Мәңгілік ел – мұратымыз

0 205

Ел азаттығының баянды болуы мақсатында орындалуы тиіс істер туралы Президент Н.Назарбаевтың жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – Қазақстан тарихында орны бөлек оқиға болып қалары сөзсіз. Келешектің жаңа саяси бағыт, мақсатының түп-төркінін білдірген Елбасы «мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысатындығын» ашық мәлімдеді.

Расында қазақстандық жолды айқындау арқылы мемлекеттің іргесі бекіп, нарықтық экономикада серпілістер негізінде мемлекеттің негіздері қаланды, қоғамдық сананы жаһандық өзгерістер легіне ілесетіндей қайта құрулар жүзеге асырылды. Ақиқатында, дұрыс таңдау жасау арқылы аласапыран жаһандық дағдарыс сынына төтеп беру – Елбасы мен ел абыройын асырмаса, кеміткен жоқ. Дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндеті тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзімде шешімін тапты.
«Қазақстан-2030» Стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылғандықтан да ұлттық экономика көлемі (1997-2011жж.) 15 жылда 1,7 триллион теңгеден 28 триллион теңгеге, ІЖӨ (1998-2012жж.) 7 есе өсім берді. Бірлік, қажырлы еңбек, алға ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің нәтижесінде Қазақстан халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елге айналды. Қолжетімді және сапалы білім беру, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын, экономика локомотиві болған энергетикалық ресурстарды, инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары іске асырылды. Кәсіби мемлекет қалыптасты.

Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Тыңдаушыларға серпін берген «2030 Стратегиясының» негізгі алға қойған міндеті – заманауи Қазақстанның орныққандығын және жаңа бағдарламалық құжаттың нақты істер бағыт-бағдарын Ұлт көшбасшысының жариялауына шетелдік сарапшылар да назар аударып, үлкен мән берді. Ресей сарапшысы Ю. Солозобов: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Бұған еш күмән болмауы тиіс» десе, Болгария саясаттанушысы Т. Дрозина өзінің көңіл-күйін былайша білдіреді: «…ана мен баланы қорғау, ұлт денсаулығын сақтау тармақтары бізді ерекше тебірентті. Мұның арғы жағындағы білім мен кәсіби шеберлікке қатысты межелердің де елдің келешегі үшін үлкен міндеттер атқаратыны түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, Жолдаудың барлық тармағынан гуманизмнің лебі еседі. Бұл қуанышты жағдай».

Жолдауда көрсетілген басты бағыт, жеткен жетістіктеріміз негізінде алға жылжу арқылы орнатылатын берекелі қоғам – мықты мемлекет, дамыған экономикасымен және жалпыға ортақ еңбекпен айшықталуы, яғни ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының көпірі болуға тиіс.

Жолдаудың басты ерекшелігі ғаламдық ауқымдағы өзекті мәселелер аясындағы жаңа ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне болжам жасаумен қатар тұжырымдарын ашық жариялауы – Қазақ еліндегі ядролық сынақты тоқтатудан кейінгі әлем қаперінде болуға тиісті дүниежүзілік деңгейдегі ауқымды мәселелерге жұрттың назарын тағы да аударған бірлік пен бейбіт қарым-қатынасқа шақырған үн ретінде қабылданды.

Тарихи көштің жеделдеген уақытында объек­тивті себептермен жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар барлығын да жасырған жоқ, ендігі міндет, осы теңгерімсіздікті жойып, барлық әлеуметтік жіктерге қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беру керектігін, олар өмірде өзінің лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиіс екендігін атап өтті және еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және ғаламдық жаңа тұрақсыздық қаупіне қарсы шаралар жасау кезек күттірмейтін мәселеге айналуда.

Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – аталынып өткен сын-қатерлерді қоғамда дүниетанымдық серпіліс жасай отырып, алға қойылған жос-парлар міндеттерін сапалық тұрғыда өзгерте, лайықты қабылдау көзделеді. Халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдау да болашақтың ісі екендігі нақтыланады.

Тарихи жағдайлардың құбылмалы үдерістерін ескере отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы айқын-міндет және нақты жоспар-жобалармен қамтылған.

Елбасы Қазақстанның бірегей ел ретінде де қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтыратын, біріне-бірі нәр беретін құндылық екенін естен шығармау ел келешегі үшін маңыздылығын айшықтады. Елбасы көпұлтты сипаты бар, біртұтас ел ретінде қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор – тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат жалғасын табатындығын атап өткен. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ халқы үшін Елбасының: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген үні тарихи мән алатынына еш шүбә келтірмес едім. Расында да халықаралық сарапшылардың өзі Жолдау жарияланғаннан кейінгі берген сұхбаттарында Қазақ басшысы, Қазақ мемлекеті, Қазақ тілі ұғымдарын пайдалана отырып, тұжырымдарға келісіп қана қоймай, оның орындалатынына сенім білдіріп жатты және ана тілімен қатар шетел тілдерін белсенді меңгеру үшін жағдай жасап отырған көреген басшының көсемдігін, жобалардың өміршеңдігі туралы толғаныстарын жасырған жоқ.

Әсіресе, болашақ прогрессивті идеалдар қоғамына жетелейтін көзқарастар негізін жасаушы интеллигенцияның рухани дамудағы негізгі рөлі және олардың ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы бүкілқазақстандық бірегейлік, жаңа тарихтың жаңа қаһармандарын көрсету және жалпыұлттық құндылықтар жасау жолында алдыңғы саптағы күш ретінде жауапкершіліктері артады. Себебі «Мәңгілік Ел» мұратына жету ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының көрінісі арқылы жүзеге асатындықтан да Ұлт көшбасшысының халықтың үш буынына үн қатуы кешегі тарих қойнауындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырды. Елбасы тарих қатпарынан белгілі бір атаның ұлдары бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, «Мәңгілік Елге» даңғыл жол ашылатынын, Жаңа Стратегияны жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелетінін, бабалар өсиетіне адал, іс-қимылда ірілік көрсету қажеттігін тұжырымдай келе, бейбітшілік, тұрақтылық және гүлдену арқылы ғана XXI ғасыр Қазақстанның «алтын ғасырына» айнала алатындығы туралы пайымын ел-жұртына жеткізіп қойған жоқ, оған сенімді де. Ендеше алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңғыртуларды жүзеге асыруда ауызбіршілік, адалдық, біліктілік қана тиімділік әкелері сөзсіз. Ал, Қазақ еліне қатысты, Стратегияны қазақтардың ұйысуына байланыс-ты 50-ші жылдан бері жылжытуға да болады.

Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
Мемлекет тарихы институтының
жетекші ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 7 =