Марина ФРЕЙ: ЖИДЕНІҢ ИІСІН ЖИІ САҒЫНАМЫН

0 206

Маринааа

Мен бүгінде Германияның Берзенбрюк қаласында тұрамын. Осыдан он төрт жыл бұрын кіндік қаным тамған Қазақстаннан тарихи отанымызға көштік. Қанша жыл өтсе де, киелі жердің топырағын, туған ауылымды, ондағы қазақтарды сағынамын.

Қазақтар «туған жердің түтіні ыстық» деп бекер айт­паған екен?! 1977 жылы Қы­зыл­орда облысы, Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылында туғанмын. Сол ауылдағы жергілікті халықпен туғандай араласып кеткен үш неміс отбасының бірі біз едік. Әкем Томас колхозда жұмыс істесе, анам Нелли мектепте 25 жыл еңбек етті. Олардың ауылға деген сағынышын қаламмен жет­кізу мүмкін емес.

Біз Германияға отбасымызбен қоныс аудардық. Кетерде көрші-қолаңдар жиналып, ақ дастарқан жайып, ақ тілектерін айтып шығарып салған еді.

Әкем қазақтардан көп нәрсе үйренді. Ауылда жүгерісі мен жидесі керемет жайқалып өсе­тін біздің үй еді, шіркін! Тауық, үйрек, қаз өсіріп, мал ба­сын қан­шама көбейткен едік.

Өзім сондағы орта мектепті тәмам­дадым. Алтын мінез­ді Фанар апайымды, өзі қатал бол­­ға­н­ымен жүрегі жұмсақ Қы­дыр­­­бай ағайымды са­ғын­­дым. Көрші­лердің қо­нақ­­жай­лы­ғы­ның өзі неге тұ­рады?! Ауыл­дың құртын, майын, ірім­­шігі мен піскен айранын сағы­намын. Кейде балаларым да осындай дәмді білгенде ғой деп армандаймын.

Германияға келіп, неміс жігі­тіне тұрмысқа шықтым. Шүкір, ұлым мен қызым өсіп келеді. Осында денсаулық сақтау ме­кемесінде жұмыс істеймін. Өз Отанымызда жүр­сек те, туған жердің са­ғы­нышы басылмайды екен. Балалық шағым өткен
Жа­ңатұрмыстағы тамды көргім келіп, аңсаймын.

Қазір ақпараттық техно­ло­­гияның дамыған заманы. Әлеу­меттік желілер арқы­лы ауылдағы таныстар­ды тауып алып, хат-хабар алмасып тұ­ра­мын. Ауылдың жаңа­лық­тарын қалт жібермеймін.

Әлгі өзім туып-өскен үйдің, оқыған мек­те­бім­нің суретін алдырып, интер­­нет­тегі жеке парақшама са­лып қойғанмын. Әзірге сағы­ны­шымды солай басып жүрмін.

Айтпақшы, көз көрген көрші ата-әжелердің, ағалардың қай­тыс болғанын естігенде, тө­беме мұздай су құйып жібер­гендей болады. Көз алдыма ол кісілердің жарқын бейнесі келді. Әсіресе, марқұм Албала апаның жүгеріні әбден сүтке қайнатып пісірген, тіл үйірер наурыз көжесінің ерекше дәмі аузымнан кетпейді.

Қазір ауылымның жағдайы біршама жақсарған сияқты. Бұрын аялдамалар болмайтын. Сонда да шаң басқан көшелерін сағынады екенсің.

Ол кездері ауыл клубына жиналып, жастар жағы концерт қоятын едік. Сол күндер қызықты еді, шіркін! Бұйыртса, балаларыма туған ауылымды, оқыған мектебімді көрсетсем деймін.

Өмірлік тәжірибемде Қазақ еліне ештеңе жетпейтінін ұқтым, бір күні Қазақстанға қыдырып келетініміз – ақиқат!

Берзенбрюк қаласы, Германия

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 9 =