«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Марапат мерейімді өсірді

0 52

Еліміздің басты мерекесі қарсаңында 22 жылдық еңбегім бағаланып, «Тәуелсіздікке 30 жыл» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш, әрі артылған сенім.

4d01d688-4356-455f-b5c9-9b27156e3402

Елордаға сонау 1986 жылдары келіп, осында оқуға түсіп, еңбек жолымды бір жерде бастап, сол жерде тұрақты жалғас­тырып келе жатқан дәрігермін. 2021 жыл балаларға оңай тимеді. Себебі коронавирус оларды да айналып өткен жоқ. Ауырған балалар болды, бірақ олар уақытында емделіп шықты. Асқынуға жол берген жоқпыз. Біздің емхана ескі вокзал жақтағы аудандарды қамтиды. Бізге қарасты аумақта дертті жұқтырып үйде емделгендер де, стационарда жатып емделген балалар да болды. Шамамен 100 шақты бала жұқтырды, шілде, тамыз айларында көп анықталды. Соның ішінде 10 шақтысы ғана ауруханада жатып ем алды. Балалардың бойында да ауру белгілері – қызу, әлсіздік, жөтел. Қызу түспей қойған жағдайда стационарда жатуына тура келеді. Бірақ балалар ересектерге қарағанда өте тез жазылады. Қарамағымызда 6 мемлекеттік, 2 жеке мектеп бар. Солардың ішінде 12-17 жас аралығында 500-дей балаға коронавирусқа қарсы екпені ата-аналарының рұқсатымен салдық. Балалар арасында вакцинацияны қарашаның 18-де бастағанбыз, сондықтан қазір екінші компонентін салдыратын уақыт да болып қалды. Басында қарсы болған ата-аналар қазір бәрін түсініп, балаларын екпе салдыруға алып келіп жатыр. Мен өзім де 14 жастағы қызыма екпе салдырдым. Себебі оны осылай ғана қауіпті дерттен қорғауға болатынын білемін. Алдағы жылдан күтер үміт көп. Пандемия тезірек аяқталып, қалыпты өмірге қайта ораламыз деп сенемін. Ол үшін ел болып, бәріміз ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысуымыз керек. Барша елордалықтарды екпеден қорықпай, өздерін қорғау арқылы өзгелерге де жақсылық жасауға шақырамын.

Алтынгүл  ЖҮРСІНОВА,

 №2 қалалық емхана балалар

бөлімшесінің меңгерушісі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды