«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Маржан ЕРШУ: ЖЫЛҚЫ БАҚҚАН АУЫЛДА ӨСКЕНДІКТЕН АЛАМАН СӨЗІ ӨЗІМЕ ҚАТТЫ ҰНАЙДЫ

0 471

Notice: Undefined index: title_tag in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/plugins/azurecurve-toggle-showhide/azurecurve-toggle-showhide.php on line 151

Маршан Ершу

Жақында «Фолиант» баспасынан белгілі ақын Маржан Ершудің «Аламан» атты кітабы жарыққа шықты. Айта кетерлігі, бұған дейін Маржан Ершу «Айек» деген бүркеншек атпен «Шырақ» (2004), «Пырақ» ( 2008) атты кітаптарын шығарған еді.
Әдебиет әлеміне Айек деген атымен енген Маржан Аманқосқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық түркітілдес елдер поэзия фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі (Түркия). Оның «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Шырақ», «Пырақ», «Ерік Құрманғалиев», «Ораз би» атты кітаптары оқырман қауымға жақсы таныс. Бұл кітапқа ақынның әр жылдары жазған шығармалары (поэзия, драма, проза, аударма, әдеби-сын мақалалары) енген. Сонымен қатар, ақын әңгімелерінің түрік тіліндегі нұсқасы да бар.

китап

– Маржан Аманқосқызы, «Аламан» атты жаңа кітабы­ңыз құтты болсын! Аламан дегенде, есімізге аламан-бәйге, жарыс түседі. Әдебиет әлемінде аламан бәйге шынымен де жетіспей тұрғандай.

– Аламан деген сөз мінезге де байланысты айтылады. Әбіш Кекілбаев алпысыншы жылдары жазған бір мақаласында былай деген екен: «Өнер де – бәсеке. Өнердегі шын бәсеке шын талантты шығандатып биікке көтереді». Жылқы баққан ауылда өскендіктен, аламан сөзі өзіме қатты ұнайды. «Кітабыңның атауы күшті екен» деп жатыр қыздар.

– Кітаптың безендірілуі көр­кем. Көз тартады. Компью­терлік графика өмірімізге етене еніп кеткендіктен бо­лар, бұл күнде шығып жат­қан кітаптардың дені ком­пьютерлік дизайнмен жасалады.

– Дұрыс айтасың. Атырауда Кәмила Жапалова деген белгілі суретші бар. Менің досым. Екеуміз біраз жылдан бері шығармашылық байланыстамыз. Кәмила менің «Дина», «Қыран» атты поэмаларымның, «Құдыретті қобыз туралы ертегім­нің» желісі бойынша картиналар салды. Сурет­ші досым осылайша менің кезекті кітабымның да мұқабасының безен­дірілуіне өзі араласты.

– Мұқаба сыртында – ұр­шықтың жанында ұршық­тай үйірілген ұлттық киімдегі қыздар. Неге бес қыз? Неге жетеу емес?

– Махамбет бабамыздың «Бізге біткен бес еркектің буы бар» деген өлеңі бар. Есенғали Раушанов кейін бұл шумақты қайталап, жаңартты. Махамбет бабамның сөзін сәл өзгертіңкіреп айтсам, «бес қыздың буы» бізде де бар шығар. Әдебиеттің әр түрлі жанрында қалам тербеп келе жатырмын. Кітабым бес бөлімнен тұрады.

– Әңгімелеріңіздің түрік тіліндегі нұсқасын да қатар беріпсіз. Пиар болсын деп ойладыңыз ба?

– Түбі бір түркіміз. Егемендіктің арқасында бұл күнде әдебиетіміз мен мәдениетіміз біте қайнасып, араласып, бір-бірімізді жақыннан танып жатырмыз. Менің біраз түрік қаламгер достарым бар. Олар да менің шығармаларымды өз тілдерінде оқығысы келеді. Қазақша-түрікше кітап болса деп айтып жатады. Шығармаларымды түгел аудару әзірге қиындау. Түркияда түрік тілінде кітабым шығады деп жатыр. Әңгімелерімнің жинағы.

ХАБАРЛАНДЫРУ

Бүгін сағат 16. 00-де (03.02.2015) Ұлттық академиялық кітапханада «Аламан» кітабының тұсаукесері өтеді. Тұсаукесерге зия­лы қауым және шығармашылық өкілдері шақырылып отыр.

– Жақында «Ерік Құрман­ғалиев», «Ораз би» атты кітаптарыңыз шықты. Енді, міне, қолымызда – «Аламан»…

– Тағы бір кітабым бар дайындап жатқан. «Дина Нұрпейісова» деген кітап. Дәл қай күні шығатынын айта алмаймын. Демеуші табылса, шығар.

– Қай кезде жазғанды ұната­сыз?

– Мен уақыт талғамаймын. Шы­ғар­­­­маларым оқиғалы-сюжетті бол­ғандықтан, басымдағы ой әбден пісіп-жетілген кезде ғана жазуға отырамын. «Он күн ойланасың, бір күнде жазасың» деген белгілі фраза бар емес пе?!

– Түрік әдебиетінен біршама аудармалар жасадыңыз? Сол үшін сізге қаламақы төлей ме түріктер?

– Аудармаға қызығушылығым арқылы келдім. «Түрік қаламгерлері қалай жазады және нені жазады?» деген сұрақтар басымды қатырды.

– Таптыңыз ба?

– Оларда ұлттық рух, түрік рухы биік тұрады екен. Тауды жырласа да, тасты жырласа да, жапырақты жырласа да «Мен – түрікпін» деген дауыс естіліп тұрады .

– Түрік жазушысы Орхан Памук туған халқын ғайбаттаған романы үшін Нобель сыйлы­ғын алды деген пікір бар емес пе осы?!

–  Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Қайсыбір жылы Түркияда өтетін Хазар поэзия күндері мере­кесіне қатыстым. Бір шараны кітап дүкенінде ұйымдастырған екен. Кітап сөрелерін аралап жү­ріп, көңілімізге қызық сұрақ кірді. Дүкеншіден «Сіздерде Орхан Памуктың кітабы бар ма?» деп сұрағанбыз. Дүкенші қызыл кірпіштің қалыңдығындай кітапты алып келді. Соңғы данасы. Бағасы бір доллар деді. Мен сатып аламын деген әзербайжанның ақын қызына, дүкенші «Сізге сыйлыққа береміз» деп, кітапты пакетке салып берді. Орхан Памук туралы осыдан кейін не ойлауға болады?!

– Драма жазуыңызға не себеп болды?

– Драма жазуыма себепші болған – Ресейдің Халық әртісі Сергей Безруков. Оның сахналық қойылымдарын көрсем, шабытым оянады.

– Бүгінге дейін жазған шығар­маларыңыз қанша баспа табақ болады шамамен?

– Жазғандарым үш томдыққа жүк болады. Тіпті, одан асып кетуі де мүмкін. Өзіме салса, шығар­машылықпен айналысқан ғана ұнайды. Қазіргі уақытта шығар­машылықпен еркін айналысу өте қиын. Кеңес заманындағыдай бұр­қыраған қаламақы деген жоқ. Газеттерге өлеңімді апарсам, «мақала, қара сөз жазып әкел» дейді. Жиырмадан астам поэмам бар. Поэма баспаймыз деп ашық айтады. Ал мен бір отырсам, тоқтай алмай жазам ғой. Маған да оңай ма екен?!

 – Демеушілеріңіз көп пе?

– Демеушілерім көп те емес, жоқ та емес. Кітапты түсінетін адам көрсек, туыс көргендей қуанатын халге жеттік қой.

– «Аламанның» алғысөзін Халық әртісі Бибігүл Төлеге­нова жазыпты.     Неге белгілі қаламгерге жаздырмадыңыз?

– Бибігүл Ахметқызы өте бір шынайы адам. Ол кісімен «Ерік Құрманғалиев» атты кітабымды дайындау барысында жақын танысып, араластым. Пікірлесіп, ақыл-кеңесін тыңдадым. Бір күні Бибігүл апай «Маржан, сенің өлеңдеріңді оқығым келеді» дейді. Ол кісі менің не жазып жүргенімді білгісі келген шығар. «Шырақ», «Пырақ» атты кітаптарыма алғысөз орнына сөзді өзім жазған едім. Соны көргені шығар, мен бір пікірімді айтайын деді. Айта кетейін, бала кезімде Бибігүл Төлегеноваға еліктеп әртіс болғым келген. Ол кісінің ұлттық киіммен, ұлттық әшекеймен түскен сахналық суреттері мені қатты қызықтыратын.

– Әңгімеңізге рахмет. Шығар­машылық табыс тілейміз.

 

Сұхбаттасқан:

Бауыржан Қарағызұлы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды