«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Маңызды мәселелер ортаға салынды

0 183

Кеше «Астана» концерт залында елорда әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов елорда тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Жиынға қалалық Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов қатысты.

ЕЛУ КӨШЕ ЖӨНДЕЛДІ

Жиында әкім орынбасары қаладағы коммуналдық шаруашылық, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу, көлік инфрақұрылымы және көгалдандыру салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінде бас шаһарға жылу беретін энергетикалық орталықтардың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғандығын жеткізді. Осы саладағы сұрақтардың бәрі қалалық штабта талқыланатынын айтты. Елордаға қарасты су қоймалары да, электр стансаларының қызметі де қалыпты екендігі айтылды. Өткен жылы бірқатар көшелерде жылу желілері жаңартылған.
«Былтыр 50 көшеде жалпы ұзындығы 44 шақырымға созылған орташа жөндеу жүргізілді. 35 көшеге 34 км құраған орташа ағымдық жұмыстары атқарылды. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 15 көшеге жөндеу жасалды. Ильинка тұрғын алабында 50 көше салынды. Оның 32-сіне асфальт төселді» деді Қосман Қайыртайұлы.
Елордада дүбірлеп өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде жұмыс істеуі тиіс нысандар мен «Мыңжылдық» саябағының, жаңа теміржол вокзалы маңы, оңтүстік-шығыс ауданы, Орынбор, Тұран даңғылдары сияқты қаланың дамып жатқан бөліктерін жылумен қамтамасыз ету мақсатында елорда әкімдігі 4-ші және 5-ші кірістердің жылу магистральдарын салу жобасын жүзеге асырған.

ЕКІ КӨПІР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Одан кейін қала әкімінің орынбасары алда жүзеге асатын жұмыстарға шолу жасады. Биыл 9 шақырымға созылған жылу желілері жаңғыртылады. Сондай-ақ, 48 км құрайтын су құбырларына жөндеу жүргізіледі.
«2018 жылы бас шаһардағы көлік жүретін екі үлкен көпір пайдалануға беріледі. Кіші айналма жолының құрылысы шеңберінде Сарайшық көшесінің жалғасы – Тұран мен Бейсекованың арасы қосылады. Бұл учаскенің жұмысы қала күніне дейін аяқталады. Сонымен бірге Бейсекова көшесінің 3 шақырым жолын жөндеу жұмыстары жалғасады. Абылайxан даңғылы мен Қошқарбаев көшесі қиылысындағы жол айырығының құрылысы бітеді» деді Қ.Айтмұxаметов.
Оның айтуынша, биыл қаладағы 32 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның жартысы – Көктал-2, Интернациональный мен Мичурино елді мекендеріне қатысты. Және 60 көшеде жалпы ұзындығы 35 шақырым жолдарда орташа жөндеу жасалады. Қосман Қайыртайұлы кездесуде қаланың көгалдандыру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде Астанада 10 саябақ, 4 бульвар және 95 гүлзар бар. Осы жылы шаһарда 14 гүлзар пайдалануға беріледі. Олардың көбі ескі сүрілген үйлердің орнында болады. Елордалықтарға тағы бір жағымды жаңалықты жеткізейік. Биыл аумағы 92 гектарды алып жатқан «Ботаникалық бақтың» құрылысы аяқталады. Оның құрамында екі жылыжай болады. Оған әлемнің көптеген елдерінен көпшілікке аты ғана таныс заты беймәлім ағаштар әкеліп егіледі.

ЛИФТ ЖЫРЫ ТАУСЫЛМАЙДЫ

Қосман Айтмұхаметовтің баяндамасынан кейін тұрғындардың сұрақ қою кезегі басталды. Сөзді алдымен «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінің тұрғыны алды. Ол әкім орынбасарына аталған үйдегі лифтінің қалай құлағанын айтып берді.
«Кеше үйімізде лифт құлады. Оның ішінде менің жолдасым және тағы 4 адам болды. Лифт жетінші қабаттан құлады. Бірақ оны басқаша жеткізіп жатыр. Лифтінің тежегіші істеп кетті дейді. Негізінде, олай емес. Менің күйеуім сегізінші қабаттан лифтіге кіреді. Жетінші қабаттан тағы екі жас жігіт мінеді. Сол кезде лифтінің бір нәрсесі үзілгендей төмен қарай құлдилайды. Оның қатты құлағаны сонша, ішіндегі адамдардың бәрі бастарын төбеге соғады. Құдай сақтағанда, лифт бірінші және екінші қабаттың арасында тоқтаған. Күйеуім маған қоңырау шалып, ПИК директорының телефон нөмірін сұрады. Оған звондасақ, алмайды. Адамдар лифтте 50 минут отырды. Оларды жоғары көтеріп, үстіңгі қабаттан шығарды. Осыны қалай түсінуге болады?» деді Екатерина Манатаева. Әкім орынбасары аталған мәселені бақылауда ұстап отырғанын айтып: «Біз кешірім сұраймыз. Расында да, кеше ондай жағдай болды. Бірақ ешкім жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Қазір арнайы комиссия құрылды. Бір-екі күнде «Гранд Астананың» лифттерін тексереміз. Алаңдамаңыз. Тиісті шараларды қолға аламыз» деді ол.

АСФАЛЬТ ЕМЕС, ТАС ЖОЛ ТӨСЕЛЕДІ

«187-ші көшеде тұрамыз. Біздің үйіміз 2010 жылы мемлекеттік бағдарламамен берілген. Бірақ содан бері үйді қала әлі балансына алған жоқ. Инженерлік желілер де дұрыс емес. Аулада балалар ойнайтын алаң да жоқ. Кішкентайларымызды қайда жіберерімізді білмейміз. Қашан біздің үй қаланың балансына кіреді» деген тұрғынның сұрағына Қосман Қайыртайұлы: «Біз ол үйге инженерлік желілерді жүргіздік. Бұл жұмыс демеушілердің қолдауымен іске асырылды. Енді балалардың ойын алаңдары бой көтереді. Сіз айтқан мәселені білеміз. Ұзамай, оң шешімін табады» деп жауап берді.
«Лесозавод тұрғын алабындағы «Өндіріс» көшесіндегі 8 үйдің тұрғындардың атынан келіп отырмын» деп сөзін бастады Өміртай Ақпаев деген ақсақал. «Біздің сегіз үй көшенің бас жағында орналасқан. Былайша айтқанда, қалтарыста тұр. Жолы өте жаман. Көктемнен қара күзге дейін батпақ кешіп жүреміз. Содан қатты қиналамыз. Үшқоңыр көшесіне шығатын жолдың арасы – 250 метр. Осыған асфальт төсеп берсеңіздер» деді қария. «Жақсы, биылғы жоспарға кіргіземіз. Бірақ ол жерге асфальт емес, тас жол салып береміз» деді Қ.Айтмұхаметов.

АЛҒЫС ТА АЙТЫЛДЫ

Келесі кезекте Алматы ауданындағы Бағаналы көшесінің тұрғыны С.Еңсебаева деген азаматша сол көшедегі 19 жеке тұрғын үйдің иелері өздері ұйымдасып, кәріз желілерін тартқызғанын айтып, бірақ соның құжаттарын бір-екі жылдан бері әлі дайындай алмай жүргенін айтты. Оған Қосман Қайыртайұлы жиынға қатысып отырған Сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасарына аталған мәселені қадағалауды тапсырды. Кездесу барысында пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты да сұрақтар қойылды. Қалың жауған қар да назардан тыс қалмады. Әкімнің орынбасарына ризашылығын білдірген азаматтар да болды.
Бір сөзбен айтқанда, жиында күнделікті тіршілікте онша білінбегенмен, бірақ аяғымызды сан орап жататын тұрмыстағы маңызы зор мәселелер көбірек қаузалды. Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов жиырмадан астам тұрғынның сұрақтарына жауап берді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды