Масаға қарсы «майдан» басталды

0 22

Елордада масалар мен басқа да жәндіктерге қарсы дезинфекциялық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аталған шара екі ауысымда атқарылуда. Биыл масалардан аумақтарды өңдеу жоспары 20%-ға, су қоймаларын өңдеу 25%-ға артып отыр.Нұр-Сұлтан қаласы батпақты, сазды жерге орналасқан, сондықтан бұл өңірдің масасы ерекше уытты. Сырттан келген жұрт астананың аязынан бұрын, ең алдымен, қаныңды қақпай-соқпай сорып алатын масасынан қорқады. Оның үстіне бұл қансорғыштар – безгек пен басқа да трансмиссивтік және вирустық індеттердің «көшпелі ошағы».
Әдетте, елордада дезинфекция­лау жұмыстары масалар оянбай тұрған уақта – сәуір айының соңын ала басталады. Олар жұмыртқаларын су қоймаларының маңына, қамыс арасына салады. Ал қала аумағында жалпы ауданы 4 мың гектардан асатын 112 су қоймасы бар. Биыл әлемді ылаңдатқан індетке қарсы осы жұмыстардың ұйымдастырылуы қалай деген сауалмен «Столичная дезинфекция» ЖШС-ға телефон шалған едік.
– Нұр-Сұлтан қаласында маса және басқа да жәндіктерді дезинфекциялау жұмыстарымен біздің серіктестік айналысады. Биыл 15 сәуірден бастап 20 сәуірге дейін 5 күн ішінде астана аумағындағы барлық су қоймаларын залалсыздандырып шықтық. Енді 21 сәуірден бастап 10 мамырға дейін тұрғын аудандарды өңдейтін боламыз, – деді «Столичная дезинфекция» ЖШС бастығының орынбасары Бекболат Аманжолұлы.
Серіктестік бес күн ішінде барлық су қоймаларында, сонымен қатар қаладан радиусы 3-5 километр қашықтықта масаның балаңқұрттарын жою жұмыс­тары жүргізілген. Жалпы, бір маусымда, яғни сәуір-қыркүйек айлары аралығына астанада 5-6 рет медициналық бағыттағы инсектициялармен химиялық өңдеу жасалады.
– Ересек жәндіктерді жою үшін шаһардан 3,5 шақырым қашықтықта масаларға қарсы кедергілік залалсыздандыру шегі белгіленеді. Шектік белдеулер орнатқанда әр өңірде жердің ландшафты мен табиғи-климаттық ерекшелігі ескеріледі. Оны өңдеу мерзімділігі мен жиілігі энтомологиялық көрсеткіштерге байланысты – жәндіктер жаппай ұшып шығардан 2-4 күн бұрын жасалады. Масаларды жою ультра-шағын көлемді бүріккіштермен, термо және жел генераторларымен жүргізіледі, – деді серіктестік бастығының орынбасары.
Дезинфекциялау жұмыстарында су қоймаларын, қаланың орамішілік аумақтарын және жалпы қолданыстағы аумақтарды (көшелер, саябақтар, гүлзарлар) өңдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Масалармен күрес нәтижелі болуы үшін тұрғын үйлердің жертөлелерін, мектеп пен балабақша аумақтарын, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын, базарларды, сауда үйлерін және т.б. залалсыздандыру маңызды.
Бүгінде «Столичная дезинфекция» ЖШС-ында 150 адам екі ауысыммен еңбек етеді. Қала тұрғындарын күнделікті тұрмыс тіршілігіне неғұрылым ыңғайсыз­дық келтірмес үшін бірінші ауысым таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ге дейін, екінші ауысым кешкі сағат 21.00-ден таңғы 05.00-ге дейін жұмыс істейді. Іске кірісерден бұрын қызметкерлерге нұсқаулық дәрісі өткізіледі. Барлығы қорғаныс киімдерімен және респиратормен қамтамасыз етілген. Улы препараттармен жұмыс істейтіндіктен қызметкерлерге міндетті түрде сүт беріледі. Жұмысты аяқтаған соң бірден душ қабылдайды. Әр бригададағы адамдар саны атқаратын жұмыстың мөлшері мен өңделетін аумақтың көлеміне байланысты болады.
Бекболат Аманжолұлының айтуынша, улауға агран қолданылады. Ол сумен араластырылып роторлық бүріккіш арқылы шашылады. Осындай тәсілмен бір гектарға 350 грамм у жұмсалады екен.
– Бұл шектеуден асырып жіберуге болмайды, шамадан тыс доза қолданылса, масаның ағзасы оған үйреніп кетуі мүмкін. Инсектицид шөп үстінде 15-20 күн жату керек. Осы уақыттың ішінде у күшін жоймайды, – деді маман.
Инсектицидтердің әсер ету мерзімі егер жауын-шашын, қатты жел болмаған жағдайда, орташа алғанда 20 күнге созылады. Егер жауын шайып кетсе, әйтпесе жел ұшырып жіберсе, залалсыздандыру жұмыстарын қайтадан қолға алуға тура келеді.
Орамішілік аумақтарда масалардың қаптап кету себептерінің бірі көп қабатты үйлердің жертөлелерінің ылғалды болуымен байланысты. Егер жертөле суға толған, лас, басқа да жағымсыз күйде болса, маса ғана емес, одан да басқа ірілі-ұсақты жәндіктер, кеміргіштер, зиянкестер көбейе беретіні сөзсіз. Ал елордада ондай үйлер аз кездеспейді. Бұл ПИК-тердің өз қол астындағы үйлерге салғырт қарауының салдарынан. Соның кесірінен масаға қарсы қанша дезинфекциялау жұмыстары жүргізілгенімен, олар қайтадан өсіп шыға беретін болады. Істелген жұмыс, жұмсалған күш, шығындалған дәрілердің бәрі рәсуа.
Жоғарыдағы жайт кейбір ПИК-тердің дезинсекция ісіне салғырт қарайтынын көрсетеді. Ол түсінікті де, өйткені ПИК-тер коммерция­лық емес ұйым болып табылатындықтан, бұрынғы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу туралы» ҚР ӘҚ кодексінде оларды жауапкершілікке жүктейтін заңдық негіз былтырға дейін жоқ болатын. Ал 2019 жылдың 11 сәуірінен бастап ӘҚ Ко 425-бабына жаңа айыппұл жазалары енгізілді. Енді санитариялық-эпидемиологиялық заң талаптарын, гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді бұзса, бірақ одан адам денсаулығына зиян келтірілмесе, жеке тұлғаларға – 30 АЕК (75 750 тг.), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (580 750 тг.), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК (782 750 тг.), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1600 АЕК (4 040 000 тг.) мөлшерінде айыппұл салынады. Сондықтан бұдан былай ПИК төрағалары қарауындағы үйлердің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сайлылығына мүдделі болады.
Тұрғын үйлердің күтімі дезинфекциялау жұмыстарымен айналысатын жеке меншік компаниялардың да бір бүйіріне батып жүр екен. «Зеленый город» ЖК директоры Динара Құрманғалиева егер ПИК-тер өздерімен шарт жасаса, аумақта маса улаумен айналысуға әзір екенін айтты. Бір гектар алаңды залалсыздандыру 10 мың теңге тұрады. Егер өңделетін аумақ үлкен болатын болса, бағаны айтарлықтай арзандатуға болады екен.
Жалпы жұртшылықтың айтуынша, кейінгі жылдары астанада маса, шыбын-шіркей азайып кеткен. Бұл маса және басқа да ұсақ жәндіктерге қарсы залалсыздандыру шараларын күшейтумен байланысты болуы мүмкін. Елордада карантин режимі орнатылғанына қарамастан жергілікті билік биыл масалармен күресті жылдағы мерзімінен де ертерек бастап кетуі – соның айғағы.

P.S: Егер жағдай қолайлы болса, ұрғашы маса 57 күн өмір сүреді. Рекорд – 119 күн. Дегенмен, 20 градус температурада масалардың орташа өмір жасы 43 күнді құрайды. Масаның ұрғашысы бірден 200 жұмыртқа салады. Ұрғашы маса адамдарды «жүкті» кезінде қоректену үшін шағады. Масаның еркегі шөпқоректі, ол шамамен 19 күн өмір сүреді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =