Мәслихаттағы медицина маманы

0 151

Жаңадан сайланған Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының VІІ шақырылым депутаттарының 30 пайызын әйелдер құрайды. Сайлау өте салысымен жұмысын бастаған бас қала мәслихаты елорданың әлеуметтік-­экономикалық дамуындағы маңызды мәселелерді талқылау­ға қызу кірісті. Пікірталастарда, депутаттық сауал жолдау жағынан ер-азаматтардан әйел депутаттар да қалыспайды. Мәслихаттың жаңа құрамында барлығы 31 депутат болса, соның сегізі – әйел.

Жұмысты ұйымдастыруға қатысты алғашқы отырыстардың бірінде алдымен мәслихаттың төрт тұрақты комиссиясының төрағалары сайланды. Соның ішінде әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөнінде тұрақты комиссия басшылығына бірауыздан Алтыншаш Табулдина таңдалды. Бір айта кетерлігі, мәслихаттың VІ құрамынан жаңа сайланымға үш депутат өтсе, соның бірі – Алтыншаш Жұмашқызы. Бұл тұрғыдан алғанда, ол қаланың өзекті мәселелерімен бұрыннан таныс. Комиссия тізгіні қолына берілгеніне де бұл жағдай үлкен әсерін тигізді деп ойлаймыз.
– Қаланың өсуі өте қарқынды. Елордаға жыл сайын еліміздің әр аймағынан оқуға, жұмыс істеуге, жалпы бақыт іздеп 50 мыңнан аса адам көшіп келіп жатыр. Ал халыққа жайлы баспана, қазіргі заманға сай келетін балабақшалар, мектептер, ауруханалар керек. Қоғамдық көлік қызметі сапалы болуы қажет. Сонымен қатар қала өз даму бағытынан жаңылмауы тиіс. Ұзақмерзімді жоспарларын іске асырып, шаһарға қажет алаңдарды құрып, білікті мамандарды тартуы қажет, – дейді депутат.
Алтыншаш Табулдина – Целиноград мемлекеттік медицина институтының түлегі. Осы оқу орнынан дәрігер-педиатр мамандығын алып шықты. Еңбек жолын бастағанына да отыз жылға жуықтады. Бастапқыда қалалық балалар ауруханасында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Қарапайым дәрігерден бөлімше меңгерушісіне дейін көтерілді. Біліктілігі, тәжірибесі, іскерлігі ескерілген болуы керек, 2007 жылы №5 қалалық емхананың бас дәрігері болып тағайындалды. Күні бүгінге дейін осы қызметті атқарып келе жатыр. Оған да он бес жыл болып қалды.
Ақ халатты абзал жан болғаннан кейін індетпен күресте алдыңғы шепте келе жатыр. Әрине, әлеуметтік саладағы басқа да мәселелер депутатты толғандырмай қоймайды.
– Індетке байланысты мектептегі балалардың қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жалпы денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, ондағы басты мәселе кадр тапшылығы мен жалақының аз болуына келіп тіреледі. Ал індетке қарсы жаппай екпе шараларының болашақта жоспарлы жүргізілуіне байланысты екпені алып үлгерген адамдардың халін дер кезінде бақылау жұмыс­тарын қолға алу керек, – дейді Алтыншаш Жұмашқызы.
Дәрігерді, әсіресе медицина мамандарының ақпараттық жү­йелермен жұмыста жүктемелері көбейіп кеткені қатты толғандырады. Оның айтуынша, адамды бір қабылдауда дәрігер осы жүйеде электронды құжатты толтыру үшін көп уақытын жоғалтады. Себеп – тиісті бағдарламалардың бір-бірімен байланысының жоқтығы. Пациентті УЗИ-ге, рентгенге, талдауға немесе медицина маманымен кеңесуге жіберу үшін осы құжатты екінші қайтара толтыруға тура келеді. Өйткені алдыңғы толтырылған құжат тиісті маманға бармайды. Науқасты әр дәрігерге жіберген сайын медицина маманы осыны қайталауға мәжбүр. Қайталау үштен он беске дейін кетіп қалуы мүмкін.
Алтыншаш Табулдина – денсау­лық сақтау ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері. Әрине, жұмыс­та ақ халатты абзал жан, білікті басшы, қоғамда белсенді әйел. Ал шаңырағында асыл жар, аяулы ана. Екі баланы тәрбиелеп отырған ол – «шағын мемлекетінің» ұйытқысы, елдің, елорданың дамуына өзіндік үлесін қосып жатқан жан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 14 =