Маңызы – халықтық сипатында

0 31

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауы мазмұнының ерекшелігі ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру қағидасына жаңаша мән-мағына берілуінде.

Ал басты идеясы – мықты басқару жүйесі бар, барынша еркін нарық қалыптасқан, әлеуметтік әлеуеті жоғары әрі үнемі тұрақты даму жолындағы мемлекет болу.
Ол идеяның арқауы – халық, оның жағдайы. Жолдаудың басты мазмұны – оның халықтық сипатында.
Президенттің өткен жылғы сайлауалды бағдарламасының басты қағидатына айналған «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі көрінісіне осы күндері куә болып отырмыз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастаған билік жүйесі халықтың арыз-арманын, жан айқайын, ой-пікірлерін тыңдағанына көз жеткіздік.
Билік пен Президенттің халықпен жақын, тығыз байланыста жұмыс істеуді басты принципке айналдырғанын бүкіл қоғам болып сезіндік.
Бұл жағдай өз кезегінде мемлекет басқару жүйесі мен халықтың арасындағы байланыстың жақсаруына ықпал жасайтыны сөзсіз.
Жолдауда бұл жағдай баса айтылды. Билік пен халықтың арасын үнемі байланыста ұстап отыратын қоғамдық институттарды, бірлестіктерді күшейтуді, оларға қосымша пәрмен беруді Президент нақтылап тапсырды.
Қаламызда белсенді жұмыс жасап жүрген қоғамдық кеңес, қалалық маслихат, мемлекеттік емес ұйымдар қызмет өрістеріне сәйкес арнайы құқық алатын болып отыр.
Енді қалалық мәслихат өңірдегі қордаланып қалған мәселелерге байланысты халықтың қолын жинап, билік алдына петиция қоя алады.
Биыл сайлауға «Нұр-Отан» партиясы ерекше жолмен кірісіп отыр. Демократиялық принциптерге негізделген праймериз арқылы түспекші. Ол арқылы талантты жастарды, белсенді азаматтарды билікке тарту мүмкіндігіне ие болмақпыз.
Менің өзім де праймеризге қатысамын. Өйткені мол тәжірибемді пайдаланып, оны халықтың игілігіне жаратуды парыз санаймын.
Келер жылы 25 жылдық мерейтойын өткізейін деп отырған Еуразия университеті биыл 1-курсқа 5 мыңнан аса жастарды студент қатарына қабылдады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Еліміздегі грант иегерлері ең көп келген университет болып отыр.
Осынша жастардың пандемияға қарамастан елордамызға келуі көп жайтты аңғартады.
Елордаға келген жастардың барлығы астананың статусын көтеруге әлеуетті. Біз оларды астана тұрғыны ретінде биік дәрежеде дайындап береміз.
Кезінде дана Абай айтқандай: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айына бір өзіңнен-өзің есеп ал» демекші, биліктің де халық пен мәслихат алдында есеп бере отыра, жұмысын абыроймен атқаратынына сенімдімін.

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің ректоры,

Нұр-Сұлтан қалалық
мәслихатының депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =