Мас күйде машина жүргізгендерге аяушылық жоқ

0 56

ҚР ІІМ баспасөз қызметі берген мәліметке қарағанда, өткен жылы жолдарда полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізген 26 мыңнан астам жүргізушіні (11 ай – 26 319) ұстаған, ал 2018 жылы ондай жүгенсіз жүргізушілер қатары 28151 адам болған.Мас күйінде көлік жүргізгендер 495 жазатайым оқиғаға себепші болып, салдарынан 98 адам қайтыс болып, 716 адам жарақат алды. Биылдан бастап мұндай қылмыстарды жазалайтын қылмыстық нормалардың санкциялары қатаңдатылып отыр. Енді азаматтардың денсаулығына зиян келтірілсе, мас жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан және 10 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылады, ал қайтыс болған жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 11 қаңтардан бері мас күйінде көлік жүргізген 8 адам ұсталған. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қалалық департаментінің арнайы қабылдау орнында 6 жүргізуші 15 тәулікке, 2 жүргізуші 20 тәулікке қамалған, олардың сегізі де жүргізуші куәлігінен айырылады.

«Сергекке» сергек бол!

Несін айтасыз, бүгінгі таңда жол ережесіне байланысты жаңа заң қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде «Сергектің» жұмысына көңілтолмаушылық, тіпті наразылық білдірген пікірлер қаншама? «Сергек» атты алғашқы жоба 2017 жылы Нұр-Сұлтанда алғаш іске қосылып, қосылған кезден бастап жақсы нәтижелер көрсеткен. ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, Полиция департаментінің бірлескен жұмысының арқасында қала жолдарындағы өлім-жітімді екі есе азайтуға қол жеткізгенін айтады. «Сергек» тұманда, қарда, жаңбырда яғни кез келген ауа райында жұмыс істей алады. 10 қаңтардан бастап Нұр-Сұлтанда алкогольді күйде көлік құралын жүргізу жауапкершілігінің күшеюіне байланысты жедел-алдын алу шаралары өткізілуде. Елордалық Ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, «Сергек» фото-видео түзету жүйесін енгізу жазатайым оқиғалардың санын айтарлықтай азайт­қан. Сонымен қатар, жүргізушілер арасында көлік тәртібі жақсарған.
Елордалық Ішкі істер департаменті жол-көлік оқиғалары көбірек болатын учаскелерді атады. Жол-көлік оқиғаларының талдауы бойынша, жол-көлік оқиғаларының жиі кездесетін түрлері – жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзуы, көбінесе мұндай бұзушылықтар Қабанбай батыр даңғылы бойында, №10 үйге қарама-қарсы учаскеде тіркеледі. Келесі жол апаты ықтималдығы бар көше – Сарайшық даңғылы М-1 көпірі. Ал Бөгенбай батыр көшесі мен Жеңіс даңғылының қиылысында орын алатын жол апатының негізгі себебі – қиылыс­тарды кесіп өту, жол ережелерін бұзу. Бұл ең алдымен көлік кептелісіне байланысты.

Балдық жүйе тиімді ме?

Көпшіліктің пікірінше, «Сергектің» «тым сезімталдығы» мен айыппұлдардың мөлшері қара халыққа тиімді емес. Жаңа ережені «қалта қағудың» бір тәсілі деп түсініп жатқандар да жетерлік. Ал кейбір тәртіп сақшыларының пікірінше, ереже бұзушыларға айыппұл жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін, соның ішінде камералармен жазба, жинау пункттері арқылы балдық жүйемен салынуы керек. Яғни жүргізуші белгіленген шектен асып кетсе, оны жүргізуші куәлігінен айыру ұсынылады.
Жалпы мұндай айыппұлдар жүйесі Украинада 2015 жылдан бастап қолданылып келеді және осы жылдан бастап Арменияда пайда болған. Мысалы, Украинада әр жүргізушіге жыл сайын 150 ұпай беріледі, ал жол ережесін өрескел бұзғаны үшін олар бірден 50 балл алып тастайды. Ал Арменияда әр жүргізушіге бір жылға тоғыз ұпай беріледі. Егер бір жыл ішінде автокөлік жүргізушісі ұпайларын сарқып алса, ол алты айға жүргізуші куәлігінен айырылады және үш айдан кейін теориялық емтихан тапсырып куәлігін қалпына келтіре алады екен.
Бұл, әрине, әлі де талқыға түсетін, үлкен мінберлерде жан-жақты қаралатын мәселе. Қалай болғанда да, басты мақсат – жүргізушілерді жол қозғалысы ережелеріне аса мұқият болуға шақыру.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =