©2020 Астана Ақшамы
МӘУЛІТ – МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ
Мәуліт – ақырғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген күні. Ол адамзат тарихының дамуын күрт өзгертіп, рухани әрі қоғамдық салада ең ұлы төңкеріс жасады. Адамдардың ой-санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады. Соңғы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, күллі адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешіруде еді. Жер жүзі халықтары наным-сенім тұрғысынан бір-біріне кереғар топтар мен тайпаларға бөлініп, жік-жікке ыдырады. Адамгершілік қадір-қасиет аяқасты етіліп, күштілер әлсіздерге күн көрсетпей, табанына салып езумен болды.
Византия, Рим, Үндістан, Месопотамия, Мысыр, Қытай сияқты көне мәдениет ошақтарында қоғамдық діни ахуалдың тым мүшкіл болғанын діндер тарихы да растайды. Міне, осындай қараңғы дәуірде Аллаһ Тағала сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндетті жүктеді. Мейірім мен мейірбандықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш етсін деп оны күллі әлемге рақым етіп жіберді.
Құран-Кәрімде «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» деп айтылған. Аллаһ елшісі бұны бүкіл ғұмырымен тамаша түрде жүзеге асыра білді. Екі жиһан Сұлтанының рақымдылығы – тек адамзатты ғана емес, барлық болмысты қамтыған және әлі де қамтып келе жатқан, бұдан кейін де қамти берер терең сүйіспеншілік.
Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Достары түгілі, дұшпандары да одан тек қана жақсылық пен ізгілік көрді. Ол адамдарға мейірімділік пен жанашырлық дәнін еге білді. Олардың мәңгілік бақыты үшін бір орнында дамыл таппай, үнемі талмай-жалықпай тура жолға шақырумен болды. Оларға жаны ашығаны соншалық, тіпті, өз жанын құрбан етуден де аянбады. Құран-Кәрімде Аллаһ оның аптыққан, асыққан көңілін басып, жиі-жиі «Олар Құранға сенбейді деп қатты күйзеліп өзіңді жеп бітіре жаздайсың» дейді.
Қасиетті Мәуліт күні Пайғамбарымызды жүректерінде қайта жаңғыртып, оған (с.ғ.с.) сансыз сауяуат айтып, сәлем жолдайды.
Мәуліт амалының ең бастысы – адамдардың бір жерге жиналып, Құраннан білген сүрелерін, оның ішінде ислам дінінің бастапқы қалыптасу кезеңіндегі жағдайлар мен оқиғаларға, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуіне байланысты түскен аяттарды дауыстай оқиды. Жиналған мұсылмандар ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні оған деген өз сүйіспеншілігі мен жүрекжарды қуанышын білдіргені үшін сауап алады.
Адамдар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге қалай келгені және өмір жолы, қызметі жайлы тәлімі мол ғибратты әңгімелерді естіген уақытта оған (с.ғ.с.) орындарынан тұрып, құрмет көрсетеді.
Егер мұсылмандар нендей де бір істі бар ділімен ұнатса, онысы Алла алдында да сүйкімді де ұнамды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі бұл пікірді толығымен қуаттайды. «Мұсылмандар жақсы көрген нәрсе Алланың алдында да жақсы». Қазір мұсылмандар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін тойлауды және де онда салауат айтылғанда орындарынан тұруды да жөн көреді.
Ұлық пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін тойлауға рұқсат берілген, ал оған қатысқан адам сауап алады. Пәтуада оған мынадай рұқсат келтірілген «Ей, тура діндегі бауырларым! Расулаллаһтың (с.ғ.с.) хадисіне амал етуіміз бізге уәжіп». Пайғамбарымыз: «Мен сендерге екі нәрсені қалдырдым, егер оны мықтап ұстаңдар, менен кейін ешқашан адаспайсыңдар. Ол Алланың кітабы және менің сүннетім». Бізге Аллаһтың пенделеріне Құранды, оның тәпсірін және де Расулаллаһтың (с.ғ.с.) хадистерін оқып тәлім алуымыз, бізге бұйырған нәрсеге амал етіп, рұқсат бермегендерінен тыйылуымыз уәжіп.
Бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген сүйікті елші ең үлкен дүғасын ақыретке сақтаған. Ізіне ерген үмбетіне ақыретте шапағат етеді. Біз жолдаған салауат пен сәлем күнәһар болған күннің өзінде оның шапағат етуіне себепкер. Пайғамбарымыз өзі де менің шапағатым – үмбетімнің арасынан ең үлкен күнә жасағандарға» деген жоқ па еді?! Ол үшін Пайғамбарымызға деген жүрегімізде сәл де болса махаббат болуы шарт. Алла Тағала біздің жүрегімізге терең иман, пайғамбарымызға деген махаббат сыйлап, оның үмбеті болуға лайық қылсын. Ақыретте оның желбіреген ақ байрағының астында жиналып, кәусар бұлағынан ғана ішуді нәсіп етсін! Әумин!
Мағзұм Жабигенов