Математиктер тәлімгері

0 157

Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі Бекболат Тағанов – математика пәнінен бағдарламалық материалын толық меңгерген, оқытудың дидактикалық, әдістемелік талаптарын орындайтын ізденімпаз, шығармашыл педагог. Ол да «Астана таңдауы» байқауына ұсынылып отыр.

Ұстаз ретінде Бекболат Сәрсенбайұлының мақсаты – оқушылардың интел­лек­туалдық ақыл-ой қабілеттерін дамытуға, танымдық іс-әрекет пен өз бетімен білім алуға мүм­кіндік тудыратын әдіс-тәсілді меңгерту. Осы мақсатқа жету жолында проблемалық оқыту технологиясын қолдана отырып, дарынды баланың өзін-өзі өзгертуші субъект ретінде дамуына жетелейтін жеке тұлғаға бағытталған деңгейлік жұмыс түрлерін беру арқылы терең де, көлемді білім беруде тиімді әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Мектептің өз ерекшелігіне байланысты математиканы тереңдетіп оқытуда өз қол­таңбасы бар, үлкен тәжірибе жинаған ұстаз.

Мұғалімнің пән бойынша сыныптан тыс жұмыстарында (олимпиада, ғылыми-практикалық семинар, конференция) оқушыларды өз бетінше жұмыс жасауды үйрету, шығармашылық өсуіне жағдай жасау, өз мүмкіндігін дұрыс пайдалануына көмектеседі. Бекболат Сәрсенбайұлының нәтижелі жұмысы оқушыларының олимпиадалардағы жетістіктерінен көрінеді.

Ол математиканың биік шыңынан көрініп жүрген «Жас Пифагорымыз» Аманкелді Әкежанды 5-сыныптан бастап тәрбиелеп, оның математикалық дарынын дөп басып аша білген алғашқы ұстазы. Аманкелді Әкежан 2007 жылы Астана қалалық «Жас математик» олимпиадасында 5 – сыныптар арасында ІІ орын, 6 – сыныпта 7 – сынып үшін қатысып, онда да ІІ орын иеленді.

Бекболат Сарсенбайұлы сабақ беретін 8-сынып оқушыларының да жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Көшек Әбубәкір 2012 жылы Омбы қаласында өткен халықаралық Кукин олимпиадасының ІІ орын жүлдегері. 2013 жылы Омбы қаласында өткен халықаралық Эйлер олимпиадасының ІІІ орын иегері атанды. 2013 жылы қалалық пән олимпиадасында ІІІ орынды еншілесе, 2013 жылы «Сұлтанғазин атындағы математикалық олимпиадада» ІІ орын иеленді.
Осындай тамаша нәтижелерге қол жеткізе білген мұғалімнің еңбегі елеусіз емес. Бекболат Сәрсенбайұлы 2008 жылы Қазақстан Рес­публикасының Білім және Ғылым министрлігінің грамотасымен марапатталса, 2009 жылы «Үздіксіз білім беру мән мәтінінде дарынды балалармен жұмыс» атты математика пәні мұғалімдерінің ғылыми – практикалық конференциясына қатысқаны үшін және 2011 жылы «Дарындылық мәселесіне жаңаша көзқарас» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының сертификаттарын еншіледі. 2011 жылы «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Т.Битуованың алғыс хатымен марапатталды. 2012 жылы Омбы қаласындағы Эйлер атындағы математикалық олимпиаданың регионалдық әділқазылар алқасының алғыс хатын иеленген ол сол жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.

Қымбат Тоқтамұрат

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + four =