МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ШЫРАЙЛЫ ШЫРШАСЫ

0 105

ERA_1713

Кеше күллі қазақстандық балдырғандарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңажылдық құттықтауын жолдады. Осы күні еліміздің барлық өңірінде Президенттің атынан шыршатой өткізілді. «Мәңгілік елдің қасиетті құндылықтары» деген жалпы атаумен ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаға Астана қаласы да ыждаһатты әзірленіп, Оқушылар сарайындағы шырша түбіне 300 балдырғанды жинап, думан көрігін қыздырды.

– Жаңа жыл – ең алдымен, бала­ларға қуаныш сыйлайтын мереке. Сендер арқылы қазақстандық барша балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Біздің ұлы Отанымыз жылдан жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі Қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Ата-аналарыңды қуантып, зергер де зерделі, білімді де білікті болыңдар. Бұл үшін елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр. Барлық өңірде жаңа мектептер салынуда. «Өнерлі өрге жүзер» дейді дана халқымыз. Өнер – білімнің кені.  Өркенді елдің теңі болыңдар. Жасыл шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын, – деді құттықтауында Президент.

Астана қаласында өткен Прези­денттің шыршатойына Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Жалпы бас қалада өткен Прези­дент шыршатойына шақырылған 300 балдырғанның 150-і көпбалалы отбасынан болса, қалған жартысы – Балалар үйінің тәрбиеленушілері екен.

Мереке барысында балалар өзде­ріне арналған жаңажылдық бағ­дар­ламаны тамашалады. Ертегі кейіп­керлерімен бірге көңілді ойындардың қызығына кенелді. Кейіпкерлер де­мекші, осы жолы шыршатойда қазақ ертегілері кейіпкерлерінің қарасы басым болды. Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменовтің сценарилік қолтаңбасы айқын аңғарылып тұрды. Тазша бала, су перісі, айдаһар балдырғандарды ертегі әлеміне жетелеп, әдемі әсерге бөледі. Ал Аяз ата мен Ақшақар шыршатойға қатысып, мәз-мәйрам болған балаларға Президенттің атынан арнайы әзірленген сыйлықтарды таратты.

Жаңажылдық мерекеге орай сах­наланған ойын-сауық бағдар­лама­сынан кейін балалар тәтті тағамдарға толы дастарханнан дәм татты.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =