Маркетинг – кәсіпкерлік «тұздығы»

0 117

Жаһандық даму кәсіпорындар арасындағы бәсекелестікті арттырып, тұтынушылар үшін күресті күшейтіп келеді. Бүгінде «маркетинг» ұғымы кез келген ортада кең таралған. Маркетинг – сіздің кәсібіңіз жайында ештеңе білмейтін адамға сататын қызметтеріңізді әдемі, тиімді және пайдалы екендігін көрсететін құрал, яғни тұтынушының ойында кәсіпорын қызметін немесе тауарын сатып алуға деген мотивін ояту. Ендеше маркетингтің бүгіні мен болашағына көз салсақ.«Маркетинг – бизнестің «тұздығы». Оның міндеті – керемет дәм беру және тұтынушыда сатып алуға деген құштарлықты ояту» деп А.Панкрухин айтқандай, маркетинг кәсіпкерлікте шешуші рөлге ие. Соңғы жылғы атышулы пандемия маркетингтің маңызын асырмаса, түсірген жоқ. Кәсіпорындар арасындағы тұтынушыға деген талас күннен-күнге күшейіп, маркетингтік әдіс-тәсілдер мен технологиялар уақыт өткен сайын дамып, тіпті таңғалдырып келеді.
Мысалы, бәріміз білетін Instagram желісінде таргетинг қызметі арқылы компания өзінің өнімі немесе қызметіне қызығып жүрген тұтынушыларға жарнамасын тікелей көрсете алады. Таргетингте жарнама көрушілердің жасы мен қызығушылықтарын, тұрғылықты жерін, уақытын таңдауыңа болады. Осы арқылы жарнама сатып алу мүмкіндігі жоғары тұтынушыларға көрінеді және компанияға үлкен табыс алып келе алады. Сонымен қатар жасанды интеллект те маркетингте қолданыла бастады. Олар 24 сағат бойы сізге қызмет көрсетуге, кеңес беруге дайын. Осы арқылы тұтынушылар компания қызметін қалаған уақытында тұтына алады.

Қандай маркетингтік мектептер бар?

Статистикаға сүйенсек, әлеуметтік желілердегі жарнамалық бюджеттер бүкіл әлемде екі есе өскен. 2018 жылы 16 миллиард долларды құраса, 2020 жылы 31 миллиард долларға жеткен. Демек, бұл кез келген бизнес үшін жарнамалық бюджеттің ұлғайып жатқанын көрсетеді.
Қазақстан маркетингке арналған бюджет көлемі бо­йынша Словения мен Румыния арасында тұр. Жарнамаға бір қазақстандыққа 7,76 доллар жұмсалады. E-Marketer және «Орталық Азия жарнама қауымдастығы» сарапшылар комиссиясының деректері бойынша АҚШ-та бұл көрсеткіш бізден 100 есеге артық, яғни 677,1 доллар. Еліміздің цифрлық медиаресурстардағы жарнамасының көлемі 2020 жылы 49,76 млрд теңгені құрады. Бұл ретте отандық нарыққа осы кезеңде компаниялар 14 млрд теңге немесе 40 млн доллар бөлді. Әрине, бұл маркетингтік мектептер санының артуына алып келді. Бүкіл әлемдегі маркетингтік мектептердің көздеген мақсаты бір: өз шәкірттеріне қаржы мен уақытты үнемдейтін ең жақсы маркетингтік стратегияларды үйрету және нұсқау беру. Әлем бойынша топ-3 маркетингтік мектеп қатарына Нотр Дам университеті, Флорида университеті, Сент-Джозеф университеті кіреді. Оларда оқу құны – жылына 43-50 мың АҚШ доллары.
Қазақстанда маркетинг саласы енді ғана дамып келеді. Сондықтан да нақты мына мектептер мықты деп айту және салыстыру қиын. Сонда да осы салада жоғарғы көрсеткіштер көрсетіп жүрген оқу орындарына тоқталып кетсек. Бірінші орында – Назарбаев университеті. Оқу құны – жылына 19 мың АҚШ доллары немесе 7467000 тг. Екінші орында – Сүлеймен Демирел атындағы университет. Оқу құны – жылына 6 мың доллар немесе 2100000 тг. Үшінші орында – соңғы кезде үлкен танымалдылыққа ие болып жүрген Шонбай онлайн-университеті. Оқу құны – 3 айға 405 доллар немесе 169000 тг.

Отандық брендтерді мойындайтын уақыт жетті

Әлемдік брендтерді таңдау беделді деп саналатын уақыт біртіндеп өтіп жатыр. Бұрын қазақстандықтар Louis Vuitton сөмкелерімен жүруді, Gucci аяқ киімін киюді ұнататын болса, дьюти-фриден элиталық брендтердің парфюмериясын алып, үйге италиялық жиһазға тапсырыс берген болса, қазір бізде сапалы өнім шығаратын және оны тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша экспорттайтын дарынды кәсіпкерлердің тұтас тобы пайда болды. Әлемдік брендтермен бәсекеге түсе алатын отандық өнімдердің тізімі өте көп. Сондықтан барлығын қамти алмасақ та, бірнешеуіне тоқталсақ:
1. LOTUS ORGANICS @lotusorganics_co
Әлемде балдырлар бактериялары негізінде биотехнологиялық штамдардың патенттелген өнімдерін шығаратын жиырма шақты компания бар. Органикалық бактериялар өндіретін Lotus Organics зауытының бірі Қазақстанда, Түркістан облысында орналасқан. Оның негізін қалаушылар – Азамат Ибадуллаев және ғалым Фархад Омаров, биология ғылымдарының докторы. Олар бірінші болып спирулина мен хлорелла-органикалық бактерияларды өсіре бастады және оларды Еуропаға килограмы 600 евродан экспорттады. Түркістан облысында бактерия өсіру үшін барлық жағдай жасалған, демек біздің еліміз өзін органикалық өнімнің ең мықты өндірушісі ретінде көрсете алады.
2. ARGYMAQ @argymaq
ARGYMAQ брендінің негізін қалаушы Сүлеймен Задин ұзақ уақыт бойы Қазақстандағы люкстік маркалармен жұмыс істеген. Алынған тәжірибе мен байланыстар негізінде Сүлеймен өзінің argymaq былғары аксессуарлар брендін жасауға шешім қабылдап, бір жылдан аз уақыт ішінде Hugo Boss, Montblanc және басқа да әлемдік брендтердің әмияндары мен валюташыларын басып озып, қазақстандық ерлер арасында танымал болды. Argymaq өнімдері ұлттық стильдегі жылқылар, қарлығаштар, қызғалдақтар секілді авторлық басылымдармен ерекшеленеді.
3. VINO BIKE @vinobike
Vino Bike – аты аңызға айналған велошабандоз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров негізін қалаған веложарыс бренді. Оның есімінің өзі бренд, сондықтан оның жобалары өте танымал. Велосипедтерден басқа, Vino Bike өнімдерінің қатарында велоспортпен айналысуға арналған аксессуарлар мен киім-кешек ұсынылған.
Қорытындылай келе айтайын дегенім, маркетингтің не екенін түсіну жеткіліксіз, іс жүзінде маркетингтік стратегияларды үнемі жүзеге асырып отыру керек. Сонда сіз өз бизнесіңізде үлкен жетістікке жетесіз.

Мардан НАРЕН,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университеті экономика
факультетінің магистранты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =