Мәртебелі музыка мәресі

0 121

Аккордтар үнімен атыраптағылардың назарын­ Астанаға аударған «Astana Piano Passion» фестиваль-байқауының шымылдығы жабылды. 16 мамыр күні «Қазақстан» орталық концерт залында­ үш мыңға жуық көрерменнің қатысуымен шараның соңғы гала-концерті­ өтті. Өнерімен бәйгеге түскен жас жеткіншектердің жеткен­ жетістіктері жайлы қорытынды да осы кеш барысында айтылды.

Еске сала кететін жайт, әлемнің 12­ мем­ле­кетінен келген 18 жасқа дейін­гі­ балғын пианистер бір апта бойы үш­ топқа бөлініп, бақ сынасқан. Әуелгіде бір­­­не­ше мәрте іріктеу сындарынан өткеннен кейін дүйім жұрт алдында жеке өнер көрсетіп, бір қадамын артқа тастаған еді. Екінші сынақ кезінде олар оркестрдің сүйемелдеуімен түрлі туын­ды­ларды ойнады.

Нәтижесінде, кіші топ бойынша Роман Бори­сов (Ресей), Николай Варламов (Ресей),­ Владимир Иванов (Ресей) және ең жас, сүйкімді сайыскер қазақстандық Санжарәлі Көпбаев екінші орынды иеленді. Оларға әділ қазылар алқасы атынан Денис Мацуев пен Рио-де-Жанейро музыка академиясының про­фес­соры, Dell-Arte мәдени қорының пре­зи­денті, Бразилиядан келген қонақ Мириан Дауэльсберг марапат белгісі мен сый­лық­та­рын табыстады. Атап айтар болсақ, жеңім­паз­дар­ға диплом, ақшалы конверт, «Бәйтерек» кәде­сыйы мен Астана қаласы әкімі атынан арнайы сыйлық ұсынылды.

Орта топ бойынша аты озғандарды мара­пат­тау үшін байқаудың көркемдік жетекшісі Денис Мацуев ортаға «Астана опера» опера және балет театрының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор­ Төлеген Мұха­мед­жановты шақырған. Бұл­ жас­та­ғы­лар бойынша үшінші орын –украи­на­лық­ сайыскер Олексей Канкеге, екінші орын – Солтүстік Кореядан келген Ю Пель Миге, бірінші орын ресейлік Александр Малофеев пен жапон Юкине Курокиға бұйырды.

Ал, үлкен топтың жеңімпаздарын Ирлан­дия патша музыка академиясының, Shenandoah кон­серваториясы мен Showa музыкалық ака­де­мия­сының про­фессоры Джон О-Кон­нор­­­ мен­ Ре­сей­дің еңбек сіңірген әртісі, П.И.­­Чай­ковский атындағы Мәскеу мемле­кет­тік консерваториясының профессоры Валерий Пясецкий марапаттады. Ересектер ара­сын­да­ғы үшінші орынды – кореялық Сэ Юн Чон мен жапониялық Ю Накамура, екінші орынды­ – даниялық Густав Крог Хансен Пьекут пен ресейлік Илья Бахтин, ал бірінші орын­ды ресейлік Александр Кутузов иеленді.

Ита­лиялық Джоржио Ботоли Трионе мен ресейлік Николай Кузнецов арнайы дипломмен марапатталды.

Астананың он бес жылдық мерейтойы қар­са­­ңын­­да және алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқаудың өту дәрежесі жоғары бол­ға­ны­на шүбә жоқ. Байқау-фестивальдің тағы бір артықшылығы, ww.astana-app.kz сайты арқылы тікелей эфирде көрсетіліп отырған шараның барынша ашық және әділ өткендігі. 10-16 мамыр аралығында байқауды әлемнің әр шалғайындағы 15 мың көрермен тікелей желі арқылы тамашалады. Ал­ одан бөлек жалпы сайтқа кіріп, жер жүзі­нің­ әр нүктесінен 50 мыңнан астам адам бай­қау­ ба­ры­сын қызықтапты. Осынау мәдени мере­кенің ауыз толтырып айтарлықтай биік дең­гей­і­не, оған Астана әкімдігі барынша қолдау көрсетіп, шебер ұйымдастырушылық таныта біл­геніне ризашылығын білдірген Денис Мацуев­ сол кештің тағы бір қаһармандарын ұмыт қалдырмады. Олар – педагогтар. Сайыс­қа келіп, пианино тартып, музыка өнерінің түрлі мектептерін паш еткен балалардың ұс­таз­дары. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәния Әубәкірованы ортаға шақырған Денис­ Мацуев байқаудың ұйымдастырушылары мен қазылар атынан өнерпаз жастарды жетектеп әкелген ұстаздарына да арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.

Кеш мұнымен біткен жоқ. Уәде етіл­ген­дей, байқау финалистеріне көрсеткен жетіс­тік­те­ріне орай жоғары дәрежелі халықаралық фестивальдерге қатысуға жолдама ұсынылды. Ал, ресейлік кішкентай ғана пианист Николай Варламовқа жергілікті халық өнеріне бойлап, қазақ композиторларының туындыларын үздік орындағаны үшін арнайы сыйлық берілді.

Кеш соңында мәлім болғандай, «Аstana Piano Passion» жас пианистердің І халық­ара­лық байқауының гран-приі үлкен топтың жеңімпазы Александр Кутузовқа бұйырды. Бұл марапатты табыстау үшін сахнаға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов көтерілді.

«Біздің байқауда ұтылған ешкім жоқ. Сәт­сіз­дер мүлдем жоқ мұнда. Тек қана бірден бері­ле салатын адамдар болады. Өмірде табан­ды еңбектің баламасы жоқ. Еңбек шебер­лік­ке, ал табандылық пен талант даңқ­қа жетелейді. Сондықтан, мен сахнада тұрған жас достарыма – сендер бәрің де жеңім­паз­сың­дар дегім келеді» деді әкім.
Сонымен, осы байқаудың ең қымбат кәдесі Денис Мацуевтің роялі Александр Кутузовқа ұсынылды.

Бұл кештің әр минут, әр секунды көрерменді жалықтырған жоқ. Жеңімпаздардың кон­церт­тік бағдарламасын Мацуевтің өзі жүргізді. Шын өнер иесі қаншалықты атақты болса, соншалықты қарапайым, баладай пәк, таза бола­тынына көз жеткізе түскендей, ол жаны­на ең жас сайыскерлер -Варвара Кутузованы,­ Шуан Эрн Лиді және біздің Санжарәлі Көп­баев­ты отырғызып алды. Бір-біріне ымдап, сыбыр­лап отырып, осы төрт жүргізуші бағ­дар­­ла­маны жандыра түсті.

Бір аптаға созылған «Аstana Piano Passion» фес­тивалінің қызығына қанбай қалған жұрт ықыласын жасырмаған. Соған орай халық­ара­лық байқаудың келесі кезегі 2014 жылы өтетіні мәлім болды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 5 =