МАҚСАТ-НАҚТЫ, ТАЛАП-ҚАТТЫ

0 180

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңей­­тілген отырысы өтті. Алқалы жиында биылғы тоғыз айдағы еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық өркендеу деңгейі және әлемдегі дамыған 30 мемлекет­­тің қатарына қосылуға байланысты жасалған жоспарлардың алғашқы легі талқы­ланды.

Жиында сөз сөйлеген Премьер-министр Серік Ахметов биыл Елба­сының «Қазақстан – 2050» стра­тегиясы: қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауында айтылған тапсырмалар­ды жүзеге асыруға басты көңіл бөлін­генін атап өтті.
–Бірінші кезекте экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мән берілді және жаңа жұмыс орын­­дарын ашуға назар аударыл­ды. Сіздің тапсырмаңыз бойын­ша дағ­­да­рысқа қарсы дер кезінде қа­был­дан­ған шаралардың арқа­сында елі­міз­дің әлеуметтік эконо­ми­калық да­муын­да оң үрдіс сақтал­ды, – деді Серік Ахметов.
Индустрияландыру саласында да оң өзгерістер барына тоқтал­ған Үкімет басшысы бірінші жарты­жыл­­дықта 34 жоба іске қосыл­ғанын жеткізді. Ондағы инвестиция 72 млрд теңгеге жетіп, 2300 шамасында тұрақты жұмыс орындары құрылған.
Елімізде кәсіпкерлікті қолдау жұ­­мыс­тары да жалғасып келеді. Ай­та­лық, бизнеске қатысты бар­лық ли­­цен­­зияларды беру автоматтан­ды­рылған жүйеге көше бастаған. Ке­лесі жылдан бастап рұқсаттың бар­­лық түрі осы нұсқаға ауысатын болады.
Білім саласының жай-күйіне де тоқталған Үкімет басшысы «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі мекемелер желісі ағым­дағы жылы 1138 бірлікке ар­тып, бес жасқа дейінгі балаларды қамту ауқымы 71,5 пайызды құра­ғанын жеткізді. Осы жылдың соңы­на дейін тағы 152 мектеп пайдала­нуға беріледі. Ал 2015 жылға дейін 552 мектеп салу жоспарланып отыр. Сөйтіп, 2020 жылға қарай мек­­теп­тердегі орын жетіспеушілігі жә­не ондағы үш ауысыммен оқу мә­се­­лесі толығымен шешілетін болады.
Ел экономикасында жақсы өсім барын ҚР Экономика және бюд­жеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев та нақтылады. Министрдің айтуынша, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, елімізде эконо­микалық өсім байқалып, ІЖӨ соңғы тоғыз айда 5,7 пайыз­ды құра­ған. Инвестициялық белсен­ділік те артып, биылғы тоғыз айда негіз­гі капи­талдағы инвестиция көле­мі 7,9 пайызға артқан. Бұл 2009 жыл­ғы дағдарыстан кейінгі ең жоға­ры өсім болып саналады екен.
Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жағымды жаңалықтарды жария етті. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі былтыр 2009 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан. Бұл көрсеткіш 2015 жылға дейін 1,5 есе өседі деген болжам бар.
Алқалы жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке нақ­ты тапсырмалар жүктеді. Министр­лер кабинеті тиімді иннова­ция­лық кәсіп­орын­дар салу керек. Бұл жұ­мыс­қа Үкіметтан бастап, облыс, аудан, ауыл әкімдері түгел кірісу­ге тиіс.
Мемлекеттік бюджетті жоспарлау және оны орындау сапасын арт­­тыру қажеттігін қозғаған Елбасы мем­­лекеттік сатып алу жүйесіндегі бюд­­жет саясатын оңтайландыруды тап­­сырды. Осы орайда бюджет жобасына облыс әкімдерінің келісімі де ескерілуі тиіс.
–Менің тапсырмамнан кейін Үкімет өңір басшыларымен жұмыс істей бастады. Дегенмен, бұлай жұ­мыс істеуге болмайды. Бюджет жо­бас­ы өңірмен келісіле отырып жаса­луы керек. Әрине, әрбір өңір өзіне тартып, қоржынын көбейт­кісі келеді. Мұны бақылап, бір ізге түсі­ре­тін – Үкімет, – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің білім беру жүйесіндегі кейбір кемшіліктерді сынға алған Президент жастарды мамандыққа оқыту мен оларды жұмысқа орналастыру мәселелері әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын айтты. Оны шешудің бір жолы – қай өңірге қандай және қанша маман керек екендігін алдын ала біліп отыру. Сол арқылы жастарды оқытып, олардың жұмысқа орналасуына жәр­дем­десуге болады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тестілеуге қатысты реформаны да сынға алып: «Бірыңғай ұлттық тес­тілеуге қатысты тағы неғылған жаңа­лық? Жұрт тестке енді үйрене бас­тап еді. Тағы жаңасы шықты. Бұл не өзі?» деді Білім және ғылым ми­нистріне қарата.
Мәселенің мәнін түбегейлі зерттемей тұрып, реформалар жасаудың аяғы көптеген проблемалардың туындауына әкелетінін ескерткен Елбасы медицина саласындағы түйінді мәселеге де тоқталып, келешекте Астана мен Алматыда дәрігерлер жетіспеушілігін шешу жағын қарастыруды тапсырды.
Еліміздің әлеуметтік-экономика­лық саласын әрі қарай дамытуға байланысты тиісті органдарға нақ­ты тапсырмалар жүктеген Елба­сы еліміздің экономикасына оң ба­ға бере келе, алға қойған үлкен мақ­саттарға жету үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 10 =