МӘШҺҮР ЖҮСІП МҰРАСЫ

0 433

Елордадағы Тұңғыш Президент му­зейін­де әйгілі фольклортанушы, ақын, шежіреші, аузы дуалы деп ел қадір тұтатын Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының тарихи мұраларын насихат­тауға арналған «Мәшһүр жайлы сөз еткенде…» атты әдеби кеш өтті.

машхур

Халқымыздың арғы-бергі тарихында Мәшһүр атамыздың есімі аса құрметпен аталады. Табиғаты көркем Баянауыл жерінде дүниеге келген тұлғаның өмір жолы – бір кітапқа жүк боларлық тағылым. Жасынан есті сөзге, қисса-дастанға жетік болып өскен өренді бірде Мұса Шорманұлы жақсы көріп, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екенсің» деп батасын берген.
Алғаш діни білімді Баянауылдағы Қамар хазіреттен алған ол кейін оқуын Бұхардағы «Көкілташ» медресесінде жалғастырып, ортағасырлық араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгереді.
Жалпы, атамыздың фольклортану және этнографиялық еңбегін ерекше айтсақ дейміз. Сонау аумалы-төкпелі уақытта арғы-бергі тарихты қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кеткендігін ерлік деп санауға болады.
Игі шарада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сан қырлы таланты туралы парасатты сөз көп айтылды. Серік Негимов, Дихан Қамзабекұлы секілді белгілі ғалымдар әулие бабамыздың мұраларына тереңірек тоқталып, өрелі ой өрбітті. Тарихи тұлғаның шығармалары оқылды.
Сондай-ақ, шара барысында Бұхар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейі мен Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейі және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы қорында сақталған көрнекті тұлғаның мұраларынан көрме өткізілді. Онда ойшыл ақынның жеке заттары мен құнды қолжазбалар, кітаптар және тағы басқа әдеби еңбектері ұсынылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 14 =