Мәні кеткен пән болды ма?

0 232

Қазіргі білім беру жүйесінің алдында білім беру процесін жаңа идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Мектеп – оқу ордасы, ал оның өзегі – мұғалім. Жаңа формация мұғалімі рефлексивті, өзін-өзі жүзеге асыратын әдістемелік, зерттеу және басқа құзыреттіліктің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани, моральдық, азаматтық жауапкершілікке ие болу керек дей отырып, оларды қолданысқа енгізілетін ғылыми тұрғыда негізделген бағдарламалармен, оқулықтармен қамтамасыз етуіміз тиіс.Нәтижеге бағытталған білім беру моделі және басқарудың жаңа парадигмасы аясында оқытудың белгілі тұжырымдамалары мен нормаларын, тиімді технологияларын меңгеру үшін мұғалімдердің кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған оқыту қажеттілігі туындайды. Осы мақсатта географиялық білім беру қандай жолда деген сұрақ қазіргі кезде мектеп мұғалімдері ғана емес, ата аналарды да ойландырады.
Жаңартылған оқу бағдарламасы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленгені факт. Бүгінде география пәнін оқыту мүлде сын көтермейді. Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес шиыршық әдісімен жазылған оқулықтар оқушылардың географиядан толық білім алуына мүмкіндік бермей отыр. Мысалы 5-11-сыныптарда оқыту бағдарламасы бірдей. Бір сынып көлеміндегі бағдарлама келесі жылы да қайталанады. Сонымен бірге жаратылыстану пәні бойынша 5-6-сыныпта өтетін тәжірибе сабақтары физика мен химия пәндерінде де қайталанып берілген. Бұл нақты география пәнін оқытудың орнына, бірін-бірі қайталауға соқтыруда.
Бөлімдерге бөлінген география­лық және басқа пәндер мазмұны 7-11-сыныптарда шиыршық әдісімен оқытылады. Ал енді ойланып көрсек, 7-8-сыныпта әлеуметтік, экономикалық саяси географияны оқыту қай кезде талқыланып, бағдарламаға енгізілді ол жұмбақ күйде. Оны әдістемелік тұрғыда оқушы жас ерекшелігіне сай екенін, қай ғылыми орта немесе ғалымдар зерттеді. Бағдарлама авторлары батысқа еліктеп, шиыршық бойынша білім береміз деген ой-пікір авторы кім екенін айтар кез келген сияқты. Осы жылдары 7-11-сынып аралығында оқулықтар жазылып, республика мектептері жаңартылған бағдарламамен жұмыс істей бастады. Мектеп мұғалімдерінің жан айқайын республикалық атаулы мектеп өткізген «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбына арналған онлайн-жиында рес­публиканың жүзден астам ғалымы мен география пәні мұғалімі «Қазақстан географиясына» жеке дербес пән дәрежесін қайтару мен оны «Қазақстанның физикалық географиясы», «Қазақстан Респуб­ликасының экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп бөліп, жеке пән ретінде екі оқу жылы аясында оқытуға арналған бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Ол кездесу материалы «Егемен Қазақстан» газетінде 21 желтоқсан 2020 жылы «Байтақ елдің географиясы толығымен неге оқытылмайды?» деген атпен жарияланып, көпшілік қауымның талқысына түсті. Басты айтылған мәселе – Қазақстан географиясын 8-9-сыныптарда оқыту. Ол ұсыныстармен толықтай келісуге болады. Бірақ географиялық білім беруді 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қайта құру керек болып тұр.
Жаңартылған бағдарламаға көшу барлық білім беру жүйесін жаңғыртуды талап етеді. Мұндай ауысуды жүзеге асыру үшін өзгеріс­терді жергілікті жерлерде мектеп мұғалімдерінен және білім беру мекемелерінде педагог кадрлар даярлаудан бастау керек болатын.
Мектептер мен ЖОО-ларда Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде қалыптасқан географиялық білім беру жүйесі, әсіресе қазіргі уақытта дезинтеграция жағдайында тұр, бұл педагогтер мен мектептердің өздерінің дайындығын ескермей, жалпы білім беретін мектепте жаңартылған бағдарламаны енгізуге байланысты көрінеді.
Егер қазіргі мұғалімдердің басты талабы бойынша қарасақ, географиялық білімінің толық еместігі, олар сыныптар бойынша қисынсыз бөлінгендігі, атап айтқанда географияны оқыту принципінің өрескел бұзылғандығы ақиқат.
Мазмұнына көшумен сүйемелденетін қазақстандық білім беруді жаңғырту, оқыту сапасын арттыруға, оқытудағы жеке тұлғаға бағдарланған тәсілге, нақты пәндерді оқу кезінде уәждемені күшейтуге бағытталған. Сондықтан бұл ұсыныстарды білім беру процесіне енгізу ерекше өзекті.
Білім беру саласын жаңғырту әлемдегі және қазақстандық қоғамдағы терең саяси және әлеуметтік – экономикалық қайта құрулар аясында жүріп жатыр. Болып жатқанның бәрі геосаяси және нарықтық қатынастарға көшумен байланысты. Барлық пәндерден 11-сынып оқулықтары мәселесін қайта қарау қажет сияқты. Себебі алда 12 жылдыққа көшу келе жатыр. Бастама төменнен болады деген қағиданы неге ұмытамыз. Мысалы біз арнайы топ құрып, 11-сыныптың география оқулығын жазып, республикалық сараптамаға ұсындық. Сараптамадан өтпеген кейбір жерлеріне түзетулер де енгіздік. Алайда құзырлы мекемелер бекітілген инструкция бойынша қарауға болмайды, тек 3-5 жылдан кейін немесе жаңа оқулық талаптарына сай енген кезде ұсыну керек, республикалық сараптамадан өтпеген т.б. деген жауап берді. Бірақ бұл оқулық қағаз күйінде шықпаса да, электронды түрде еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұғалімдерге тарап, қолданысқа еніп кеткен. 4 жылдан кейін оқулық жазатын кезде ұсынармыз, бірақ 5-7 жыл бойы мұғалімдер не істейді? Қалай оқытады? Қолданыстағы оқулық толық емес.
Осы айтылған мәселелерді шешу «Оқулық» республикалық ғылыми практикалық орталығы мен
Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы тарапынан істелетін шараларға тікелей байланысты деп ойлаймын. Себебі географиялық білім ғана емес, басқа биология, химия пәндері бойынша да жаңартылған бағдарламаға қатысты айтар мұғалімдердің уәжі толып жатыр.
Кеткен кемшіліктердің орнын түзететін оқулықтар болса неге қарамасқа, талқыламасқа. Бюракратиялық стандартты жауаптарды тоқтату керек. Қарау, талдау қажет. Білім саласында да ашық қоғам құруымыз тиіс. Егер айтылған ескертулер түзетілген болса, неге жаңа оқу жылында республика оқушылары мен мұғалімдері альтернативті оқулықты қолданбасқа. Оны мониторинг жүргізіп анықтайық. Сонда қорытынды сөз кім жақта екенін көре алады. Талдау жасауға мүмкіндік беріп отырған жоқпыз. Жалпы сол әдіскерлер мен қазылар мүшелері оқулық жазып көргендер ме екен?

Орденбек МАЗБАЕВ,
география
ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + eleven =