©2020 Астана Ақшамы
Маңызды мәселелер талқыланды
Астана әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиынында қоғам қауіпсіздігі, көше тазалығы және жылыту маусымына қатысты мәселелер талқыланды. Онда қала әкімінің орынбасарлары өздеріне жүктелген міндет бойынша баяндама жасады.
Алдымен, шаһардағы тұрғын үй құрылысындағы үлескерлердің мәселесін Сергей Хорошун баяндады. Ол өз сөзінде: «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында проблемалық нысандарды қаржыландыру механизмі мен іс-шараларды жүзеге асыру тәртібін түсіндіру бойынша 34 тұрғын-үй құрылыс кооперативтері төрағаларымен кездесу өткізіп, сонда айтылған ақпаратты өз үлескерлеріне жеткізу ұсынылды» деді.
Төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, қала тіршілігін қамтамасыз ету нысандарының ағымдағы жай-күйі және жылыту маусымының барысын Қосман Айтмұхаметов айтып берді. Оның сөзіне зер салсақ, өткен аптада табиғи сипаттағы бір төтенше жағдай тіркелген. Жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Жылу жүйелерінің температурасы бекітілген режимдік картаға сәйкес ұйымдастырылған.
Дәрі-дәрмек тобы мен оның қоры туралы Ермек Аманшаев сөйледі. Оның айтуынша, қала стационарлары 2 айлық дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар қорымен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бақылауға алынған. Ал Малика Бектұрова жанар-жағар май мен көмір нарығындағы жағдай туралы айтты. Оның келтірген мәліметтеріне сәйкес, өткен аптада елордаға 151 вагон көмір жеткізілді. Соған байланысты көмір тапшылығы жоқ. «Бүгінгі күні қалада жанар-жағар майдың 15 күндік қоры бар. Барлық операторлар қазақстандық АИ-92 бензин бағасын төмендетті. Жеткізу және сату бойынша кедергілер жоқ» деді М. Бектұрова.
Астанадағы криминогендік жағдай және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар бойынша қалалық Ішкі істер департаментінің басшысы
Марат Қожаев есеп берді.
«Елордада жалпы оперативті жағдай тұрақты. Бейнебақылау камераларының көмегімен 12 қылмыс және 1,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ізін суытпай 59 қылмыс ашылды. Өткен аптамен салыстырғанда қылмыс саны 208 фактіге дейін қысқарды» дейді М.Қожаев. Ішкі істер департаментінің басшысы бас шаһарда пәтер ұрлығының алдын алу және ашу мақсатында 1-31 қаңтар аралығында «Пәтер» жедел алдын алу шаралары жүргізіліп жатқандығын ескертті.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ