Мәскеу төріндегі мезет

Сурет сыры

0 164

Қазақ кәсіби театрының негізі 1925 жылдың аяғында сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында қаланғаны белгілі. Өнер ошағы шымылдығын ресми түрде 1926 жылдың 13 қаңтарында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашты. Осы оқиғаға алдағы күндері 95 жыл толады.

Бір айта кетерлігі, дәл осы спектакльге дайындық содан бірнеше жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1922 жылы Семей қаласында жүргізілді. Өз заманының оқыған, көзі ашық азаматы, Алаш қайраткерлерінің қолдаушысы, меценат Мұхамедхан Сейітқұлов Мұхтар Әуезовті туған баласындай көріп, қойылым репетициясын өз шаңырағында өткізуге мүмкіндік жасаған. Оның баласы, әдебиеттанушы ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов сол кезде 6 жасар бала еді. Осындай әке тәрбиесін, Алаш ардақтыларының өнегесін көрген Қайым кейіннен заңғар жазушының шәкірті болды.
Мына суретті таяуда әлеуметтік желіге жария­лаған ғалымның қызы Дина Мұхамедхан: «Атам әкемнің бойына театр өнеріне деген құштарлық дәнін септі. Бала Қайым әке шаңырағында болған тұлғаларды жадында сақтап қалды. Кейіннен олардың шығармашылық өмірбаянын жазып, театр туралы материалдарды, фотосуреттерді жинап, өнер қайраткерлері жайлы зерттеу жүргізді» дей келе, сурет сырын тарқатты.
Оның айтуынша, сурет 1927 жылы қазақ өнерпаздары Мәскеуде концерт қойған кезінде түсірілген. Ал мұнда кімдер бейнеленгенін Қайымның өз қолымен фотосуреттің артына жазған анықтамасынан білеміз. Сол арқылы қазақ театрының негізін қалаған тұлғалар бейнесімен қауышамыз.
Бірінші қатарда отырғандар: оңнан солға қарай Қали Байжанов, Жанбике Шанина, Әміре Қашаубаев және Дәлила Оңғарбаева. Екінші қатарда тұрғандар: Қалибек Қуанышбаев, Александр Затаевич, Айтбай Ғаббасов, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов. Қайым посткриптум ретінде «Елубай (Өмірзақов), Құрманбек (Жандарбеков) түсе алмай қалған» деген де жазба қалдырған. Бұған қоса, ғалым сол концерттің афишасын сақтап қалған. Кешке қазақ сахна өнерінің саңлақтарымен қатар Мәскеу әншісі Нина Вербовая да қатысқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + fifteen =