МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАНДЫ

0 96

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша республикамыздың барлық аймақтарында ақпараттық-насихаттау топтары жұмыс істеуде. Топ құрамы министрліктер және соларға қарасты сала өкілдерінен құрылған. Оның бір тобы өз жұмысын Алматы ауданында жалғастырды. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Скляр, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі  Ғылым комитетінің төрағасы Нұрлан Ыбырайым Алматы аудандық Ішкі істер басқармасының №7 амбулаторлық-емханалық кешенінде болып, ұжым мүшелерімен кездесті.

 Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары Нұржан Қажыәкбаров пен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Әлия Қуан Медициналық және Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде жастар мен оқытушылар қауымымен кездесіп,  мемлекет саясатының жаңа бағытының негізгі ережелерімен таныстырды. Осы топ №68665 әскери бөлімінде де кездесу өткізді.

Көпшілікпен өткен кездесулерде егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдаған Қазақстан халқының басты құндылықтары, елдің бүгінгі бет-бейнесі, ұстанымы жайында айтылды. Елдің жарқын келешегі жайлы дәйектер көпшілік көңілінен шықты. 21 жылдың ішінде тәуелсіз мемлекетіміз зор жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қауымдастықта лайықты орнын тауып, бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына кірді. Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, бүгінгі күнде еліміз 51-орында тұрғаны белгілі.

«Бұл жетістік – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі» деген Елбасы сөздерін республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері   кездесуге жиналған жұртшылықтың жүрегіне жеткізе білді.

Елбасы  алдымызға қойған стратегиялық жаңа бағытты іске асыру жолында  күш-жігерімізді біріктіріп, ауқымды міндеттерді орындауға белсене қатысу  бүкіл қазақстандықтардың алдына қойылған міндет екені де баса айтылды.

Осы ғасырдың 2050 жылдарына дейінгі уақытқа арналған еліміздің жаңа саяси бағытының кемеліне келіп, салтанат құруы әркімнің саналы іс-әрекетіне де қатысты екені көпшілікті жігерлендірді.

Әр кездесудің соңы пікір алысумен жалғасты. Ғылым және білім беру, әлеуметтік саясат мәселелеріне қатысты, ел экономикасының дамуы, көлік және байланыс саласында жүзеге асырылып жатқан және алдағы ауқымды жоспарлардың барысы жөніндегі сұрақтарға жауап берілді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 17 =