Мәшһүр Жүсіптің шапаны мен тақиясы

0 75

Ұлт тарихында бойына сан түрлі ғажайып өнер мен тылсым сыр тоғысқан әулие тұрпаттас адамдар болған. Сондай сиректің бірі, өлеңнің өрен жүйрігі – Ғафу Қайырбеков «Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп» деп тебіренген ақын, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

Мәшһүр Жүсіп атамыз жасынан өлең жазып қана қоймай, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оны сол кездегі газет-журналға жариялады.Ташкент, Бұхара, Түркістан секілді көне шаһарларға сапарлап, білімін толықтырып, бірнеше тілді меңгерді. Текті тұлғаның «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты еңбектері 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасында жарық көрген.
Біз бүгінгі әңгімемізде ғұламаның елордадағы Ұлттық музейдің төрінде тұрған шапаны мен тақиясы туралы айтсақ дейміз. Бас мұражайдағы Баспасөз бөлімінің редакторы Майра Ермекбаеваның айтуынша, бағалы жәдігер музейге бұрынғы Президенттік Мәдениет орталығынан тапсырылған. Шапан күлгін түсті барқыт матадан тігілген, тік жағалы болып келеді. Шапанның алдының, етегінің, жеңінің және екі жанындағы қиығының жиектеріне алтын жіппен, ақ, жасыл, қызыл түсті жібек жіптермен ою жүргізілген, ұзындығы – 128 см, жеңінің ұзындығы – 66 см, ені – 30 см. Етек жағы кең тігіліп, екі жанына 45 см көлемде қиық салынған. Ал тақия күлгін түсті барқыт матадан тігілген. Тақияның маңдайына, артқы жағына, төбесіне алтын жіппен және ақ, жасыл, қызыл түсті жібек жіптермен ою жүргізілген. Төбесіне үкі тағылып, маңдай тұсына ай пішінді түйреуіш қондырылған.
Халық қадірлеген әулие­нің есімі мен тақиясының төбесіндегі үкісіне байланысты ескіден келе жатқан
әңгімеде былай деп айтылады: Мәшһүр Жүсіп әкесінің 42 жасында өмірге келген, азан шақырып қойған есімі – Адам Жүсіп. Бірде ауылдағы жиын-той үстінде қисса-дастандарды жатқа айтып, жұртшылықты ұйытып отырған тоғыз жасар балаға көзі түскен, ел жақсысы Мұса Шорманұлы зерделі жеткіншекке ырза болып, тақиясына үкі таққызып, «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екен» деп батасын беріпті. Содан кейін Мәшһүр Жүсіп атанған дейді.
Қазіргі күні заманынан асып туған ұлтымыздың ұлы перзентінің артында қалған мол мұрасы жинақталып, бірнеше том болып жарық көріп, халық қазынасына айналды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 2 =