МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘҢГІЛІК ТІЛІ

0 186

Кеше «Астана» концерт залында Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ қалалық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестиваль бір аптаға жалғасады. Оның аясында «Отан – отбасыдан басталады», «Абай дана, Абай дара қазақта» атты және осы сипаттағы т.б. шаралар ұйымдастырылады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз Мәңгілік елге айналатын Қазақ елін құрдық. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі оның мәңгілік тілі болады» деп айтқаны бар. Сондықтан тіліміз мәңгі жасайды. 1 миллион халқы бар Астана қа­ласы тұрғындарының бар­лығы осыған атсалысып, мемлекеттік тілде сөйлеп, қазақ тілінде жазып, көк байрағымызды биікте желбі­ретеді деп ойлаймын, – деді қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.


Шара барысында бір топ адамға Астана әкімінің «Тіл тұғыры» құрмет мара­па­ты тапсырылды. Марапаттал­ғандардың қатарынан ҚР Инвестициялар және даму министрлігі қоғаммен байланыс және ақпараттық жұмыс департаментінің директоры, белгілі журналист Берік Уәли, Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектебінің директоры Ербол Іргебай, «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай, «Қазақстан КВН одағы» қо­ғамдық бірлестігінің пре­зи­денті Есентүгел Елеукен, жоғары санатты дәрі­гер, «Шипалы» емдеу орта­лығының бас дәрігері Қанат Айдархан, ІТ маманы, бел­гілі блогер Ерлан Оспан, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшесі Леонид Гайленгер табылды.
Үлкен экран арқылы шағын бейнеролик көрсетілді. Мұны: «Қазақ тілі интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатын адамдардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мем­лекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтардан мыңдаған азамат қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырға қарағанда биыл қазақ тілін білем деген өзге жұрт өкілдерінің саны 10 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш бізге біраз жайттан хабар береді. Тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолда­нылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін өзімізді өзіміз қамшылауымыз қажет. Соған өзіміз атсалысуымыз керек» деп Мемлекет басшысы сөз сөйлеп ашты.
Бұдан кейін бейнероликте «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының, соның ішінде латын әліпбиіне көшудің маңызы туралы айтылды.
Тілдер фестивалінің ашылуына «Алашұлы» тобы, ағайынды Жүгінісовтер, Шаһаризат Сейдахмет, Әсем Омарова, Ерлан Рысқали, т.б. белгілі әншілер қатысып, көрермендердің көңілін кө­тер­ді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 9 =