МАСА МЕЗI ЕТПЕС YШIН…

0 217

маса

Елордалық тұрғындардың «сары маса мазаны қашырды» тақылеттес шағымы бүгінде азайған секілді. Себебі, маса, шыбын-шіркеймен күресу шаралары Астанада күшейе түсті.

Сіз кешкісін бірде болмаса бірде, гүрілдеген мотордың даусына ұқсас үнді естіген боларсыз? Бұл – масаларға қарсы ауқымды өңдеулер жүргізіп, арнайы препараттар сеуіп жатқан механикалық роторлы сепкіштердің дауысы. Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы Нағима Шатаеваның айтуынша, елордада маса, шыбын-шіркеймен күрес шаралары он жылдан бері жүргізіліп келеді екен. Мамандар масалардың елді мекенге қарай ұшып келу мерзімін алдын ала анықтап, биыл жұмыстарын 25 сәуірден бастап кетіпті. «Қаланың ішінде дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу үшін механикалық роторлы сепкіштер қолданылады. Ал жәндіктердің қала ішіне ұшып келуін болдырмас үшін термогенераторлар пайдаланылады. Ең алдымен тез жылынатын шағын су тоғандары мен шыбын-шіркейлер тез үймелейтін учас­келер өңделеді. Атап айтқанда, Астананың маңайындағы Талдыкөл, Есіл, Ақбұлақ, Нұра өзендері, Өндіріс кенті, теміржол төсемі сынды барлық бағыттар бойынша өңдеулер жүргізіліп келеді» дейді Нағима Түсенқызы.

Санитариялық дәрігерлер жүргізген энтомологиялық мониторинг бойынша, қала маңында негізінен масалардың 4 түрі кездессе, соның culex, яғни ызыңдауық түрі елордада басым екен. Бұлар көбіне жағымсыз иісі мүңкіп жататын жертөлелерге келгіш көрінеді. Сондықтан, маса келіп мазаны кетірмес үшін тұрғындар жәндіктерге қарсы алдын ала өңдеулер жүргізу жөнінде арнайы мамандармен келісімшарт жасасуды өз ПИК-терінен талап етуге тиіс. Масаларға қарсы дезинсекциялық шаралар қыркүйек айына дейін жалғасатынын естеріңізге саламыз.

Жұртшылық арасында маса мен шыбын-шіркейді уландыратын препараттар адам ағзасына да зиян деген пікірлер бар. Бірақ санитариялық мамандар бұл сөзді жоққа шығарады. «Масаларға қарсы ауқымды өңдеулер жүргізу барысында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық шаралар жасалады» дейді Нағима Түсенқызы. Оның айтуынша, жәндіктерді жоюға қарсы препараттар арнайы мемлекеттік тіркеуден өткен, тиісті сертификаты бар инсектицидтер. Соңғы үш жыл қатарынан Астана қаласында қолданылып келе жатқан циперхлор, фуфапон және мостин препараттары тез таралғыш, масаларға кері әсер етсе де, адамдарға ешқандай зияны жоқ көрінеді. Мұны мамандар өндірістердегі сынақтар мен топырақтағы қалдықтарына жүргізілген зертеулерге сүйене айтып отыр.

Дезинфекциялық жұмыстарды да арнайы оқытылған, алғашқы медициналық тексеруден өткен мамандар жүргізеді. Себебі, өңдеу жұмыстары тиімді болу үшін дезинфекторлар айналадағы аумақпен жете таныс болуы шарт.

Жалпы, маса мен шыбын-шіркей қауіпті вирустардың тасымалдағышы болып табылады. Сондықтан, оларға қарсы шараларды дер кезінде жүргізу – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау деген сөз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =