МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК ( деректі фильм «Ғұмырдария» )

0 311

Жаманбай батырдың жетінші ұрпағы Тобағабыл бидің шаңырағында 1934 жылы дүниеге келген Әбдібек ақсақал өз ғұмырында талай асулардан асып, көп қиындықтарды бастан өткерді. Әкесі Абылай аудан, ауыл көлемінде басшы қызметтерде болып, 1937 жылдың аяғы, 1938 жылдың басында Майдамтал колхозында кәсіподақ төрағасы қызметін атқарып жүргенде «халық жауы» деген жаламен ұсталады. Сол кезде анасы Шәрипа қос баласын жетектеп, күйеуін түрмеге іздеп барады.

Алайда отағасына жолықтырмақ түгіл, қолындағы мылтығымен түйреген НКВД жендеттерінен көр­ген қорлығы жас ананы қатты қапа­ландырып, көп ұзамай іш құса болып көз жұмады. Ал үш жасар Әбдібек пен бір жастан асқан Жақсыбек екеуі қарт әжесі Тұрардың қолында өседі. Ата-анасыз қалған қос бүлдіршін еңбекке ерте араласып, колхоздың қойын бағып, егінін егеді. Әжесі қой са­уып, сүтін колхозға өткізеді. Олардың әкесі соғыс басталардың алдында босап шығады. Бірақ қос бүлдіршіннің қуанышы көпке созылмай, әкесі майданға алынып, содан хабар-ошарсыз кеткен. Әкелері Абылай Бейсенов тек 80-жылдардың басында ғана ақталып, «халық жауы» деген жаладан арылады.
Орталық комитетінің шешімімен Әбілбекті 1942 жылы мамыр айында әскерден кері шақырып, Қазақстан КП орталық комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. 1942 жылы Қазақстан КП орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүрген әкесінің інісі Әбілбек Тобағабыловтың шақыртуымен Әбдібек Абылайұлы мектеп табалды­рығын Алматы қаласында аттайды. Артынан Түркістан қаласындағы Ленин (қазіргі Ахмет Байтұрсынов) мектебіне ауысып, оны 1955 жылы жақсы бітіріп шығады. Оқуға қанша құштар болғанымен, әжесі оның ертерек отбасын құрғанын қалайды. Сөйтіп, қарт әжесі мен бауырының қамын ойлаған жас жігіт бірден ауылға келіп, колхоз жұмысына араласады.
1955 жылы Мес ата ауылындағы Әмір бидің сүт кенжесі Ұлпатшаға үйленеді.

Ұлпатша Әмірқызы арғы бабаларынан қорасында малы азаймаған, ошақтан қазаны түспеген, құт-ырысы ортаймаған бай-бақуатты шаңырақта дүниеге келген. Ол дүниеге келгенде, анасы Орынша 53 жаста екен. Бірақ әкесінен ерте қалғандықтан, Әмір би туралы естеліктер еміс-еміс қана есінде. Ұлпатша әжей өзінің анасын ақылды, данышпан, қонақжай кісі еді деп еске алады. Кілем, алаша тоқып, текемет баса білетін ісмер болған дейді. Анасынан еңбекқорлықты, сабырлы, шыдамды болуды үйренген Ұлпатша әжей барған жерін көркейтіп, жақсы келін атанады.
«Балалы болдық. Әбекеңнің есіл-дерті әлі де оқуда. Сосын бір күні: «Сен оқығың келсе, оқи ғой» дедім. «Сен қайтіп күн көресің мына үш-төрт баламенен?» деді. «Көремін, қабілетім жетеді. Еш уайымдама. Жұмыс істеймін» деп кесіп айттым. Сөйтіп, Әбекең Қапланбек ауыл шаруашылығы техникумына «агрономия» мамандығына оқуға түсті» деп Ұлпатша әжей өткен күндерді еске алады.

80 жасқа толған Ұлпатша анамызбен бірге Әбдібек ақсақал он баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиеледі. Он баладан 36 немере, 27 шөбересі бар. Балаларының бәрі бірдей жоғары білімді, Қазақстанның түкпір-түкпірінде сан-салалы мамандықтар бойынша қызметтерін атқарып жүр

Осылайша, Әбдібек Бейсенов ақ­са­қал 3 балалы болған соң ғана Сары­ағаштағы ауылшаруашылық техникумына түскен. 1962 жылы техникумда оқи жүріп, сол жерде комсомол комитетінің хатшысы, кәсіп­одақ ұйымының төрағасы сынды қызметтерді қоса атқарады.
1965 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, агроном мамандығын алғанда Әбекеңнің бес баласы бар еді. Ол қызмет жолын Ордабасы ауданы, Исаханов ауылында агроном қызметінен бастайды. Келесі жылы Куйбышев (Бабай қорған) совхозында механик, гид­ротехник, артынан ұзақ жылдар бойы агроном қызметіне кіріседі.
1989-1992 жылдары Абай ауылында ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, егін, бау-бақша егумен айналысады. 1992 жылы ақсақал зейнет­керлікке шығады. Бірақ қолым босады деп құр жатпай, «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашып, егін егіп, мал шаруашылығымен айналысып келеді. Содан бері аттан түспей, ауыл шаруашылығы саласымен үзбей айналысып, мемлекеттің дамып-өркендеуіне еңбегін сіңіріп келеді. 90-жылдары бүкіл кеңшар мен ұжым­шарлар тарап, ауыл шаруа­шылығы саласы тоқыраған тұс­та Әбдібек ақсақал егіс егіп, мал шаруа­шылығымен айналысып, ауылда жұмыссыздық болмауына аз да болса үлесін қосты. Сол бір қиын кезеңдерде жағдайы төмен отбасыларға көмектес­кенін ауылдас­тары әлі күнге дейін ризашылықпен айтып отырады.
Бүгінде бұл мерейлі отбасы гауһар тойын тойлағалы отыр. 80 жасқа толған Ұлпатша анамызбен бірге Әбдібек ақсақал он баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиеледі. Он баладан 36 немере, 27 шөбересі бар. Балаларының бәрі бірдей жоғары білімді, Қазақстанның түкпір-түкпірінде сан-салалы маман­дықтар бойынша қызметтерін атқарып жүр. Төрт перзенті – ғалым (профессор, доцент, аға оқытушы). 18 немересі жоғары білім алып, еңбекке араласса, 3 немересі – студент. Бала­ларының бәрі – ән-жыр майталмандары.
«Өмірлік серігім Ұлпатша екеуміз перзенттеріміздің тәрбиесіне аса мән бердік. Екеуміз балалардың көзінше де, былайғы кезде де ренжіспедік» дейді Әбдібек ақсақал.
Осындай өнегелі тәрбиенің арқа­сында балаларының ешқайсысы ата-анасын жерге қаратпай, ардақты әке есімін абыроймен алып жүр. Бұл қара шаңырақ «Аялы алақаны ақ әженің», «Үлгілі отбасы» атты отбасылық бай­қау­лардың бас жүлдесін, респуб­ликалық деңгейде екі мәрте өткізіл­ген «Батаменен ел көгерер…» байқау­ларында «Нар­тай» және «Молда Мұса» атын­­дағы номинацияларды жеңіп алды.

Бек НҮРДІЛЛА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 1 =