«Мәңгілік ел» негізі – патриотизм

0 107

демидов

Қазіргі кезде мемлекетіміздің негізгі міндеті – жан-жақты дамыған адамгершілігі мол, рухани бай, елін, жерін жанындай сүйетін жастарды тәрбиелеу. Осы орайда құрылғанына 15 жыл толғалы отырған Басқару колледжінде атқарылып жатқан игі істердің алар орны ерекше.

«Мәңгілік ел» болудың негізі – жастарды патриотизмге тәрбиелеу» деп, Елбасымыз айтқандай, қазіргі таңда колледж әкімшілігі мен оқытушылар ұжымы жастарды ұлтын сүюге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тәрбиелей отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіне атсалысуда. Осы бағытта аталмыш оқу орнының ардагер ұстаздары П.Хамзина, Г.Турдалиева, В.Ермакова, С.Бекпергенова, Т.Смағұлов, Қ.Жұмажанова, Р.Қазбекова жемісті еңбек етуде. Олар әр сабақта патриоттық тәрбие мәселесін басшылық алып келеді. Мәселен, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» тақырыбындағы сабақта іскерлік ойын түрінде өткізіп, командирлерді таңдау, саяси жетекшілер тағайындау, тіпті, олардың шабуыл алдындағы жалынды сөздерін қайталау арқылы балаларды жауапкершілікке, отансүйгіштікке баулимыз. Студенттер жай тыңдаушы емес, сол уақиғаға тікелей қатысушы ретінде көрінеді. Мұндай сабақтар олардың белсенділігін арттырып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырады.
Екінші маңызды бағыт – студенттерді әртүрлі үйірмелерге қатыстыру арқылы патриотизмге тәрбиелеу. Бұл ретте Қазақстан тарихы пәнінен «Мирас», студенттер арасындағы «Халықтар достығы», «Үлкен көмек», «Жас ақындар» «Mixstar» би үйірмелеріне қатыса отырып, олар барлығын өз қолдарымен жасауға дағдыланады, еңбектенеді. Атқарылған әр жұмыс оларға жаңа күш-жігер береді, мақтаныш сезімін тудырады. Сондай-ақ, колледжде ұйымдастырылатын кездесулер мен түрлі мәдени-танымдық шаралар барысында патриоттық әндер шырқау арқылы студенттер өздері білім алып жүрген оқу орнының намысын қорғауды үйренеді.
Кураторлар жүргізетін жалпы мәдени шаралар да патриоттық тәрбие ісінде үлкен орын алады. Мәселен, Президент мұражайына, ұлттық кітапханаға, тарихи ескерткіштерге экскурсиялар жасау, сенбіліктерге қатысып, еңбек етулері – осы жұмыстардың барлығы студенттердің еліне, жеріне, өздері оқып жатқан оқу орнына деген сүйіспеншілігін оятқаны сөзсіз.
Алғашқы оқу жылында колледжде бес мамандық бойынша 116 оқушы ғана оқуға қабылданса, кейін 12 мамандық бойынша екі мыңнан астам білім алушылары бар іргелі оқу орны атанып, білім саласында қызмет көрсетуде маңызды орынға ие болды. Қазіргі кезде колледж студенттері он бір мамандыққа қатысты жан-жақты дәріс алып жүр. Ал, колледжімізді бітірген түлектер бүгінде әділет органдарында, елшіліктерде, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қаржы саласында қызмет етуде.

Пану ХАМЗИНА,
Басқару колледжі тарих пәнінің оқытушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − four =