Мәңгілік махаббат иесі

0 14

14 және 15 ақпан күндері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Операның» үлкен залы сахнасында ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің тағдыры жайлы «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінің премьерасы зор табыспен өтті. Бұл қойылымды неміс хореографы Раймонда Ребек сахналады.Қойылым композиторды ақтық сапарға шығарып салып, жерлеу рәсімімен басталады. Оның қазасы туралы қаралы хабар жұртты есеңгіретіп жіберді. Бұл көріністен оның музыкалық әлемге әсері қаншалықты күшті болғанын байқау қиын емес. Табытты бейнелейтін қара пианино түнерген болмысты бедерлейді, сол арқылы осы өмірдегінің бәрі де өткінші екенін білдіреді. Алайда кейінгі көріністегі ғарыш эпизоды композитордың өлмегенін, тек қана ғаламның бір бөлігіне, аспан көгіндегі жұлдыздардың біріне айналғанын көрсетті.
Балеттің композициясы баяндау үлгісінде құрылған, оқиғалар желісі ұлы тұлға шығармашылығының тылсым құпиясы мен азабы жайында сыр шертеді. Сахна төрінде Бетховен әлемі күш-қуатқа ие болады. Көрермен бәрі де осылай болғанына кәміл сенеді.
Қойылымдағы қанық мінездер, эмоциялар психология­лық атмосфераны дәл бере білді. Оқиға желісі бойынша Бетховен өмірінің соңғы жылдарында кереңдігінен азап шегіп, онымен күреседі. Композитордың кереңдігі оның дарыны үшін өтеу болды. Балетмейстердің пайымынша, кім болсаң да, бәрімізде бір дерт бар, өз кеселіңнен қашып құтыла алмайсың.
Премьераның әр күндері балет солистері жоғары деңгейде өз партияларын орындады.
Сонымен қатар спектакльді сахнаға алып шығуға балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова, сценограф және жарық дизайны концепциясының авторы – Йоко Сеяма, кос­тюмдер бойынша суретші – Роса Ана Чанза, проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ­Ержан Дәуітовтің еңбегін ерекше айт­қан жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды