Мақтааралға қайырымды көмек жіберілді

0 33

Қазақстан халқы Ассамблеясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына гуманитарлық (азық-түлік тауарлары, қаржылай көмек) көмек жіберді. Бұл туралы elorda.info сайты хабарлады. Игілігі мол шара дәстүрге сәйкес Құран оқып, бата жасау­мен басталды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамы Ерболат Жүсіпов жолға шыққандарға сәт-сапар тіледі.«Қазіргі уақытта Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге әр өңірден, қалалардан отандастарымыз көмектерін жіберіп жатыр. Мұндай шарадан Нұр-Сұлтан қаласының этно-­мәдени бірлестіктері де шет қалмай, өз үлесін қосуда. Жалпы сомасы 8,5 млн теңге қаржыға қажетті заттар алып, оны жүк көлігіне тиеп, зардап шеккен аймаққа жіберіп жатырмыз. Ал 1,5 млн теңгені ақшалай түрде жібердік. Бұл бірлігіміздің, жанашырлығымыздың нәтижесі деп білемін. Ерекше атап өткім келетіні, бұл акцияға өзбек және шешен-ингуш этно-мәдени орталықтары белсенді түрде қатысты. Мұндай қайырымды іс-шараға атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз» деді ҚХА төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этно-­мәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов.
Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы тарапынан әлеуметтік көмектер осыған дейін де жасалғанын айрықша атап өтті. «Достық үйінде түрлі ұлт өкілдері бас қосып, осыған дейін де қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсеттік. Мәселен, былтыр Арыс­тағы оқиғадан зардап шеккендерге қажетті заттар жібердік. Сол сияқты Қордайдағы жағдайдан да шет қалмадық. Бұдан бөлек, Ақмола, Қарағанды облыстарында судан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсеттік. Мұның бәрі қысқа уақытта ауызбіршілігіміздің арқасында жүзеге асып отыр. Сауабы мол мұндай шараларға белсене қатысуды өзіміздің міндетіміз деп білеміз» дейді Ш.Пулатов.
«Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Башир Солсанов Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендік алған жылдар бойы халықты осындай жанашырлыққа, белсенділікке үгіттеп келетінін айтады. «Мақтаарал жұртының үйі су астында қалып, қиын жағдайға тап болуда. Оған әр өңірдің халқы түрлі көмек жіберіп жатыр. Біздің «Вайнах» бірлестігіміз 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуда Қазақстан халқы Ассамблеясы алғы шептерден көрінуде. Халықтың мұндай белсенділігін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев егемендік алған жылдардан бері үгіттеп келеді» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =