Маңғыстау мектебінің мұрасы

0 33

Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, мәдениет саласының үздігі Жұмабек Қадырқұловтың онлайн лекция-концерті Маңғыстау күйшілік мектебі туралы болды.Осы мектептің бастауы Есір Ай­шуақұлында тұр. «Есір атамыз өз ісіне берік адам болған. Бұл күйлерінен де көрініп тұрады. Есірдің күйлерін Арал Тағаниязұлы деген күйші алып қалып, өзінің шәкірті Шамғұлға үйреткен. Әрі қарай Алым Жаңбыршин, Сержан Шәкіратов, Руза Айдарбаева арқылы Есір мұрасы осы күнге жетті» деді Ж.Қадырқұлов.
Күйші «Жалдығара» күйінің тарихын тарқата келе, бұл философиялық мәні бар күй екенін, Маңғыстаудың тауы мен тасы, шатқалдары бейне бір дыбысқа айналып, осы күйден көрінетіндей әсер беретінін айтты. Осы күймен қатар Есірдің тағы бір туындысы «Терісқақпай» күйін тартты. Есбай Балұстаұлының, Құлшар Ерназарұлының, Қартбай Қалқаманұлының, Мұрат Өскенбаевтың мұраларына тоқталды.
– Маңғыстау күйшілік мектебінің қыр-сырын Мұрат Өскенбаевтың мұрасынан аңғаруға болады. Мұрат атамыз жан-жақты күй шығарған. Әкесі Өскенбай дүниеден озғаннан кейін Түрікменстан аймағына кетіп, біраз уақыт театрда жұмыс істеген. 1953-1954 жылдары Алматыға барып, «Қазақконцертке» қызметке орналасты. Манарбек Ержановтың үгіт-насихат тобында жүріп, Маңғыстауға дейін келген екен. Мұрат Өскенбаевтың өнеріне өз кезінде Ахмет Жұбанов жоғары баға берген. Ахмет атамыз Мұрат күйшіні Дина Нұрпейісованың үйіне ертіп апарып та, әженің алдында күй тартқызған, – деді Ж.Қадырқұлов.
Күйші концертін Жолды Қосайұлының «Қайда бұқтың? Сайға бұқтым» күйімен аяқтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − nine =