МАҚСАТТЫ МАРАФОН СӘБИЛЕРДІ ҚУАНТАДЫ

0 95

гаухар

Қалалық әкімдіктің қолдауымен Британ-қазақ қоғамы Астанада қайырымдылық марафонын ұйымдастырды. 2009 жылы басталған жартылай марафон биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Жүгірушілер мұнда алдын ала тіркеліп, 6 мың теңге сомасындағы қаражатты төлеу арқылы ғана қатыса алады екен. Ендігі кезекте бұл шараны Алматы мен Лондонда өткізу жоспарлануда. Игі бастама маңызын толығырақ түсіну үшін Британ-қазақ қоғамының атқарушы директоры Гаухар БРАМЛЕЙ-ФЕНТОНДЫ әңгімеге тарттық:

– Алты жыл ішінде бұл мақсатты марафон қандай нақты нәтижелер көрсетті?

– Алғашқы жылы Астанадағы Балалар үйіне қол ұшын создық. Екінші марафон Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына сәйкес келіп, ардагерлердің тұрмысын жақсартуға қаржылай көмек бердік. Одан кейін Арал теңізі аумағында тұратын отбасыларға қайырымдылық жасасақ, 2012 мен 2013 жылғы жаппай жүгіруді ұйымдастыру арқасында «Аяла» қоғамдық қорының «Тыныс ал, бөбек» жобасы аясында еліміздегі перинаталдық орталықтардың жансақтау бөлімдерін қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықтауға күш салдық. Ал биылғы шара «Аяла» қоғамдық қорының «сенсорлық бөлме» жобасының іске асыруға арналып отыр.

– Ал, адамдар қаншалықты қызы­ғушылық танытуда?

– Әрине, қатысушылар саны жылдан-жылға өсіп келеді деп айта алмаймын. Осы жолы 154 адам тіркеліп, оның 90-ға жуығы ғана келді. Бірақ біз Лондон марафонының тәжірибесін естен шығармауымыз қажет. Бірінші кездері олар жүз адамды зорға жинаса, қазір сол дүниежүзінен 37 мыңға жуық адам келіп қатысады. Алайда осын­дай деңгейге жету үшін ондаған жылдар кеткені белгілі. Адамдарды бұл іске мәжбүрлеуге болмайды. Ниет шын жүректен шығуы тиіс. Бір жағынан біз салауатты өмір мен жақсылыққа насихаттасақ, екінші жағынан Қазақстанның көрікті жерлерін шетелдіктерге таныстырамыз. Қатысушылар арасында туристер де бар. Динамикамен дамып келе жатқан жас қаламыздағы осындай шараны Бостон, Лондон, Берлин, Нью-Йорк, Мадрид қалаларындағы ауқымды марафондар қатарына қосқымыз келеді.

– Сенсорлық бөлмелерді қай жерде жасақтайсыздар?

– Астанадағы марафоннан 1 млн 771 мың теңге қаражат жиналды. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Щучинск пен Талдықорған қалаларында орналасатын сенсорлық бөл­мелерді құруға 6 млн тең­геге жуық ақша қажет екен. Бұл сома 27 қыркүйекте Алматыда, қазанның
19 күні Лондонда өтетін марафон арқылы жиналады деп күтіліп отыр.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =