Мәншүк Жұмадиева: Үйімді алу үшін 8 рет соттастым

0 17

Өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жыл бойы атқарылған іс-шаралар туралы БАҚ өкілдерінің алдында есеп бергенде елордадағы 14 мың үлескердің мәселесі алдағы 4 жылда шешілетінін айтқан еді. Әкімнің сол сөзі шындыққа айналуда. Қала басшылығы үлескерлер мәселесін 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. 2019 жылдың соңғы күніне дейін барлығы 10 үй тапсырылып, 14 мыңнан астам үлескерлердің 2500-і (кемі 6-7 мың адам) өз шаңырағында жаңа жылды қарсы алды. Бұл жұмыстар қарқынды жалғасуда. Қазіргі кезде әкімдік алаяқ үй салушыларға алданып қалған үлескерлерді мазалаған барлық сауалдарға жауап іздеуде.2019 жылдың соңында «Арыстан» тұрғын үй кешенінің 140 үлескері көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Солардың бірі Мәншүк Жұмадиевамен аз-кем әңгімелестік. Ол бізге үй алу үшін қандай қиыншылықтармен күрескенін айтып берді.
– Мәншүк, Сіз «Арыстан» тұрғын үй кешенінің үлес­керісіз ғой. Бұл үйге қашан ақша салдыңыздар?
– 2015 жылы бұл үйдің құрылысы басталды. Сол кезде үй алудан үміттеніп, қаражат салдым. Алайда нысандағы құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. 2016 жылы біз сотқа арыздандық. «Арыстан» тұрғын үй кешені «НМ Астана Құрылыс» компаниясына тиесілі еді. Сөйтіп, 2017 жылы соттың шешімімен үй салуда жіберген өрескел қателіктері үшін құрылыс компаниясының өкілдері қамауға алынды. Мен алданған үлескерлердің бірімін. Осы тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен бірігіп құрған тұрғын үй-құрылыс кооперативінің жетекшісімін. Біздің үйіміз елордадағы құрылыс тоқтап қалған 67 нысанның соңғы 5-уінің қатарына кіреді. Қала әкімдігінің және құзырлы органдардың қолдауы арқасында «Комфорт» тұрғын үй кешені тұрғындарынан кейін, біз де армандаған баспанамыздың кілтін қолымызға алдық.
– Айтыңызшы, үйлері­ңізді алу жолында қандай қиыншылықтарды бастан кештіңіздер?
– Әрине, қиыншылықтар көп болды. Мәселен, осы үйден пәтерімді алу үшін мен жалпы алғанда 8 рет сот отырыстарына қатыстым. Оның ішінде азаматтық, қылмыстық істер бар. Осыдан-ақ, қаншама қажыр-қайратымызды жұмсағанымызды көруге болады. «Арыстан» тұрғын үй кешенінің 478 мүшесі бар. 2019 жылдың соңында 478 үлескердің 140-ы баспанасын алып, қазір өз үйлерінде әрлеу, әктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өз басым жергілікті биліктің, мемлекеттің алданған үлескерлердің мәселесін шешіп жатқанына өте қуаныштымын. Сондай-ақ әкімдіктің үлестік құрылыс, үлестік құрылыстың проблемалық нысандарын аяқтау жұмыстарын қадағалайтын өкілі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевке «Арыстан» үлескерлерінің атынан алғысымды жеткізгім келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды