Мақтаумен өнер өсе ме?..

немесе театр сыншысының беделі неге түсті?

0 217

Сыншылықтың, сыншы болудың, сынаудың жолы даңғыл болмаған. «Тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың, ащы айтсаң, ағайыныңа жақпайсың» дейді қазақ. Сондықтан да сыншы болуға екінің бірінің дәті бармайды. Дегенмен, өсер өнерге өсірер сын керек. Бүгінгі мәдениет пен театр туралы  мәселелерді түлкібұлаңға салмай, дөп басып, «сөзімді қалай түсінер, арты қалай болады?» деп бүгежектемей, қаламы қалтырамай, пікірін батыл жеткізіп жүрген Айзат ҚАДЫРАЛИЕВАНЫҢ есімін көпшілік театр сыншысы ретінде жақсы біледі. Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысымен театр өнерінің бүгінгі беталысы жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Айзат ханым, қазір театрда сын азайып кеткен жоқ па? Бір сұхбатыңызда «Премьерадан соң сынап жазсаң, сыншы маманға ренжиді» депсіз. Сын жоқ жерде қазақ театрлары қалай өседі?

– Бұл енді айтыла айтыла арқасы жауыр болған аксиома. Бір қызығы жолжөнекей келе жатып сын керек дейді, ал жеме-жемге келгенде сынды қабылдамайды. «Бізге сынның не керегі бар» деп мұрнын шүйіріп, қасын керетіндер көп. Көбісі талдауды қаламайды, тек мақтай берсе екен дейді. Әрине, бұл түсінікті, сынды ұнататындар аз. Бірақ, өзіңіз айтқандай, сарапшыларының бағалауынсыз театр қалай өседі?! Біз айтқан пікір ренжіту емес, көмектесуге деген ұмтылыс қой. Тек спектакльде емес, кез келген тірліктің оң және теріс жақтары бар. Ал оларды айтудың, талдаудың, кемелдікке жеткізетін бірден-бір жолы – сын. Актер, режиссер, көрермен болса да, ешқандай сын болмаса онда қозғалу рефлексиясы жүрмейді, жүрсе де баяу жүреді. Немен жұмыс істеу керек, нені жақсарту керек, нені ескеру керек деген сұрақтар тұрмаса тоқырауға оңай ұшырайды. Кез келген нәрсенің жақсы-жаманын анықтау үшін қандай да бір сараптамаға, сынға сүйену керек екенін қалай түсіндіруге болатынын білмеймін. Театр – аты өнер ордасы болғанымен, заты кәсіпорын яғни тоқтаусыз жұмыс істеп өнім береді. Ал тұтас өнімнің сапасын анықтап отыратын бір эксперт болу керек қой. Түптеп келгенде, сынға – адамдық ойлаудың аясынан асып, азаматтық тұрғыда ойлау жетіспейді.

–Сыншылармен не үшін санаспайды сонда? Не істеу керек деп ойлайсыз?

–Сол сүлесоқ гонор, санадағы саяздықтың салдары ғой. Әйтпесе, театр өнерінің ыстық-суығы көпке ортақ, оның бүгінгі деңгейі мен болашақ хал күйіне алаңдауымыз заңды. Бір театрға біреу директор я болмаса жетекші бола қалса болды. Сол театрда қойылған спектакльдері шетінен кемшілгі жоқ, тамаша дүние болуы керек деп ойлайды. Бір ащы пікір айта қалсаң, сені дұшпан санап шыға келеді. Бой бермей, бет бақтырмай журналистерді шақырып мақтатып жібереді. Бұған расымен не істеу керек? Театр өнері – халықтың ұлт ретінде дамуына үлес қосса, ал сын – сол өнердің сауатты өркендеуіне ықпал ететін сауықтырушы күш деп ойлауды үйрену керек. Ол үшін, өнердің көсегесі көгерсін, театрдың бағы жансын десек, сыншыларды бағалау, оларды бағалатқызу қажет. Қазіргі сыншылар жоғары жақтағы қолдаулар мен қамқорлықтарға ие деп айта алмаймын. Қазылар мүшелеріне қаржыны керемет бөледі деп те айту қиын. Сізге айтайын, фестиваль біткеннен кейінгі жазылар мақалаңа да ақы төлемейді. Бірақ, талап етеді. Тіпті осы беріп жатқан сұхбатыма дейін гонорар төленуі керек. Бізде осы жағы қарастырылмаған. Спикерлерді тегін сөйлеткіміз келеді. Тегін жаздыртқымыз келеді. Ал оның бәрі уақыт қой, жұмыс қой, энергия ғой.

Сосын осы «пұшайманды» халден арылар бір жолы – егер Мәдениет және спорт министрлігінен, театр бөлімдерінен біреу театрларға хабарласып «пәленше деген сыншы барады, көреді. Соның айтқаны, жазғаны бойынша қойылымның репертуарда қалатынын, қалмайтынын анықтаймыз» десе, сол театрдың адамдары қалай жүгірер еді. Жыртығына жамау таппай безек қағар еді. Бізге жоғары жақтан нұсқау келмейінше орнымыздан қозғалмайтын әдетіміз бар ғой. Өзегімізге шоқ түспейінше, өзеуреп, бойкүйездікке салынып жүре береміз. Мекеменің мөріне бағынышты мемлекеттік театрларға мәдениет министрі көңіл бөлсе, бәлкім сыншылардың да беделі арта түсер ме еді, кім біледі?.

Театр қытықтап, күлкі тудырмайды

– Театр деген саф өнер ғой. Онда барған көрермен рухани демалсам деп барады. Бірақ астаналық кейбір театрдың қойылымдары арзан күлкіге айналып кеткендей. Мысалы өткен жылы «Жастар театрының» бір премьерасында актердің жеңіл әзілін көріп, «Алдараспанда» отырғандай сезініп шықтық. Бұл да сыншылардың араласпағанының дәлелі емес пе?

– Иә, ол рас. Комедия осы екен деп эстрадалық жеңіл стильге салып жіберетіндеріне іштей жанымыз жаситынын жасыра алмаймыз. Трагедиялық тағдыр оңай емес. Әйтсе де, комедия жанрын аша түсу одан да қиынырақ қой. Негізі, астаналық «Жастар театры» бірталай асуларды бағындырып жүрген театр. Жиі гастрольдік сапарларға шығып, сахналық дара табыстарымен көрермендердің ыстық ықыластарына бөленіп те үлгерді. Сол көрушінің ықыласына бөленген бұл театр бүгінгі күнде қандай күйде деген ой мазалайды. Ол ойдың келуі, репертуар қоржынына айтарлықтай реңк-ажар бермей тұрған біраз қойылымдардың болуы, айтулы кештерде ғана көрсетуге болатын композициялық көріністердің орын алуы. Расын айту керек, ол театрға пьеса оқып барып әуре болудың керегі жоқ, себебі, қоюшы режиссер де, актерлер де өз жандарынан сөз құрауға құмарлықтары сонша, автор жазған түпнұсқадан түк қалдырмайды. Өкініштісі сол. Жастар театры – жарқын өміріміздің күрескері деңгейіне жете алмайтын кейіпкерлердің күйкі тіршілігінен аса алмай жүргендігімен бірге, ұлттық шығармалардың әлеуметтік қуатын төмендетуімен де көзге түсіп жүргендері жанымызға батады. Бүгінгі күнмен жаңаша сипатта көрсетеміз деп классикалық шығармалардың ажарын аша алмай өздерін де, көрушіні де діңгелетіп жүргендері жасырын емес. Көп ән-биден, артық қозғалыстан, шамадан тыс у-шудан актердің үнін естіп, демін сезіну мүмкін болмай қалды. Асқақ ой, асыл сөз әдіре қалды. Сауатты көрерменнің биік рухани сұранысына лайықты шығармаларды көре алмай келемін. Орындаушының бар мүмкіндігін ашатын шығарманың қуатты ойынан, жанды тілінен осылай қаша берсе, актерлер қауымының шұбырған арзан диалогтарға, жеңіл көріністерге еттері үйреніп, бойындағы таланттары көмескіленіп, ізденістері сирей түсе ме деп қорқамын. Себебі, ізденіс сәл саябырсыса қырсық кіретіні белгілі ғой. Кейде сол театр маған басқа бір планетада өмір сүріп жатқандай көрінеді. Ешкімді шақырмайды, жолатпайды, ашық талдауларға бармайды, пікір алмасуға құлықтары тағы жоқ. Өздерімен өздері жүр. Әйтпесе, ол жақта ойланар, толғанар жайлар аз емес.

Үлкен актерлер сахнаның шетінде жүр

Елордада жаңа, жас театрлар көптеп ашылған сайын бұрынғы актерлар тасада қалған сияқты. Сол үлкен актерлардың сахнадан алыстап кеткеніне қалай қарайсыз?

–Өте орынды сұрақ. Аллаға шүкір, театрлар ашылып жатыр, жастар келіп жатыр. Әрине оған қуанамыз. Бірақ, біздің айтқымыз келіп отырғаны Қаллеки театры болар. Тек жастардан құралатын театрлардан кейін, бір мезгіл үлкендердің ойынын тамашалағың келіп Қаллеки театрына барғымыз келетіні рас. Бірақ, ол жақта да жастардың ойындарын көбірек көресің. Жастарға қолдау көрсетуіміз керек деген ұғымның астында үлкен буын әртістеріміздің бет-бейнесі бұлыңғыр болып бара жатқандай. Сол театрдың негізін қалаған аға-апаларымыз өнер аспанын биіктетпесе аласартқан жоқ. Қиын кезде театрдың шын мәніндегі тірек-таяныштары болған үлкендеріміз нағыз ойнайтын кездерінде неге рөлсіз жүр екен деген ой жиі келеді. Қашан да өнер адамы өзі шыққан белесінің биік болғанын қалайды ғой. Білесіз бе, менің дипломдық және магистрлік жұмысым – тасада қалған, дер кезінде еңбегі ескерілмеген сахнагерлерге арналды. Ұстазым Әшірбек ағай: «Бұлардың есімдері мүлде аталмай, осылай көңілден ұмыт қала ма? Обал емес пе?» деп маған үлкен міндет артты. Жүктелген жауапкершілікпен зерттеу барысында әділетсіз соққының дүмпуін көп көрген бейнетқор жандардың қасіретті де қасиетті өмірлерін білгенде талай жүрегім ауырған. Сахналағысы келетін рөлдерін былай қойғанда, кейде жай эпизодтық рөлдердің өзі оларға бұйыра бермегенін, содан кеудесін қысып, буырқана лықсыған өнерін тежей алмай, күйініштен өзегі өртеніп кете жаздаған мезеттері және осалдық көрсетіп өз отына өзі шарпылып кеткен кездерін естігенде талай жылағанмын. Мен сонда ғана, актерлер сахнаның кәусар бұлағына ұдайы шөліркеп жүретінін жіті түсіндім. «Арғы жағында ақылы жоғы болмаса, тек сыртқы сұлулық жануарларға да тән нәрсе» деп, Демокрит айтқандай, кейде кісінің жан пердесін түріп, оның ішкі дүниесіне үңіле бермейтініміз бар. Қазір уақыт басқа, мүмкіндік мол. Сондықтан, театр басшылары әр актердің омырауына орден тақпаса да, орайы келгенде тиесілі рөлдерін беріп, сахна құдіретімен-ақ оларды асқақ сезім құшағында ұстаса екен деймін. Разылығын алса екен, олардың өнердегі мұң-шерлері азырақ болса екен деп тілеймін. Әрине, бәрін ырза, бәрін мәз қылу мүмкін емес жағдай. Дегенмен, келген басшылар «енді бәрі менің қолымда» деп еркіндеп кетпей, барынша әділ, адал қараса ұжым арасындағы араздық аз болады.

Фестиваль жайлы бір ой

–Өткенде Қаллекиде «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуі өтті. Сол кезде сарапшылар алқасының құрамында болдыңыз. Алған әсеріңіз қандай?

–Өзбек, қырғызды қоя тұрайын, өз қазағымызға аздап тоқталып кетейін. Өзім көз салған спектакльдердің алғашқысы Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «Құлагерді» көру бір арман болып жүр еді. Себебі, әлеуметтік желідегі жарнамасы жойқын болды. Алматы тұрғындарының көңіліне бірден қона кеткен бұл қойылымға біздің де аңсарымыз қатты ауды. Бірден айта кетейік, режиссер Ф.Молдағали аударма пьесаларды маңсұқ етпей, төл шығармаларға баруы ұнамды құбылыс. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісі бойынша жаңа үлгіде көрініс тапқан спектакль көрушіге аз әсер бермегенін байқадым. Әсіресе, аттың тұяғын ойната түсер тұсында менің де тұлабойым шымырлап отырды. Этно-модерн джаз тобының көркемдеуімен Е.Жақсыбековтің вокалы көңіліңді сергіте түссе, ал әуенмен үйлескен актерлардың би-шабыстары одан ары шабыттандыра түсері рас. Жалпы, спектакльдің сыртқы пішіні іш пыстырмайды, көре бергің келеді. Ал ішкі құрылымына тоқталар болсақ тосылып қалатын жағдай жоқ емес. Мәселен, М.Сәбитов сахнағы алғаш шыққанда кеудесін көтеріп, бойын тіктеген тәкаппар тұлпарды көрдім. Дұрыс, Ақанның арғымағы дәл осылай паң болу керек деп отырдым. Бірақ, сол бір позицияны соңына дейін пайдаланғаны көңілге аса қонбады. Оның иесін көргенде баяу оқыранғаны, Батырашты көргенде айбат көрсетіп осқырынғаны, Күреңбайды көргенде жер тарпығаны, Көктұйғынды көргенде құйымшағы көтерілгені секілді белгілерді ойната түскенде Құлагердің табиғаты бәлкім ашыла түсер ме еді? Жылқыға тән әртүрлі әрекетін актер ойынынан іздесек те, басқа аттардан бөлек бітімі барын актердің бір келкі жүрісінен таппадық. Сонымен қатар, айналасында жүрген басқа кейіпкерлер де оның болмысын толық ашып жүр деуге келмейді. Әр шыққан сахналарында Ақанның да, Батыраштың да эмоциялары бәсең. Мысалы, Ақанның «Біреудің тілі мен көзі тимесін» деп, расымен де жануары үшін дұға жасап, сақтанып жүргенін немесе бәйгеде қуанғаннан айқайлап, қиқулап тұрғанын, я болмаса Батыраштың көреалмаушылықтан, іштарлықтан іші өртеніп күйіп тұрған сәттері солғын. Құлагер құлағаннан кейін де Батыраштың «Қап, қап» деген сөзінен басқа түрінен өкініш иірімдері де аз. Оның қасында қарсыласының мықтылығын мойындаған Көктұйғынның қайғыруы, кісінеуі кісінің денесін тітіркендіріп жібереді. Жалпы, Е.Кәрібаев адам түгілі құс пен жануарды бейнелеуде де көрермен жүрегіне төте жолды оңай табатын талантты актер. Сосын Күреңбай-С.Карабалин сыншының жұмысын жақсы алып жүр, дегенмен жай аттардан айырмашылығы бар жүйрік аттың ізіне, түсіне тереңірек үңіліп ат сынаудағы қабілет-қарымын қоюландыра түссе, құлагердің де мінезі толыға түсер еді.

Келесі күні Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры сахнасында Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» атты шығармасын тамашаладық. Әзекеңдей ірі тұлғаның атымен театр аталса да, ішінде қызмет ететіндердің легі жастардан тұрады. Енді ғана өмірге қадам басқан ұл-қыздардан Ұлы отан соғысы жылдарындағы хал-күйді көрсету оңайға соқпасы анық. Балаларынан, жарларынан «қара қағаз» келіп, қаралы күндерін зармен, сабырмен өткеріп жүрген әйел-аналардың жан дүнесін жайып салуға жастардың тәжірибелері жетпей жатты. Дегенмен, сахнаның талап-тұрғысына сай келіп жүрген Г.Жакилина, әсіресе сол кездегі оқиғаны сезініп жүрген А.Шакержанованы айрықша атар едік. Жас актер Б.Асқарбеков «Мен тыныштық күзетшісімін, ешқандай жауға алдырмаймын ауылымды» деп аттандап жүретін Демесіннің ішкі арпалысы ойдағыдай емес. Актердің орындауында түбегейлі есінен айырылған есерсоқ адамды көресің. Ал анығында оның ақыл-есі кіресілі-шығасылы. Есі кірген кездегі бала мінезіне еріксіз езу тартасың. Майданға қанша адам аттанғанын, қаншасынан қара қағаз келгендегін жатқа айтып жүрген Демесіннің аянышты тағдырын Исабеков нұсқаған деңгейге жеткізе алмады. Бейбарыс Демесіннің бұл спектакльде философиялық үлкен жүк көтеріп тұрғанын ұмытпауы керек. Режиссер С.Қамиевке қойылар талап – Демесіннің бейнесі тым қарабайыр жасалған. Басқалары Демесіннің оғаш қылықтарынан тұра қашып жүргенде, «Біздің ауылдың тыныштығын күзететін сенсің» деп, сеніп артып жүретін Ормантай-А.Шәкіржановтың ойынынан қолдауды, оның бар еркелігіне шыдап баққан әрекетті көре алмадық. Басқа да ұсақ-түйек кемшіліктер орын алған. Мұндай күрделі шығарманы сахнаға шығару үшін жастар көп оқып, көп ізденудің, озық үлгілерден үйренудің керек екенін айтқымыз келеді.

Келесі күні музыкалық балалар мен жасөспірімдер театры М.Әуезовтің «Абай-Тоғжанын» сахнаға шығарды. М.Әбіл жасаған сахналық нұсқасында драма қақтығысы жедел басталып, өткір дамымаса да Абай мен Тоғжанның арасындағы ыстық сезімдерін, асыл қасиеттерін жастардың табиғатына қарай жақсы ыңғайластырған. Шымылдық ашылғаннан бірден сымбатты жігіттер мен сұлу қыздарды сахнадан көреміз. Киімдері, жүріс-тұрыстары сахнаға этикасына сай әдемі үйлестірілген. Жалпы, спектакльдің сәтті тұстары жастардың әндерді өте әсерлі келісті, кестелі, әсем ырғақпен айтуында. Өз халқының ән-жырын қастерлей білетін өнер саңлақтарының рухы күшті. Абай-А.Өтепберген мен Тоғжан-А.Амангелдиева алдыңғы ойындарға қарағанда бұл жолы екеуінің көздерінен сезім ұшқындары басым. Оспан рөліне тоқталып өтпеске болмас. Себебі инсц жасаған Мирас оны бекерге қосқан жоқ, шын мәнінде оның Абайдың бейнесін қоюландыра түсуіне қосар үлес-салмағы бар. Бірақ актер А.Төлепов сол салмақты тым жеңілдетіп алғандай. Иә, Оспанның еркелігі, тентектігі, оспадарлығы болды, бірақ, әр шыққан сайын қамшымен сабалап ұра беретіндей деліқұлы адам болған жоқ. Өкінішке қарай, Оспанның бойындағы қонақжайлылық, жомарттық, мәрттік, аңғалдық, Абайдай ағасына ұқсағысы келетін бағалы қасиеттерді Асылханның ойынынан таба алмадым. Сосын Оспан Абайдың қойнына құрбаққа салып жіберетін сәтін анықтай түссе, әйтпесе Абайды құрбақадан шошынып қалды деп айтып аластайды. Бірақ, қай кезде және қалай салғанын әр жолы көрген сайын байқамаймыз. Сосын тілге мән бермей асығыс сөйлейді. Ал С.Еслямова Ұлжанның ішкі дүниесіне ене білді деуге әлі ерте. Әлі де ана бейнесін зерттей түсу керек. Тағы бір ерекше назар аударатын бейне С.Кеңшілік атқарған Аққозы. Жасандылықтан, жаттандылықтан ада жас актердің рөлі бірден көңілге қона кетті. Сұлтанның басқа да спектакльдерде өзінің актерлік палитрасын көрермен қауымға паш етіп жүргенін байқап жүрмін.

Енді рахаттана отырып көрген бір спектаклім ол М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры сахнасындағы В.Шукшиннің «Светлые думы» болды. Бір ауыз сөзбен айтар болсам, режиссердің (Е.Гельфонд) шешіміне де, актерлардың шеберліктеріне де ерекше риза болдым.

Соңында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Бопай ханым» трагедиясымен жапты. Драматург Бопайдың Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі кезеңін алады. Хан кеткеннен кейін сергелдеңге түскен Бопайдың ақылдылығына ғана тоқталмай жаужүректігіне де жүгініп, құны еш еркектен кем түспейтін әйелдің құдіреттілігін көрсеткен. Бопай – Р.Мұқанова драмасының түпқазық кейіпкері. Барлық тартыс желілерінің оған соқпай кететіні жоқ. Бірақ, ол кейіпкерлердің бәріне бірдей тоқталу бұл сұхбатта мүмкін емес. Талантты актриса Лейло Ханинга сахнада Бопай ханымның әрбір қимыл-қозғалысымен, жүріс-тұрысымен, киіну ерекшеліктерімен көрермен жүрегінде терең ұялап қалуға тырысып жүр. Актриса табиғатындағы жан-жарасымы бар, дей тұрғанмен, қазақ жұртының бас ханымы ретіндегі  байыпты бейнесіне тағзым ететіндей әлі де тағылым тапшы. Басында саяси тұлғасы ептеп жақсы көрінгенімен орта шегінен кейін шырқау биігінен көрінбей қалды. Жас кезінде дарыған көріпкелділік, сыншылық, емшілік қасиеттері барын тарихтан білеміз. Әбілхайырмен қосылуына да Бопайдың бойындағы осы тылсым күштер себеп болған. Тылсым құбылыстары бар ерекше жаратылыс иесі екенін актриса жеке қалғанда үнінен, баласымен тілдескенде ақылдылығымен, Неплюевпен сөйлескенде қайсарлығымен, яғни тұрмыс және саяси жағдайларда сан алуан мінезімен ерекшелене түссе құп болар еді. Жалпы, Бопайдың парасаттылығын көруге қойылымдағы кіріп-шығып жүрген көп кейіпкерлер кедергі болды ма деген ой да келді. Қысқасы, театр бұл спектакльге біраз күш жұмсаса да сарп болған тұстары да, бірыңғай жасалған бейнелер де бар.

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =