Мақсаты биік мектеп

0 28

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен міндет. Міне, осындай үлкен міндетті арқалап келе жатқан біздің мектебіміздің де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.Қазыналы білім ордасына айналған «Көктал-2» кентіндегі №68 мектеп-гимназиясының іргетасы 2011 жылы қаланды. Жалпы қуаттылығы 800 орынға есептелген. 55 оқу кабинеті, екі спорт залы, акт залы, 276 орындық асхана, 64 орындық кітап­хана, 4 шеберхана, арнайы спорт алаңы бар. Мультимедиалық кабинетпен, информатика дәрісханасымен, интерактивтік тақталармен жабдықталған. Мектептің оқу-материалдық базасы жылдан-жылға нығайып, ғылыми негіздермен білім беретін пәндік кабинеттер жасақталынып, биология, химия кабинеттері жаңа технологиялармен қамтылды.
Оқушыларға кәсіптік бағдар беруде оқу шеберханалары, тәжірибе алаңдары ұйымдастырылды, ақпараттық коммуникациялар технологиясын меңгеруге басты назар аударылды. Мектептегі оқушылардың рухани дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолға қойылды. Онда оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер, көркем әдебиеттер және ғылыми-танымдық әдебиеттер қоры мол.
Мектебімізде оқу тілі – қазақ. Бағыты – 10-11-сыныптар үшін қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық. Бүгінгі таңда мектеп-гимназияда 1872 оқушы білім алуда.
Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды басты парыз санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық, азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны кәсіби қалыптастыру, дамытуға бағыт болған білім алуға қажетті шарттар жасау, оқушыларға үш тілді меңгерту, мектепті компьютерлендіру және интернет жүйесімен жұмыс жүргізу.
2017 жылы осы мектепті басқару жұмысына оқу тәрбие жұмысының барлық саласынан хабары мол, білікті басшы К.Баяхметбаева тағайындалып, мектептегі көптеген жұмыстардың бастамашысы болды. Киелі білім ордасы уақыт озған сайын қоғам дамуына ілесіп, өркен жая түсті. Осы кезеңнен бастап киелі білім ордасы еңселі де биік, сәулетті оқу орнына айналды.
Мектептің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беріп келеді. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант пен несие арқылы жоғары оқу орындарына түсуі дәлел.
Жыл сайын мектеп оқушылары аудандық және облыстық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орын алып жүрсе, дәстүрлі республикалық «Абай оқулары» байқауының жүлдегерлері де осы мектептен көптеп шығуда. Ұлттық салт-дәстүрді сақтау, ақындық-жырау­лық өнерлерді оқушы бойына сіңіру бойынша «Ұлы дала мұрагерлері» тәжірибелік алаңы жұмыс жасайды. Сондай-ақ «Алаш жолы» субъективті музейі ашылды. Осылайша білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордамыз алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етіп отыр.

Лаура СӘРСЕМБЕКОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы №68 мектеп-гимназия
директорының бейіндік оқыту
ісі жөніндегі орынбасары

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды