Мәншүкпен бірге соғысқан

0 24

Біз Ұлы Отан соғысының ардагері Раиса Максименконың немересі Ксюшаға хабарласқанымызда, ол әжесінің жасы ұлғайғанына қарамастан, өз қатарластарымен салыстырғанда белсенді екенін айтты. Қария айналада болып жатқан өзгерістердің бәрінен хабардар болып, адамдармен араласып, әңгімелескенді жақсы көреді екен. Өзінің шыдамдылығы, қайраттылығының арқасында осы күнге жетіп отыр дейді туыстары.Раиса Самуиловна Максименко 1922 жылы дүниеге келген. Осы Ақмолада өсіп, оқыған, ал соғыс басталғанда Люберцы әскери училищесін бітіріп, әскери мансабын 9-гвардиялық әуе күштері бригадасының құрамында бастаған. Воронежден Берлинге дейін сапта жүріп отырып, майдандағы өмірдің қиыншылықтары мен тау­қыметін басынан өткеріп, қан майданда қасындағы дос-құрбыларынан айырылған, қиындыққа толы өмірді өткерген Раиса Самуиловна адамдарға деген сенім, адамгершілік пен жанашырлықты жоғары бағалайды.
Соғыс басталғаны туралы жайсыз хабар келгенде ауыл мектебінің мұғалімі Раиса Самуиловна өз еркімен майданға баруға сұранған. Арқасындағы салмағы 16 килограмға жуықтайтын жабдықпен 19 жастағы бойжеткен көптеген әскери операцияларға қатысып, қаланы Воронежден Калининге дейін азат етуге қатысты, одан әрі Украинадағы Умань қаласына дейін жетіп, соғысты аяқтады. Раиса Самуиловна Максименко сол полк­те аты аңызға айналған Мәншүк Мәметовамен бірге соғысқан және орта мектепте оқитын шөбересі Дмитрий әжесінің Ұлы Отан соғысындағы еңбегін, жүріп өткен жолдарын достарына мақтанышпен айтып жүреді екен.
Біз хабарласқан кезде ардагердің пәтеріне жөндеу жасалып жатқан болатын. Ардагерлер 75 жылдық мерекені қолайлы жағдайда қарсы алу үшін жасап жатқан қала әкімдігінің шараларына дән риза.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − seventeen =