Марат ӘБСЕМЕТОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының Бас директоры: ҰЛТ МҰРАСЫН САҚТАУ — ҰЛАҒАТТЫ ІС

0 271

– Мұрағаттардағы тарихи, экономикалық, саяси, мәдени маңызы бар құжаттар қоры халықтың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екені анық. Ал елордамыздың төрінде тәуелсіздік тарихын сақтайтын Ұлттық мұрағаттың атқаратын негізгі міндеттері қандай?
– Қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты – қоғамның материалдық және рухани өмірін бейнелейтін тарихи жинақталған және үнемі толықтырылып отыратын мұрағаттық құжаттар қоры. Оның басты мақсаты – рухани және білімді ортаны дамыту, елдің мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, қалпына келтіру және тиімді пайдалануды бағыттау болып табылады, ал, басты мақсатты орындауда Ұлттық мұрағат қорын құжаттармен толықтырып, сақталуын қамтамасыз ету және құжаттардың мемлекеттік есебін жүргізу, мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен азаматтарды ақпараттық қамтамасыз ету, құжаттарды пайдалану және жариялау, мұрағат құжаттары бойынша ақпараттық іздестіру жүйелерін құру, мұрағаттану мен құжаттану саласы бойынша әдістемелік жұмыстар жүргізу міндеттерін жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда мұрағаттың толықтыру көздері тізімі 317 ұйымды құрайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының маңызды қызметтерінің бірі – зерттеу мақсатында пайдалану үшін құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Оқу залдарында қазақстандық зерттеушілер санының көбеюімен қатар жақын және алыс шетелдердің ғылыми мекемелерінің өкілдері де жұмыс жасайды. Біз тек қана қағаз жеткізгіштегі ғана емес, сонымен қатар, электрондық жеткізгіштегі құжаттарды қабылдаймыз.

«Электрондық үкімет» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мұрағат саласында да заманауи ақпараттық технологияларды қолдануды талап ету мәселесіне байланысты «Мемлекеттік органдардағы электрондық мұрағаттар жүйесі» ақпараттық жүйесі енгізілген. Бұл құжаттар түпнұсқаларының сақталуына, оларға тез және жеңіл түрде қол жеткізуге, сонымен қатар, мемлекеттік органдардан электронды түрдегі құжаттарды қабылдауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде электрондық мұрағат жүйесі енгізілген бірқатар мемлекеттік органдармен құжаттарды тапсыру бойынша бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

– Мемлекеттік сақтаудағы мұрағат құжаттарының қоғам және азаматтар мүддесіне сай қолданылатынынан хабардармыз. Бұл ретте мұрағаттағы көрмелерге жиі келіп тұрамыз. Осы орайда өткізген көрмелер туралы айта отырсаңыз.

– Иә, Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының жұмыс істеу процесінің бағыттары үш бірдей міндетті атқарады. Атап айтсақ, Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдау; олардың сақталуын қамтамасыз ету; мемлекет, қоғам және азаматтар мүддесіне сай қолдану. Қай мұрағатшы болса да, мұрағаттар қызметіндегі басты бағдардың бірі құжаттық көрмелер деген пікірмен келісері анық. Өйткені, көрме –ретроспективалық құжаттық ақпаратты пайдалану түрлерінің бірі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында: «Тәуелсіз Қазақстан», «Отанына оралған жәдігерлер», «Қазақстан астаналары», «Нұр Отан» ХДП: 10 жыл табыстар мен жетістіктер», «Қазақстан Республикасының Конституциясы – тұрақтылық, келісім, өрлеу», «Қазақстандықтар – Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мұрағаттық құжаттарда», «Қазіргі Қазақстан: болашаққа көзқарас», «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы», «Рәміздер – тәуелсіздік белгісі» және басқа да көрмелер ұйымдастырылып өткізілді.

– Ал мұрағаттың баспалық қызметі жөнінде қандай жаңалықтармен бөлісе аласыз?

– 2007-2012 жылдар аралығында қазақ және орыс тілдерінде мұрағат ісі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер, ғылыми-әдістемелік құжаттар жинақтары; «Қазақстан астаналары», «Нұр Отан» ХДП: 10 жыл табыстар мен жетістіктер», «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» Мемлекеттік бағдарламасы құжаттарда (1997-2004 жылдар)» атты мұрағаттық құжаттар мен материалдар жинақтары; «Электронды құжатайналым және мұрағаттар»; «Мәдени және ақпараттық жаһандану жағдайындағы Қазақстан Республикасы мұрағат ісінің заңнамалық базасы қызметінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинақтары; қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының қорлары жөнінде жолсілтер; Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатындағы оқиғалар мен фактілер жылнамасы және т.б. басылып шығарылды.

2007 жылдан бастап құрылтайшысы мұрағатымыз болып табылатын ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2009 жылдың 22 маусымындағы алқа отырысының шешімі негізінде диссертацияның негізгі ғылыми нәтижелерін жариялау үшін басылымдар тізбесіне «07.00.00 – тарихи ғылымдар» бөліміне енген «Қазақстан мұрағаттары» ақпараттық және ғылыми-тәжірибелік журналы шығарылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатымен келесі іс-шаралар: «Электронды құжатайналым және мұрағаттар» мен «Мәдени және ақпараттық жаһандану жағдайындағы Қазақстан Республикасы мұрағат ісінің заңнамалық базасы қызметінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар; «Қазіргі Қазақстан: болашаққа көзқарас » атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Мұрағаттық мекемелердің жариялау қызметі: жағдайы мен болашағы », «Құжаттама қызметі мен ведомстволық мұрағат жұмысын ұйымдастыру», «Ведомстволық мұрағаттарда барлық жеткізгіштер түріндегі құжаттарды есепке алу, сақтау және оларды мемлекеттік сақтауға тапсыруға дайындау мәселелері», «Ведомстволық мұрағаттарда барлық жеткізгіштер түріндегі құжаттарды есепке алу, сақтау және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатына мемлекеттік сақтауға тапсыруға дайындау мәселелері» атты республикалық ғылыми- тәжірибелік семинарлар; «Мұрағаттық деректер мен тарихи зерттеулер», «Патриотизм – тарих және қазіргі кезең», «Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының қорлары Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігі кезеңінің тарихын зерттеу үшін деректік база ретінде» атты дөңгелек үстелдер және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.

– Мұрағатта мемлекеттік деңгейде қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстан тарихындағы шын мәнінде теңдесі жоқ, аса жемісті гуманитарлық акция болды. Менің 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің «Мұрағат және кітапхана ісі» секциясының жетекшісі болуым да үлкен жауапкершілік артады. 2011 жылдың 12 желтоқсанында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында аталған бағдарламаны іске асыру жөніндегі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткен Қоғамдық кеңестің отырысында 2004-2011 жылдардағы жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижелері баяндалды.

Біздің ұжым да Кеңес отырысы аясында «Отанына оралған жәдігерлер» көрмесін ұйымдастырып, өз үлесін қосты. «Бүгінгі жаңалық – ертең тарих » демекші, қазіргі өмір жолымыз болашақта қағаз беттерінде орын тауып, өз бағасын алары анық. Сондықтан да өткенін қастерлеп, бүгінгісін керегіне жарататын тарихи, мәдени және сан түрлі ғылым салаларындағы шежіренің шындығын сақтап отырған мұрағат қорларымызда сақталып жатқан құжаттарды насихаттап, халқымызға жеткізу мақсатындағы атқарылып жатқан іс-шаралардың маңызы жоғары.

Мен осы 2011 жылдың қазан айынан бастап басқарып келе жатқан киелі шаңырақтың да атқарған ісі орасан зор деуге тұрарлық. Жыл басындағы игі шара 2012 жылдың 25 қаңтарында Ұлттық мұрағатымызға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаевтың келуі болды.

Бағлан Асаубайұлы посткеңестік кеңістіктегі жоғары технологиялық жабдықтармен жасақталған және мамандандырылған мұрағат қоймаларымен, ондағы мемлекеттік сақтаудағы Қазақстандағы белгілі тұлғалардың жеке қорларымен таныса отырып, микрофильмдер көру, аудиожазба және фотоқұжаттар тыңдау және көру, қағаз түріндегі құжаттарды электронды тасығыштарға сканерлеп аудару бөлмелерімен танысты. «Өлі риза болмай, тірі байымас». Сондықтан, жер-жерде мерекелік шараларға ұласып жатқан қазақ халқының әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Байсейітованың 100 жылдығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен мұрағатымызда аталып өткені үлкен мәртебе деп санаймын. Үстіміздегі жылдың 3-7 ма- мыр аралығында «Еуразия кітапханашылар бірлестігінің» ұйымдастыруымен Анкараның Ұлттық Кітапханасында Түркі мемлекеттерінің егемендігіне 20 жыл толуына орай «Түрік бірлестігі (мүше елдер) кітапханаларының қазіргі жағдайы, проблемалары және ұсыныстары» атты өткен симпозиумда мен төралқа төрағасы болып, шараны қазақ тілінде жүргіздім. Онда Түркия Республикасы Ұлттық мұрағаты бас директоры Ұғур Үнәл, Түркиядағы «Еуразия кітапханашылар бірлестігінің» төрағасы Нежип Ерол Олжай мырза, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қызметкері Севда Талу ханым қатарлы кісілермен кездестік. Анкара Ұлттық кітапханасының 65 жылдық мерейтойымен құттықтап, Ұлттық мұрағатымыздың басылымдарын сыйға тарттық. Түркия Республикасының ANADOLU газетінің 2012 жылдың 12 мамырындағы санында газеттің бас редакторы Ефлатун Нейметзаде бұл жөнінде бір бетті менімен жүргізген сұхбатқа арнады. Сапар барысында Түркі мемлекеттерінің мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған бізде жоқ құнды жазбалар, жаңа деректер, тарихи маңызы айрықша өткен ғасырлардан сақталған жәдігерлер қорын толықтыра түсуге және мұрағат қорларын бірге ортақ пайдалану жөнінде ұсыныс жасалды және маған болашақта басылуы жоспарланып отырған «Ауразия мәдениеті» журналына бас редактор болу ұсынылды. Симпозиумда арнайы сертификаттар берілді.

Биылғы жылдың 13 сәуірінде Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай менің жалпы редак- циялауыммен әзірленген «Хроника независимости Республики Ка- захстан: события и факты (1991–2011 годы)» атты анықтамалық- ақпараттық басылымның тұсаукесерін өткіздік.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты Қазақстан еліміздіңмұрағат қорын жеке тұлғалардың құжаттарымен толықтыруды дәстүрге айналдырған. Күні бүгінге дейін мұрағат қойнауында 10-нан астам «еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы» ұл-қыздарының өмірінен, қызметінен сыр шертетін жеке құжаттары сақтаулы.

– Мәдени және ақпараттық жаһандану жағдайындағы Қазақстан Республикасы мұрағат ісінің заңнамалық базасы – өзекті мәселелердің бірі. Сол салада мұрағатта қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Дұрыс айтасыз, қазіргі жаhандану жағдайында мұрағат ісі де құралақан емес. Өткен жылдың аяғында Қазақстан Республика- сы Үкіметінің №№1583, 1604, 1605 қаулыларымен «Сақтау мерзімдерін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін», «Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын және басқа да мұрағат құжаттарын ведомстволық және жеке мұрағаттардың қабылдауы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидалары», «Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, басқа да мұрағат құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік мұрағаттардың толықтыруы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидалары» бекітілді.

Міне, сол нормативтік құқықтық құжаттарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттамалық қамтамасыз ету қызметтерінің өкілдеріне түсіндіру мақсатында биылғы жылдың 26 маусымында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетімен бірлесіп, «Мемлекеттік органдардағы электрондық құжат айналымының өзекті мәселелері» республикалық семинарын өткіздік.

– Мұрағат қызметкерлерінің білімдерін жетілдіру барысы қалай?

– Біздің қызметкерлер өз білімдерін  үнемі жетілдіруде. Оған мысал, Эстония Республикасы Ұлттық мұрағатының шақыруымен 2012 жылдың 19-26 мамыры аралығында Ұлттық мұрағат қорын сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есеп жүргізу қызметінің басшы- сы Кнәз Жақыпова оқу сапары- мен Таллинн және Тарту қалаларында болып, оқу семинарларына қатысты. Сапар барысында сандық мұрағаттың құрылымымен, эстондық электронды мемлекеттің дамуымен, электрондық құжат айналымның бағытымен, сонымен қатар, мемлекеттік мұрағаттың, Эстония Республикасының Ұлттық мұрағатына қарасты Тарихи мұрағаттың, Электронды Фильмдер мұрағатының жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасты. Ал Ұлттық мұрағат қорының құжаттарды пайдала- ну қызметінің басшысы Бәтес Имансерікова Бүкілресейлік мұрағат ісі және құжаттандыру ғылыми-зерттеу институтының Мұрағат ісі және құжаттамалық қамтамасыздандыру бойынша біліктілікті жетілдіру орталығының атаулы шақыруымен «Интернет- выставки архивных документов: организация и методика подготовки» атты курстарға қатысып, өз біліктілігін арттырды. Аталмыш тақырып бойынша мұндай кур- стар алғаш рет өткізілген. Осы орайда мұрағатымызда Эстония Республикасының Ұлттық мұрағатының кеңесші-жетекшісі Койт Сааревет, Ресей Федерациясының «Гильдия Управляющих документаций» қоры директорының орынбасары Сергей Афанасьев пен Польша Республикасының мемлекеттік мұрағаты бас директорының орынбасары Андре Бернат қонақта болып, қазақстандық мұрағатшылардан үйренері өте көп екенін және мұрағат саласындағы қазақстандық озық тәжірибеге таң-тамаша болып, маман даярлау мәселесінде қазақ елінің алға озып кеткендігін мойындады. Сондай-ақ, «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» форумы аясында мұрағатымызға Армения Республикасы жанындағы Матенадаран ежелгі қолжазбалар мұражайының бөлім меңгерушісі Ара Хзмалян келіп, мұрағат қызметкерлері жұмысына жоғары баға берді.

– Жақында «Астана ақшамы» газетінде жарияланған ҚР ҚМ ҚБК Астана қаласы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының бөлім бастығы Т.Жақсыбаеваның «Заңсыз әрекеттері әшкереленді» атты мақаласындағы фактілерге қатысты пікіріңізді білсек деп едік.

– Бұл мақаланы орынсыз деп санаймын. Абайша айтар болсақ, «малым-жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін қазақ үшін абыройдан артық ештеңе жоқ. Мен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты бас директоры болып 2011 жылдың қазан айында тағайындалдым. Ал, жоспарлы кешенді бақылау соңғы 3 жыл көлемін қамтыды. Бұл жіберілген кемшіліктер маған дейінгі басшының кемшіліктері болды. «Қазақстан мұрағаттары » ақпараттық және ғылыми-тәжірибелік журналы тұңғыш рет 2005 жылы шыға бастады. Ал 2006 жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты ашылып, өз жұмысын
бастаған кезеңнен журналдың құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты болды. «Қазақстан мұрағаттары» ақпаратттық және ғылыми-тәжірибелік журналы жылына 4 800,0 мың теңгеге 4 номері 1 000 данадан шығарылып отырған. Және де оның баспадан шығарылуы конкурс тәсілімен бір көзден сатып алынған болатын. Бұл заңға қайшы келетін іс-әрекет болған.

Мен басқарған уақыттан бастап аталған журналды шығару қызметі 2010 жылғы 2 сәуірдегі №281 Электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу ережесіне сәйкес жүргізіліп, Электрондық сатып  алу арқылы веб-порталда қойылып, биылғы жылы 3280,0 мың теңгеге 4 номері 1000 данадан шығарылатын болды және 2012 жылғы таратылуы бір жүйеге қойылды.

Бұдан басқа, жеткізілмеген тауар (радиаторлар) үшін аударылған 643,0 теңге бюджетке 2012 жылдың 20 маусымындағы №02-4463-12 ісі бойынша Астана қаласының арнайы ауданаралық экономикалық  сот шешімі бойынша бюджетке қайтарылатын болды және «Маханов Б.» жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізілді.

Сонымен қатар, бұрынғы басшы кезінде кредиторлық берешек бола тұра 4243,8 теңге мереке күндеріне сыйақы берілген, алайда аталған соманы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 137-бабына сәйкес қайтару мүмкін емес. Мен қызметке келерден бұрын берілген 1029,9 мың теңге материалдық көмектің 555,9 мың теңгені растайтын құжаттары қайта ұсынылып, 474,0 мың теңгені қайтару үшін арнайы кесте жасалынды. Тағы да сондай, 314,6 мың теңге бюджеттік заңнамаға сәйкес, мемлекеттік мекеме шығыстары бюджеттік топтау ерекшеліктерінің бекітілген құрылымына сәйкестендірілді.

Аталған кемшіліктер маған дейінгі басшының кемшіліктері болғанын ескере келе, сол басшы тұсында және қазіргі кезге дейін өз қызметін атқарып келе жатқан бас бухгалтер бақылау қорытындысы бойынша, жіберілген қателіктерге сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 160 мың теңге көлемінде айыппұл төледі және Ұлттық мұрағат тарапынан қатаң сөгіс жарияланды.

– Марат Оралбайұлы, алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз.

– Оныңыз рас, жыл соңына дейінгі уақытта да біраз іс атқару көзделіп отыр. Алдағы уақытта қазақтан шыққан ғұлама ғалым, саяхатшы, және зерттеуші Ш.Уәлиханов, биосфера туралы ілімнің негізін салған ғалым В.Вернадский және белгілі әдебиет зерттеушісі Е.Ысмайловтардың жеке тек қорларын қабылдау жоспарлануда.

1993 жылы Кеңес Одағы тараған соң өз егемендіктерін алған бес түркі республикасы (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан) соңғы ғасырда түркілердің жалғыз тәуелсіз мемлекеті болып келген Түркия Республикасымен бірігіп, түркі халықтарының ортасындағы үзіліп қалған мәдени қатынастарды жандандыру мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы құрылған болатын.

Міне, биыл біз Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов басқарып отырған ұйыммен бірігіп, қазақ хандығының Осман императорымен жазысқан хаттарын жинақ қылып шығаруды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар марқұм этнограф-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақселеу Сейдімбек ағамыздың 80 жылдығына орай құжаттық көрме ұйымдастыру да жоспарымызда бар.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =