Мәселенің шешімі табылады

0 76

Өткен жылы Алматы ауданында алты гүлбақ салынды. Аудан әкімі Әділбек Сәрсембаевтың №52 мектеп-гимназияда өткен есептік кездесуінде тұрғындар гүлбақтардың санын көбейту жөнінде тілектерін жеткізіп, қала тіршілігіне қатысты басқа да мәселелерді көтерді. Кездесуге Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мен қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов қатысты.

Қобыланды батыр көшесінің тұрғыны Роза Маханова аталған көшеде 3 мыңнан аса адам тұратынын айта келе, аумақты абаттандыру, гүлбақ пен жол салумен қатар жылы аялдама керектігін жеткізді. Өзі тұратын тұрғын үй кешеніне кіреберісте және көп қабатты үйлердің арасында көліктердің жылдамдығын бәсеңдеткіш төмпешіктер мен паркинг қажеттігін де қоса кетті.
Оны қостаған көршісі Әсемгүл Ибраева: «№13 автобус бағдарын тура бір сағат күтеміз. Осы бағдарды ауыстыру, №8 бағдарды созу туралы мәселені көтергенімізге үш жыл болды. Көшемізге бағдаршам керек пе деп ойланып жүрміз. Өйткені көліктер жаяу жүргіншілерді өткізбей, зуылдап жүр» деді.
Бұл көшені абаттандыру жағынан біраз жұмыс жасалғанын айтқан аудан басшысы көктем шыққанда тиісті жұмыстар жалғасатынын, сол мезгілде жылдамдықты бәсеңдеткіш төмпешіктер салынатынын, ауданды көгалдандыру жоспарына сәйкес гүлбақ салу мәселесі де қаралатынын жеткізді.
Оның айтуынша, паркинг те салынған. Мәселе тек жабық паркинг бойынша туындап жатыр. Бұған инвестор керек. Жылы аялдама мен бағдаршам орнату да оңай шешілетін іс емес екен. «Сөздің шынын айтқанда, биыл Қобыланды көшесінде жылы аялдама мен бағдаршам орнатамыз деп уәде бере алмаймын. Мұның себебі, қалада түйткілді аумақтардың тізімі жасалған. Сондықтан кезектеріңізді күтулеріңізге тура келеді. Ол қашан келетінін хабарлаймыз. Әрине, тиісті жоспарға енгізуге тырысамыз» деді Ә.Сәрсембаев.


Сергей Хорошун аудан әкіміне №13 автобус бағдары мен бағдаршамға қатысты көтерілген мәселелерді анықтауды тапсыр­ды. «Егер бұл мәселелер көлік қозғалысының қауіпсіздігіне әсер етіп жатса, жұмыс жоспарына міндетті түрде енгізіп, атқарылатын мерзімін нақты белгілеу керек. Істің ертең жасалмайтыны белгілі болса да, жобалық-сметалық құжатты әзірлеп, бюджетке ұсыныс енгізіңіздер» деді ол.
№7 қалалық емханаға тіркелген адамдар саны шамадан тыс асып кеткендіктен, осындағы 1500 адам №6 қалалық емханаға ауыстырылған. Бұл жағдай біраз қиындықтар тудырды. Алдындағы емхана үйлеріне жақын еді, қазіргісі алыстау боп тұр. Ол жаққа қоғамдық көлік қатынай қоймайтын да көрінеді. Сондықтан тұрғындар бұрынғы емдеу нысанына қайтып тіркелгісі келеді.
Бұл мәселеге Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі жыл сайын 15 қыркүйек-15 қараша аралығында халық санағы жүргізілетінін, соның қорытындысында, тұрғындарға өтініштері негізінде емхананы ауыстыруға болатынын жеткізді.
Ж.Нәжімеденов көшесі, 16 а мен 16 б мекенжайларында орналасқан «Азия плюс» тұрғын үй кешенінің тұрғындары «Айдидар» және «Сұлу» тұрғын үй кешендері арасындағы жолға асфальт төсеуді сұрады. Тиісті жауапта бұл жұмыс 2020 жылға жоспарланғаны айтылды. Оның себебі, аталған аумақта көрсетілген мерзімге дейін «Астана LRT» ЖШС жол салады. «Біз бұл жолға осы жылы инертті материал себеміз. Ал келесі жылы жоспарға сәйкес асфальт төсейміз» деді аудан әкімі.
Шу көшесінің тұрғыны Жар­қынбек Қалманов бұл көше мен Қозыбасы көшесінің қиылысында кәріз жүйесі жарылғанын, қазір осы жер мұз болып қатып, балалар сырғанақ теуіп жүргенін жеткізді. «Көшемізде 50 шақты үй бар. Кәріз жүйесін жөндеп беріңіздерші деп айтып жүргенімізге көп болды. Қозыбасы көшесіне асфальт төселгенше бұл жұмысты бітіру керек. Әйтпесе, тағы екі жұмыс болып кетеді» деді ол. Аудан басшысы «Астана су арнасы» кәсіпорнына мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Тұрғындар жеткізген Бурабай көшесін жарықтандыру, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша да тиісті жауаптар бе­рілді. Жаңа жыл қарсаңында Ғ.Мұстафин көшесінде ашылған «Ақ мешіт» мешіті үшін алғыс айтылды.
«Бүгін көтерілген барлық мә­селенің шешімі бар. Кездесу қо­рытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспары әзірленеді деп ойлаймын. Қобыланды батыр көшесі мен инженерлік желілер мәселелерін қосымша зерттеу керек» деп түйіндеді кездесуді С.Хорошун.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − ten =