«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

МАҚСАТЫМЫЗ – МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫН ЖАҚСАРТУ

0 242

1 болница

Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «№1 қалалық балалар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны – соматикалық патологиясы бар балаларға, жаңа туған нәрестелерге және 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге білікті мамандандырылған стационарлық және кеңестік-диагностикалық медициналық көмек көрсететін көпбейінді, емдік-дагностикалық мекеме.

Бүгінгі таңда мұнда жаңа туған нәрестелер мен 15 жасқа дейінгі балаларға жоғары санатты мамандар арнаулы мамандандырылған көмек көрсетеді. Емдеу мекемесіндегі дәрігерлердің 70 пайызының, ал мейірбикелердің 60 пайызының біліктілік санаты бар.

Қаладағы ілкі жылдары құрылған заманауи стационардың бірі ретінде біздің аурухана – ЮНИСЕФ балалар қорының «Бала жүрегіне жақын аурухана» атағына ие болған бірден-бір медициналық мекеме. Мұндай атақ омырау сүтімен қоректендіруді белсенді түрде насихаттайтын медициналық ұйымдарға беріледі. Бала үшін ана сүтін ешқандай тамақ алмастыра алмайды. Сонымен қатар, бұл ана үшін ыңғайлы және үнемді. Нәрестелерді екі айында емшектен шығарып, сүт қоспасын беру – бала асқазанындағы ойық жараның себепшісі екенін 1960-1970 жылдары зерттеу жүргізу барысында  ғалымдар анықтаған.

Ауруханамызда «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған бес қызметкер, «Астананың 10 жылдығы» медалін алған екі қызметкер, «Тәуелсіз Қазақстан» медалімен марапатталған бір қызметкер жұмыс істейді.

№1 қалалық балалар ауруханасының Тәуелсіздік даңғылы 11/1 мекенжайына көшіп, педиатриялық бөлімшелердің өрісін кеңейтіп, кереует қорын 250 койкаға дейін көбейтуі қызметкерлер үшін де, елорда тұрғындары үшін де үлкен жаңалық болды.

Стационар деңгейіндегі БЖАЫЖ бағдарла­масы, емшек сүтімен қоректендіру бағдарламасы, отбасын жоспарлау бағдарламасы бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде. Осыған орай, бала күтіміндегі аналарға жасалатын жағдай жақсарды. Емдеу сапасын арттыру нәресте өлімін төмендету, аурудың асқынуының алдын алу үшін барлық жағдайлар жасалды.

Сапалы мамандандырылған және әлеуметтік-реабилитациялық көмек көрсетудегі басты міндет – денсаулығында кінәраты бар балалардан бас тартудың алдын алу, халықаралық стандарттар деңгейінде диагностикалау және емдеу үшін мүмкіндіктер жасай отырып, нәресте өлімін азайтуға, Қазақстандағы мүгедектер мен жетімдер санын азайтуға көмектесу. Келешекте біздің емдеу мекемесі балаларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға реабилитациялық және соматикалық көмек көрсету саласында аймақтық көшбасшы болуы тиіс.

Бүгінгі таңда аллергиялық, эндокринологиялық, гемотологиялық, кардиоревматологиялық, гастро­энте­рологиялық ауруы бар балаларға, сондай-ақ, жаңа туған нәрестелер мен шала туған нәрестелерге көмек көрсетілуде. Мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бала­­лар неврологиясы бө­лімшесі базасында реабилитациялық кешен (логопед, психотерапевт, физиотерапевт, уқалау, ЕДК) жүргізіледі. Науқастар тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемі аясында госпитализацияланады. Стационарда тәулік бойы жата алмайтын балаларға күндізгі стационар қызмет көрсетеді.

Біздің ауруханада миды толық тексеруден өткізуге болады. Сондай-ақ, УДЗ, рентген және т.б. кабинеттер бар. Жедел желі телефондары тәулік бойы жұмыс істейді. Бала денсаулығы және оларға күтім жасау мәселелері бойынша аналардың кез келген уақытта кеңес алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс істеп келеміз. Ауруханамызда стационарлық көмекті ұйымдастырудағы жаңа әдістердің тиімділігі байқалады. Дәрігердің психологиясы, жауапкершілігі мен талпынысы жақсы жағына қарай өзгеруде. Басты мақсатымыз – медициналық көмек сапасын жақсарту. Аурухана ұжымы ғылым мен тәжірибеден алынған бар жақсыны балаларға арнауда.

 

Әсел СЕЙІТҚАЗИНА,

Астана қаласындағы №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды