілістегі 10 өкілінің есімдерін жариялады.