МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МУЗЫКАСЫ

0 311

Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын жыл басынан бері ән-күймен әспеттеп келеді. Әсіресе, күз түскелі «Астана» концерт залында егемендік тойына арналған кештерді жиі-жиі ұйымдастыруда.

_pic7762

Азаттығымызды асқақтатқан кезекті концерт «Көк байрағым – тірегім» атауын алды. Онда филармонияның халық әні бөлімінің әншілері, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы және «Шалқыма» халық биі ансамблі өнер көрсетті.

Концертте тарихымыздың қойнауынан тамыр тартатын музыка жаңғырып, ХХ және ХХІ ғасырлардың арасын жалғаған туындылар шалқыды. Бөкей ордасынан шығып, байтақ қазақ даласына күйшілігімен танылған, әйгілі музыкатанушы Ахмет Жұбанов «төре күйлерінің атасы» деп баға берген Дәулеткерей Шығайұлының күйлерінен бастап, қазақтың көне мұрасын бүгінгі музыкамен ұштастыра білген Шолпан Қорғанбекованың шығармаларымен кештің сәні кірді.

Кеште ұстаздықты, әншілікті, композиторлықты бір бойына жинақтаған Ғарифолла Құрманғалиевтің, ұлы Абай дәстүрін жалғап, ақындық пен ән шығару өнерін ұстай білген Бәкір Тәжібаевтың, классикалық музыкаға да, эстрадаға да өлшеусіз үлес қосып, музыканың сан жанрында еңбектенген Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің, осы Арқа өңірінің перзенті, көрнекті композитор Кенжебек Күмісбековтің, өзге де сазгерлердің әндері әуеледі.

Бұл шығармаларды Секен Сыздық, Тельман Нұртай, Данияр Мұқан, Күнсұлу Тұрлыбекова, Рахат Бегасылов, Жазгүл Даңылбаева, Жақсыгелді Маясаров, Нұрай Танабаев, Перизат Тұрарова т.б. әншілер салды. «Шалқыма» халық биі ансамблі ұлттық бояуы қанық «Інжу-маржан», «Шолпы», «Биші қайың», «Шашу» сынды мың бұралған билерді ұсынды.

«Ән өнері арқылы халықтың тарихымен танысуға болады. Себебі ұлттық музыканың тамыры тереңде жатады. Музыканың адамның рухани әлемінің баюына және өзіндік сана-сезімінің қалыптасуына тигізетін ықпалы зор. Елордалық филармония әртістері қазіргі жастардың сана-сезімі мен жүрегіне жол табу, өскелең ұрпаққа көнеден жалғанатын дәстүрлі мәдениеттің маңызын түсіндіруді міндетім деп біледі. Өйткені ата-баба мәдениеті қанымызда бар, сол ұлы мұралардың бойындағы даналық және ар-намыс қасиеттерді жоғалтпауға тиістіміз» дейді Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Сәкен Әбдірахманов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =