МӘҢГІЛІК ТҰЛҒА

0 236

Астанадағы Ұлттық ака­демиялық кітапханада Қа­зақстанның Еңбек ері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Ізгілікті шара аясында қаламгер Жұмабек Мұқановтың  талантты тұлға­ның өміріне арнап жазылған «Жүз  күндік жалғыздық» атты естелік кітабының тұ­сауы кесілді.

Өткен жылдың желтоқсан айын­да дүниеден озған асыл азамат туралы алғаш өтіп отырған кештің тіз­гінін жазушының өмірдегі жақын сыйласқан досы, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков ұстады. Ол дарабоз тұлғаның өмірі мен өнері, қайраткерлік қыры жайында арғы-бергі тарихты тереңнен толғап, сабақты сөз сабақтады. Ежелден халқымыз Маңғыстауды 362 әулие жатқан жер деп қадір тұтады. Осындай әруақ қонған өңірде дүниеге келген Әбіш Кекілбаевта қасиет қонған адам. Оны Мырзатай аға Әбіш туралы жазған мақаласында «363-ші әулие» деп айтқаны бар. Одан кейін белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Қажығали Мұхамбетқалиұлы өз естеліктерімен бөлісті. Ал Серік Тұрғынбекұлы, Бақытжан Тобаяқов сынды ақындар арнау өлеңдерін оқыды.
«Жүз күндік жалғыздық» деп аталатын жаңа жинақ алып адамның өмірі мен шығармашылық жолын жан-жақты бейнелеген. Аталған туын­дының тұсауын композитор Ілья Жақанов пен Рес­публикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Өзғанбаев кесті. Естелік авторы Жұмабек Мұқанов та өзі жазған кітап туралы тереңірек ой қорытты. Жазушының жары Клара анамыз да Әбіш аға туралы жүрек тербейтін сөз сөйледі.
Сондай-ақ, жиналған қауымға аса көрнекті қаламгердің өмірі мен шы­ғармашылығына арналған деректі фильм мен кітап көрмесі көрсетілді.
Қысқасы, оқырмандар ұрпаққа тағылым болар тамаша кештің куәсі болып, Әбіш әлеміне саяхат жасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 13 =