Мәскеу метросындағы «халық жасағы»

0 102

narop05

7 мамыр күні Мәскеу метросының Замоскворецк желісінде Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесін паш ететін 12 постер орнатылған «Халық жасағы» деп аталатын арнайы пойыз жолға шықты. Жылжымалы экспозиция Қазақстанда жасақталып, Мәскеуді, Севастопольді, Ленинградты қорғауға, Украинаны азат етуге қатысқан дивизиялардың жорық жолы, жау қолына түскен аймақтардағы партизан отрядтарындағы қазақстандықтардың ерлік күресі, біздің елімізге көшірілген әскери өндіріс кешендерінің майданды жабдықтауға қосқан үлесі жайында сыр шертеді.

Майдан шебіне келіп, жа­уынгерлерге рухани қолдау көрсеткен, өз өнерімен қоршаудағы Ленинград тұрғындарына дем берген қазақстандық әртістер тақырыбы – өз алдына бір төбе. Мысалы, қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім» өлеңі!..
«Халық жасағы» пойызының постерлеріне QR-код қойылған. Ұялы телефоны барлар сол арқылы көрсетіліммен кеңінен танысып, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірігіп дайындаған Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған бейнероликтерді де көре алады.
«Халық жасағы» пойызы Ұлы Отан соғысы тақырыбын бейнелейтін 50 постермен жабдықталған. Экспозицияны әзірлеуге, сондай-ақ Ресей әскери-тарихи қоғамының, «Вечерняя Москва» газетінің, Мәскеу мемлекеттік мұражайының, Ұлы Отан соғысы Орталық мұражайының қызметкерлері де қатысты.
Пойызды сапарға шығарып салу салтанатына Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кіші елшісі Виктор Темірбаев, Мәскеу метросы бастығының орынбасары Владимир Погонин мен ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты.
Ерекше сурет көрмесі қойылған атаулы пойыз Мәскеу метросында жарты жыл бойы жүреді.

Тұран ЕРДЕШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 8 =