МАРГАРЕТ ХАНЫМНЫҢ АНГЛИЯЛАРЫ

0 211

8 сәуір күні «темір леди» Маргарет Тэтчер қайтыс болды. Тұтастай саяси кезеңнің келбетіндей болған тұлғаның істеріне бір үңіліп, жадымызды жаңғыртып алсақ.

Әдетте елдің аты өзінің әлеуетінен хабар береді ғой. Ұлыбритания десе де бай-қуатты елдің образы қалыптасып қалғаны рас. Бірақ былайғы жұрт Англияның кешегі Екінші дүниежүзіліктен кәдімгідей банкрот болып шыққанын біле бермейді. Техникалық дүмпудің отаны сол жылдарда артта қалған елдер сияқты, егінді соқамен егіп, орақпен орғаны да онша мәлім жәйт емес.

Сол алмағайып соғыстан («ақтабан шұбы­рындыдан» бетер деуге келмес бірақ) кейін әлемдік саяси қайраткерлер тұғырнамасына ағылшын тарапынан бекіген екі тұлға бар: бірі – Черчиль, екіншісі – Маргарет Тэтчер. Біріншісі антисоветтік риториканың негізін қаласа (әйгілі «Фултондағы баяндама»), екіншісі – сол советтердің күйреуін көзімен көріп, тігісін жатқызып кетті.

Тэтчералды Англия

1980 жылдар үлгісіндегі Англияны аға толқын «Биттлзбен» елестетеді. Ливер­пульдік төрттіктің қайсы әні болмасын, бақуатты ел тұрғындарының салтанатты әндері боп естілгені рас. Бірақ тап сол уақытта Англияны әлеуметтік-саяси сеңжүрістер қақыратып жатқан болатын.

Біріншіден, соғыс «күйбеңімен» жүріп, жылы жабыла тұрған Солтүстік Ирландия мәселесінің қазаны таси бастады. Екіншіден, дәстүрлі экономикалық саясат жаһандық деңгейде сыр берді. Мысалы, көмір негізіндегі электр мен жылудың басқа бақталас елдерден өте-мөте қымбат болуы экономикаға кәдімгідей тұсау болды. Англияның мықты­лығы – баяғыдай жасампаздық емес, жәй ғана басқа елдермен ертеде қалыптасқан әкімшілік-шаруашылық қатынастардың жілігін кеміру ғана екені түсінікті болды. Ал самарқау қоғам болса, мұндай жағдайды өз­гер­туге еш құлық танытпады. Салқынқанды ағылшын үшін тәждің қуаты туралы ертегі мен апта сайын тұрақты алып тұратын жалақысы – реформалар қажет­тілігінен артық құндылықтар еді.

Бір қызығы, осы тұстарда, ағылшындар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қандай негізде ұлы мемлекет һәм халық боп есеп­телгенін, БҰҰ-да блоктаушы дауысқа ие болғанын еш түсіне алмайсыз. Қараңызшы, Тэтчерге дейін Англия экономикасында экспорттық сипат жоқ деуге де болады: елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруды місе тұтып келген. Бұлардың қорытындысы бойынша, біз Тэтчерге қандай құйтырқы «мұра» қалғанын әлден аңдап отырмыз.

Көрсетілген саяси-экономикалық қай­шылықтар 1979 жылғы парламент сайлауында қызық қорытындыға әкелді: әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларымен жеңіске жетіп келген жұмысшы партиясы кенет ойсырай жеңіліп, жақсылықтың нышаны аз консерваторлар жеңіске жетті.

Тэтчер кезеңінің Англиясы

1979 жылы жеңіске жеткен Тэтчер өзінің реформаларымен тіпті жақтастарының да үрейін ұшырған болар.

Леди Маргареттің «бісмілләсі» прива­тизация болды. Тәждің беделімен және өзара ауызжаласушылықтың десек пе екен – ар­қасында жан сақтап келген ірі мемлекеттік компаниялар еркін нарыққа шығарылып тасталды. Бұл жерде 1990 жылғы үлгідегі Қазақстандағы реформалармен аналогия келтіруге әбден болады. Сол кездегі еліміздің көңіл-күйі мен Тэтчердің алғашқы шаралары кезіндегі Англияның жабырқау қамкөңілінде ұқсастықтарды көп таба аласыз.

Әлбетте, XX ғасыр басынан бергі «трейд юниондар» деп аталып кеткен алпауыт кә­сіпорындардың өзара және олардың тұты­нушыларының қуатты одақтары жылы тө­сектен атып тұра қойды деу орынсыз болар. «Таза ағылшындық сабырлы экономикаға» қол сұққан Маргарет ханым біздіңше «халық жауы» боп кетуге аз-ақ қалды. Өндірістің тиім­ділігін арттыру, өз бетіңше тұтынушы іздеу; тап сол уақытта бақталас елдердегі өндірістен асып түспесең, кем түспеу мәселелері ағылшын бизнесі үшін көз көрмеген, құлақ естімеген масқара болды десек, артық емес. Уытты әзілге қашан да тапқыр ағылшын жұрты «Рейганның асылтұқымды иті», «қаныпезер ханым» деген айдар таққан тұс та сол кездер. Ақыры кәсіпорындар Тэтчердің бастамаларына толассыз ереуілдермен жауап беріп тынды. Үкімет үшін олардың ең ауыр тигені – 1984-85 жылдардағы көмір кеншілерінің ереуілі болған шығар.

20 мыңға жуық жұмысшыны қысқарту шешімі – тарихта бұрын-соңды кездеспеген экономикалық прецедент. Оның үстіне бұл шешім консерваторлардың беделі онсыз да құлдыраған тұста қабылданды. Өзін-өзі өртеу. Қаңырап қалған кенттер. Аштыққа бір елі қалған жанұялар. Кез келген адамды қаймықтыратын көрініс. Бірақ Тэтчерді емес. Ол керісінше, жараның аузы ашылған екен, біржола қырнап тастайық деген ұстанымда болды.

Англияның ежелгі «бас ауруы» – Солтүстік Ирландияның тәуелсіздігі мәселесінде де бір мысқал шегінбеді. Өкінішке қарай, сол жылдары Англия Ирланд Республикалық Армиясы тарапынан жасалған лаңкестіктер әрекеттерден көз ашпаған болатын. Оған қоса Ирланд азаттығының белсенділері де («Шинн Фейн») өздерін саяси тұтқын деп тануды талап етіп, қыспаққа алған болатын. Тэтчер бұл
тұста да компромистен гөрі «тұрысатын жеріңді айт!» ұстанымынан айни қоймады. Рас, әлемге көрінеугөз келіссөздер шараларына қоса, онша зайырлы емес астыртын әрекеттерге де барды деген сыбыс бар.

Сол кездері беделі әбден құлдыраған Тэтчерді екінші кезеңге қалады десеңіз, күлкіге қалған болар едіңіз. Бірақ Аргентинамен болған Фолкленд аралдары үшін болған соғыста, абырой әпере бермеген қайсарлығы мен табандылығы кәдеге жарап қалды: соғыстан кейін отансүйгіштік рухы тағы бір серпіліп қалған сайлаушылар оның партиясының екінші кезеңдегі жеңісін де қамтамасыз етті.

Тэтчерден кейінгі Англия

Тэтчердің премьер-министрлігінің аяғы – 1990 жыл – Советтер Одағының қа­қы­­рауымен тұспа тұс келді. Анау-мынау монархтың қолынан келмейтін табандай 21 жыл ел басқарған Тэтчер, «тэтчеризм деген ұғым бар, бірақ мейеджоризм деген ешқашан бола қоймас» деп, өз партиясы мен оның жаңа басшысы Джон Мейеджорға ренішін білдіре кетті.

Дегенмен, ашық нарыққа қуылғандар мен көмір кенішін тастап, мұнай саласына ауыстырылған жұмысшылар 90-жылдары өздерінің жаңа келбетіне әбден үйреніп, саяси қозғаушы күш болудан қалған болатын. Ендеше ішкі саясатта Тэтчердің жолы болмады дегеннен гөрі, дәуірі мен миссиясы аяқталды деген жөн болар. Бірақ осы кезеңдерде Тэтчер біраз уақытқа дейін Англияның сыртқы саясатының келбеті болып жүрді.

Тэтчер ханымға «темір леди» деген әлде комплимент, әлде кекесін айдар таққан Кеңестер Одағы өзінің қайшылыққа толы мем­лекеттігін сақтап қалуға қажыр таба алмай, күйреудің аз-ақ алдында тұрған кез­дері Тэтчердің антисоветтік сөз саптауы әріптестікке ауысқаны рас. Одақ құрамындағы болжалды дербес мемлекеттердің басшылығы алыстан ойлайтын Тэтчердің назарынан ешқашан тыс болған емес. Айталық, Кеңестер Одағы сол кезде қаптап кеткен «шаталиндік-явлинскийлік», «500 күндік – 5 жылдық» бағдарламалардың бірін қабылдап, жан сақ­таған жағдайда, Тэтчердің одақ басшысы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты көргісі келгені мәлім. «Нұрсұлтан Назарбаев – әлемнің көрнекі бес саясатшысының бірі» деп айтқан Тэтчердің, ендеше, Англияның қолдауы, әрине, ол кезде еліміз үшін еш артық болмағаны анық. Және ол сөздерін ұлы мәртебелі уақыт дәлелдеген сыңайы бар.

…Маргарет Тэтчер жер қойнауына тапсырылатын 17 сәуір күні Лондон кө­шелерінде оның ұлықталуы мен ма­дақталуына қарсы жүздеген адамдардың митингісі өтті. Оған – «темір ханым­ның» құрметіне қойылған мыңдаған гүл шоқтары мен шырақтарды қарсы қойсақ, Тэтчердің тарихи мұрасы дегенмен «жақсы» деген сипатта шығар…

Ерлан Оспан

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =