МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМ

0 117

ERA_3645

Кеше Бейбітшілік пен келісім сарайын­да Астана әкімдігі мен Саратов об­лысы үкіметінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойылды. Бұған Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов пен Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев қатысты.

Құжатта экономиканың ең маңызды буындары саналатын жаңа инвестициялар тарту мен ақпарат, тәжірибе алмасуға жол ашатын сауда-экономикалық байланыстарға баса көңіл бөлінген. Сонымен қатар, өнеркәсіптік өндіріс, құрылыс индустриясы мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімдерін жеткізуді өзара тиімді түрде жүзеге асыруды қарастыратын сәулет және коммуналдық шаруашылық пен жол-көлік инфрақұрылым саласы да қамтылған.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара іс-әрекет қайта өңдеуші өндірістерді модернизациялау үшін ғылымды қажет ететін және прогрессивті технологияларды енгізуге негіз болады. Білім және ғылым саласы да назардан тыс қалмақ емес, осы саладағы ынтымақтастық тараптардың білім мекемелері арасында тығыз байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құжатта денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласы да қамтылған. Ал бұл салада өзара инновациялық технологияларды енгізу тәжірибесімен алмасу және халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр.
Жастар саясаты, мәдениет, дене тәрбиесі және туризм салаларындағы ынтымақтасу да бірлесе отырып, түрлі іс-шараларды көптеп ұйымдастыруға мұрындық болмақшы. Бұл – Астана мен Саратов облысының жастары арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік беретін жоба.

Құжатта көрсетілген осы міндеттердің барлығы Саратов облысының үкіметі мен Астана қаласы әкімдігінің арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған келісім аясында іске асады деп күтілуде.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =