«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәңгілік ел тұғыры – тәуелсіздік

0 520

Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнін Қазақстан халқы жыл сайын зор құрметпен, ерекше көңіл күймен, айрықша тағылыммен атап өтеді. Мерекенің тарихи маңызы мен салмағы жөнінде қалай айтсақ та жарасады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей бастамаларымен, идеяларымен ғасырға татырлық жиырма алты жылда орасан оқиғалар орын алды, елеулі міндеттер атқарылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
Кез келген мереке – өткеніңді саралап, атқарылған шаруаны екшеу, келешекті бағдарлау. Ал біз осы Тәуелсіздік күніне қандай, нендей олжамен, жетістікпен келдік? Айталық…

 

Айбарымызды асырған Астана

«Қазақ егемендігінің бірден-бір же­тістігі не?» дегенде алдымен тілге оралатыны – Астана. Иә, бас шаһар ірге қалаған жиырма жылда төрткүл дү­ниені өзіне қаратып, еліміздің зор мақтанышына айналып үлгерді. Алғашқы сөзімізді де осыдан бастасақ…
«Астана тарихы – тәуелсіз Қазақстан тарихы». Бұл – Елбасы сөзі. 1994 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеяны алғаш рет Парламент депутаттарының алдында айтты. Ол сонда астананы ауыстырудың басты төрт себебіне тоқталған: «Біріншіден, Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындады. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс. Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Төртіншіден, астананы аймаққа қарай көшіре отырып, біз құрамы жағынан көп ұлтты, тұрақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» деген еді Президент.
1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау» туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 8 қарашада елордаға еліміздің Көк Туы, Елтаңбасы және Президент байрағы жетті. Сол тұстан-ақ мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүре бастады. Елімізде жаңа басқарушылардың легін дайындау қажеттігі мықтап қолға алынды. Осы ретте Президент өзі бас болып жаңа қалада жаңаша ойлайтын мамандардың шоғырын қалыптас­тыруға білек сыбана кірісті.
Астана жетістіктері көз қуантады. Әлемнің 27 елінен келген мыңнан аса спортшы қатысқан Азияда ойындарының ашылу салтанаты, 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруі, 2012 жылы Орталық Азия­дағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуі, 2013 жылы «Астана Опера» театрының тұсаукесері, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауы, 2016 жылдың 4 шілдесіне миллионыншы тұрғынның дүниеге келуі… Астана айбарын асырып, ажарын айшықтады.

Тәуелсіз елдің таңдауы – латын әліпбиі

Тәуелсіздіктің қазаққа берген айтулы оқиғалардың бірегейі – латын әліп­­биіне қадам басуымыз. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен ұлттық руханиятын қайта жаңғыр­туға мол мүмкіндік бергені мәлім. Елбасы мақаласында қазақ тілін біртіндеп 2025 жылға дейін латын графикасына көшіру қажеттігін қадап айтты. Бұл мәселе бұрын да бірнеше рет көтерілгені есімізде. Биыл осы міндетті жүзеге асыру мықтап қолға алынды. Ал мұны тәуелсіздігіміздің бір игілігі ретінде қабылдаймыз. Өйткені отаршыл биліктің құзырында жазылған тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ әліпбиінің үш мәрте өзгергенін байқаймыз. Бұлардың қай-қайсын да жақсы ниетпен басталған қадам деп айтуға ауыз бармайды. Егемендік жылдарындағы латын графикасына ұмтылысымыз бекер емес…
Жуырда ғана, 26 қазан күні Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Қазіргі жаһандану заманында біздің басты мақсатымыз – әлемнің дамыған елдерінің қатарынан табылу. Латын әліпбиі еліміздің білім саласын жан-жақты дамытуға, сонымен қатар, түркі халықтарының бір-бірімен мәдени және рухани жақындасуына да ықпалын тигізері анық.

 

рухымызды көтерген көрме

Тәуелсіз елді әлемге танытқан айшықты жетістіктеріміздің қатарына ЭКСПО-2017 көрмесі қосылды. Арқа төсіндегі алып шаһарда жалауы 93 күн бойы желбіреген халықаралық мамандандырылған көрмені де азат халықтың айрықша олжасы деуге құқылымыз. Өйткені ол шараны әлемнің 4 миллион адамы тамашалап, 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым «Болашақ энергиясы» тақырыбында жаһан жетістіктерін таныстырды. «Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Бұл көрме Қазақстанның бүкіл әлемге танымалдығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыз­дың қонақжайлығын көрсетіп, «Болашақ энергиясы» тақырыбына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді» деген еді Елбасы.
Осы шара арқылы Қазақстан төрткүл дүниенің назарын аудартып, әлем халықтарының қызығушылығын оятты. «National Geographic Traveler» журналының шешімімен «Болашақ қаласы» деп танылған Астана туралы беделді халықаралық «National Geographic» телеарнасы «Мегақұрылыстар: Астана – болашақ қаласы» фильмін түсірді. «The New York Times» басылымы елімізді саяхаттауға лайық мемлекеттердің қатарына қосып, бағамызды асырды. Елбасы сөзімен айтсақ, ЭКСПО аясында ұйымдастырылған 6 мыңнан астам мәдени шара көрмеге ерекше атмосфера сыйлады.
ЭКСПО көрмесі, шындығында, ғылым, бизнес пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттеді. Әлем елдері мен халықтарының достығын тереңдетіп, іргелі іскерлік байланысына септесті. Барлығы Қазақстанның бай тарихымен танысып, мәдениетіне қанықты.
Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстандағы халықаралық шара жа­йындағы пікірін былай білдірді: «Жаңғырмалы энергияны алға жылжыту – тұрақты дамуға бағытталған орасан зор еңбек. Баламалы энергия көздерін өндіру, қолдану, оны тарату XXI ғасырдың міндеті екендігін жеткізгім келеді. Әуелде көрме алдында қойылған міндеттер мен мақсаттар жүзеге асырылды. Елордада өткен ЭКСПО көрмесі қатысушы мемлекеттердің техникалық және технологиялық жетістіктерін, мәдениеті мен тарихын барша әлемге паш етті. Қазақстан осы жауапты істі атқарып, көрмені лайықты деңгейде өткізді».
Иә, тәуелсіз Қазақстан ширек ғасыр­дан сәл ғана асатын жылдарында, тарихи өлшеммен алғанда қас-қағым сәтте, биік-биік белестерді бағындыр­ды. Үшеуіне тоқталдық, үш мыңы көз алдымызда, жүрегімізде, санамызда. Жалғастыруға бәріміз құштармыз, атсалысамыз, үлес қосамыз. Күмәнсіз! Тек тыныштығымыз бүлінбей, тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды