©2020 Астана Ақшамы
Маңызды жобалар мақұлданды
Астана нарығында жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие болды. Кеше Астана әкімдігінің жанындағы үдемелі индустриалды даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Астана әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековтың төрағалығымен өткен жиында кейбір банктердің өкілдері сөз сөйледі.
Кеңеске елорданың бизнес кеңістігінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар мен банктердің өкілдері қатысып, бизнес бастамасын таныстырды.
Сондай мекеменің бірі – «Golden Rill Trade» ЖШС. Бүгінде ол мекеменің аты елордалықтарға «Хрусталды су» деген атпен белгілі. Аталған кәсіпорын су құятын бөтелкені бұрын Ресейден сатып алатын. Енді ол бөтелкені өздері шығармақ ниетте. Осы орайда неміс құрал-жабдықтарын алып, жұмысты жетілдірмек. Компанияның бұл бастамасын кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады.
Сол сияқты «Норд ТЭК» ЖШС-нің көліктік-экспедициялық қызмет көрсету туралы, «КАД Бур» ЖШС-нің түрлі пластмассалық заттар шығару, «Перинаталдық профилактикалық орталығы» ЖШС-нің жалпы дәрігерлік практикасы туралы жобалары да бірауыздан мақұлданды.
Бизнес бастамаларды қолдаудан бөлек, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетілетіні белгілі. Нақты айтсақ, жаңа бизнесті ашуға көмектесу, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және іскер байланыс сынды қолдаулар бар.
Айнұр ШОШАЕВА