«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Маңғытаев мәнері

0 422

«Астана» концерт залында көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мыңжасар Маңғытаевтың шығармашылығына арналған «Қазақстаным менің» кеші өтті. Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің XXII концерттік маусымының жабылуы аясында өткен концертте композитордың туындылары шырқалды.

Мыңжасар Маңғытаев «Отырар» операсын, «Қозы мен Баян» балетін, симфониялық және хорға арналған поэмаларды, ораторияларды, бірнеше күйді, көркем және деректі фильмдерге, спектакльдерге арналған музыка жазды. Ал оның ән-романстары үш жүзден асып жығылады.
Осы кеште композитордың күрделі туындылары орындалмаса да, әндері мен күйлері шарықтады. Ол Нұрсұлтан Әлімқұлов пен Нұтфолла Шәкенов, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Исраил Сапарбай сынды ақындармен шығармашылық байланыста болды.


Ал алғашқы әндерінің бірі – «Сағыныш». Айтжан Байғожаев сөзін жазған бұл әннің алғашқы орындаушысы, композитормен жеті жыл консерваторияда бірге оқыған күміс көмей, жез таңдай әнші, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов. Нұрғали аға бұл кешке арнайы қатысып, осы туындымен қатар композитор өзіне аманаттап кеткен «Майтөбе – таудың төресі» (сөзін жазған Нәзікен Алпамысқызы) әнін тамылжыта шырқады.


Сонымен бірге концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзира Бөкейхан, Бибігүл Жанұзақ, Қайыржан Бердібай, Мәдениет саласының үздіктері Арайлым Рахым, Күнсұлу Тұрлыбекова, Нұрай Танабаев, Мәдениет қайраткері Естай Мұқашев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Алтынбек Әбілда, Шахризада Тыныштық өнер көрсетті.


Кеш соңында Мыңжасар Маңғытаевтың жары Светлана Рамазанқызы концертті ұйымдастырушыларға, барлық өнерпаздарға, көрермендерге алғысын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды