МӘУЛІТ МЕЙІРІМІ

0 181

RN8A7599

«Қазақстан» орталық концерт залында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туған күніне орай «Адамзаттың абзалы» атты рухани Мәуліт кеші өтті. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған кешке қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, елшілер, қала қонақтары мен тұрғындары – қалың жамағат қатысып, залда ине шаншар орын қалдырмады.

Кеш басталмай тұрып-ақ концерт залына енген беттен жұрт мерекелік көңіл-күй ауанына бөленді. Бір-бірін Мәуліт мерекесімен құттықтап, мәре-сәре болған жамағатқа ұйымдастырушылар арнайы гүл шоқтарын таратып, қуаныштарын еселей түсті. Дәлізге ілінген ҚМДБ-ның ағымдағы жылы атқарған жұмыстарынан хабар беретін ақпарат тақтасы қонақтарға діни басқарманың тындырған істерімен танысуға мүмкіндік беріп, жамағаттың көңілін толтырды.
Пайғамбарымыз Мәуліт түнінде сахабаларға дәм беріп, бала кезінде бастан кешкен уақиғалары туралы ғибратты әңгімелерді айтатын. Хазіреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған уақытта да сахабалардың арасында Мұхаммед (с.ғ.с.) туған сәттегі ғажайыптарды еске алатын. Әлемнің соңғы пайғамбары рабиуләууәл айының 12-сі, дүйсенбінің түнінде Меккеде дүниеге келген. Сондықтан Мәуліт түні пайғамбарымыз туған кезде байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты амал болып саналады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. «Мәуліт оқу» – пайғамбардың дүниеге келуі, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіріп, мадақтау дегенді білдіреді.
Көрерменді иман нұрына шомылдырған осы кеште де пайғамбарымызға сан салауат айтылды. Кеш шымылдығы ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтау сөзімен ашылды. Мәуліт мерекесінің мән-маңызына тоқталған бас мүфти жиналған қауымның асыл дініміз бен пайғамбарымыз жайлы білімін арттыруға септігін тигізді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады. Елордадағы дін қызметкерлерін баспанамен қамту жайы оңтайлы шешімін тауып келе жатқанын айтты.
ҚМДБ-ның жанынан құрылған «Хикмет» телерадиостудиясы сәуір айында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай деректі фильм­дер байқауын жариялаған болатын. Салтанатты кеш барысында осы байқауға төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы, белгілі ғалым Намазалы Омашевқа сөз беріліп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Байқаудың бас бәйгесіне «Бақорда» студиясының Қалжан ахун жайында дайындаған тарихи фильмі лайық деп танылып, студия жетекшісі Мәди Манатбекке 1 000 000 теңге сертификаты табыс етілді.
Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин пайғамбарға арнау айтып, жұрт ықыласына бөленді. Құрмаш Маханов, Ерлан Рысқали, Сержанәлі Әлібек және «Хира» тобы сынды әншілер мен «Тағылым тамшылары» атты діни-рухани балалар театрының орындауындағы діни әндер мен тағылымды жырлар жұртшылықты бейжай қалдырмады. Әзіл-қалжыңымен елге таныс «Өнер қырандары» теа­тры бұл кеште салмақты қойылым қойып, көрерменді ойға батырып, шүкіршілік етудің, достықтың қадіріне жетудің қасиетін түсіндірді. Ардақты пайғамбарымызға деген махаббатты арқау еткен қойылымдар көрермендерді тебірентті.
Кеш соңында Алла елшісінің өмір жолы жайлы Мәуліт жыры оқылып, көрермендер қосылып айтып отыруы үшін экраннан салауат мәтіні берілді. Екі жарым сағаттан астам уақытқа созылған рухани кеш халықтың иманын күшейте түсті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 3 =